1 мамыр. Тұлғалар туған күн

күнтізбе
Фото: ҚазАқпарат

Бүгін, 1 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

62 жыл бұрын(1962) - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, әдебиетші ғалым, белгілі журналист және публицист, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Жұмаханұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Календарь
Фото: akorda.kz

Қызылорда облысында туған. ҚазМУ-дың журналистика факультетін, қазіргі ҚазҰУ), Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін бітірген.

Филология ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолы: 1986-1994 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде тілші, аға тілші, аудармашы, бөлім меңгерушісі, 1994-1996 жылдары ҚазҰУ-да аға оқытушы, 1998-2000 жылдары доцент, аға ғылыми қызметкер, профессор, Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры, Қызылорда қалалық әкімінің орынбасары, 2000-2003 жылдары Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 2001-2002 жылдары «Қайнар» университетінің профессоры, 2003-2006 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінде департамент директоры, 2006-2009 жылдары «Астана хабары» газеті бас редакторының 1-орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры болды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары; 2010 жылдан Тіл комитетінің төрағасы, ҚР Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі болды. 2013 жылы қаңтардан ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқарды.2019 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

Б.Бұлқышев атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, БАҚ саласындағы Президент грантының иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

«Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы (генезис, типология, поэтика)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын, қазақ әдебиетіндегі зар заман, ежелгі әдебиет мәселелерін зерттеді. 70-тен астам ғылыми жарияланым мен 6 кітаптың авторы.

60 жыл бұрын (1964) «Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» КЕАҚ ректоры – басқарма төрағасы Жанбол Октябрұлы ЖЫЛБАЕВ дүниеге келді.

Календарь
Фото: ppu.edu.kz

Қарағанды облысында туған. 1988 жылы Қарағанды педагогикалық институтын, 1995 жылы ҚР Еңбек министрлігі Қарағанды оқу орталығында (біліктілікті арттыру институты), 1999 жылы Д. Қонаев атындағы гуманитарлық университеттің Қарағанды филиалын «заңгер» мамандығымен бітірген.

Еңбек жолын 1988 жылы алғашқы әскери дайындық басшысы болып бастаған. Кейін Қарағанды қаласындағы №88 орта мектептің директоры болған. Көп жылдар бойы аудандық, қалалық, облыстық білім бөлімдерінде еңбек етіп, басшылық қызметтер атқарған. 2012-2013 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болған. 2013-2016 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академияның президенті, 2013-2020 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академияның ректоры, басқарма төрағасы болды.

2020 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

59 жыл бұрын (1965) журналист, филология ғылымының докторы Амантай Жарылқасынұлы ШӘРІП дүниеге келді.

Календарь
Фото: facebook.com/ulttyq

Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін үздік бітірген (1988).

ҚазҰУ-да стажер-зерттеуші, ассистент, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, 1996-1997 жылдары Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін атқарған. 1997-2000 жылдары ҚазҰУ-дің докторантурасында оқыған. 2000-2004 жылдары Еуразия университетінде кафедра меңгерушісі, гуманитарлық институт директорының орынбасары, әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарған. 2004 жылдан «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Қызылорда облысы филиалының директоры қызметін атқарған. Еліміздің бірқатар жоғары оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеді. 2008-2012 жылдары «Астана ақшамы» газетінің директоры - бас редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры болды.

Өлеңдері мен әдеби-сын мақалалары республикалық баспасөзде 1979 жылдан бастап жарық көрген. Шығармалары «Қарлығаш», «Ұлы дала жырлары», т.б. жинақтары мен антологияларға енген. «Құбыла» атты жыр кітабы шықты. «Сұлтанбек Қожанұлы - әдебиетші», «Қайраткердің қаламгерлігі» зерттеу еңбектерінің, «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты ғылыми монографияның авторы. Филология ғылымдарының докторы. «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты.

56 жыл бұрын (1968) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Алексеевич КАРПЛЮК дүниеге келді.

Календарь
Фото: senate.parlam.kz

Қостанай қаласында туған. Ивановск химиялық технология институтын бітірген, мамандығы: химиялық инженер-технолог.

