1 мамыр. Жылнама

күнтізбе
Фото: ҚазАқпарат

Kazinform оқырман назарына 1мамырға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі

Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 100-ден астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды.

Дүниежүзілік махаббат күні

Түсіністік пен кешірімділікке ықпал ететін сөзсіз махаббат мерекесі ретінде ойластырылған, 2004 жылы америкалық The Love Foundation коммерциялық емес ұйымы атап өтуді бастады. Бұл ұйым 2000 жылы білім беру, зерттеу және қайырымдылық арқылы адамдарды сөзсіз сүюге шабыттандыру миссиясымен құрылған болатын.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1923 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі – мәдени-ағарту мекемесі құрылды. Мұражайдың алғашқы экспозициясы түрлі мекемелер сыйға тартқан жан-жануарлардың қаңқалары, қару-жарақ, сауыт-сайман, т.б. бұйымдардан құралды.1927 жылы мұражай өзінің алғашқы экспедициясын ұйымдастырып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәліметтер жинады.

1925 жылы Шымкент қаласында шығатын «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық саяси газетінің алғашқы саны жарық көрді.

1930 жылы Орталық Азия мен Сібір аралығын жалғастырған Түркістан-Сібір теміржолының ашылу салтанаты өтті. Бұл теміржол Семей қаласынан Алматы арқылы Жамбыл облысының Луговой бекетіне дейінгі аралықты жалғады. Ұзындығы 1452 шақырым. Теміржол құрылысы 1927 жылы басталып