Еңбек жолы: 1996-1997 жылдары Қостанай облыстық индустрия және сауда басқармасының бас маманы, 1997-2008 жылдары Мемлекеттік департаменттердің басшысы қызметтерін атқарды. Қостанай облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің жетекшісі, 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрінің кеңесшісі, 2010-2014 жылдары ҚР Индустрия комитеті төрағасының орынбасары, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, 2014-2020 жылдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2020 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

50 жыл бұрын (1974) Қ.И. Сәтбаев атындағы Ұлттық ғылыми-зерттеу университетінің ректоры-басқарма төрағасы Мейрам Мұхаметрахымұлы БЕГЕНТАЕВ дүниеге келді.

Календарь
Фото: satbayev.university

Павлодар облысында туған. 1996 жылы Павлодар индустриалды институтын «Автомобильдер және трактор жасау» мамандығы бойынша үздік бітірді. 1999 жылы С. Торайғыров атындағы ПМУ-ды «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірді.

2010 жылы экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құрметті қызметкері болып танылды.Әр жылдары жауапты басшылық лауазымдар атқарды. 2004 жылы Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор, 2008 жылы Стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор болып тағайындалды. 2010 жылдың желтоқсанында Стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі бірінші проректор болып тағайындалды. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары міндетін атқарушы болып тағайындалды.Бірнеше рет Павлодар қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды, Павлодар қалалық мәслихатының әлеуметтік саясат жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болды. 2012 жылдан 2016 жылға дейін V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болды. 2019 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры.

Қазіргі қызметінде 2021 жылдың сәуірінен.

49 жыл бұрын (1975) Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы НҮСІПОВА дүниеге келді.

Календарь
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін экономика және менеджмент мамандығы бойынша, 2000 жылы ҚазМУ аспирантурасын, 2005 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолы: 1999-2001 жылдары ҚазМУ ассистенті, 2001-2002 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы, 2002-2003 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің жүйелі зерттеулер орталығы секторының меңгерушісі, 2003-2005 жылдары ҚР Қаржы министрінің кеңесшісі, 2004-2005 жылдары Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі ЕурАзЭҚ хатшылығы жанындағы ұйымдастыру-сараптама тобының кеңесшісі, 2005 жылы ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, Премьер-Министр кеңесшілері тобының жетекшісі, 2005-2006 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Жиынтық талдау бөлімінің меңгерушісі, 2006-2008 жылдары ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, 2008-2016 жылдары «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, 2016-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР ДСМ жауапты хатшысы, 2020-2022 жылдары Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарды.

2022 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

45 жыл бұрын (1979 жылы) Bilim Media Group электронды білім беру компаниясының негізін қалаушы және басшысы, қоғам қайраткері Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ дүниеге келді.

Календарь
Фото: wikipedia.org

Шығыс Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін - халықаралық қатынастар мамандығы бойынша (2001), Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын - іскерлік әкімшілік мастері мамандығы бойынша (2004), сондай-ақ, АҚШ-тағы Гарвард университетінің Халықаралық қатынастар орталығының Дж.Кеннеди атындағы басқару мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Ұлттық дебат орталығында координатор ретінде бастаған.

2002-2005 жылдары «Хабар» агенттігінің Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының редакторы, Ресей Федерациясы бойынша меншікті тілшісі, 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде екінші және бірінші хатшы, 2006-2008 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Маңғыстау облыстық филиалының директоры, 2008-2009 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі, 2010-2011 жылдары АҚШ-тағы Гарвард университетінде лингвистика департаментінің оқытушысы болып қызмет атқарған.

2011 жылдан бастап «Bilim Media Group» компаниясының директоры қызметін атқарды, «Wikibilim» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы. 2014 жылы желтоқсан мен 2016 жылы тамыз айына дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. «Ұлтық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры (2017 жылдан). 2018 жылы тамыз айынан бастап Nur Otan партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болып тағайындалды. Қазақ, орыс ағылшын және түрік тілдерін жетік меңгерген.

2011 жылы Уикипедия қорының жыл сайынғы халықаралық конференциясында қазақ тіліндегі Уикипедия қауымдастығын дамытуға және насихаттауға қосқан үлесі үшін Wikipedia әлемдік интернет-энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэльстің жеке сыйлығымен марапатталып, жыл Уикипедияшысы (Wikipedian of the Year) атағы берілді. Бұл сыйлық алғаш рет табыс етілген болатын.

Соңғы жаңалықтар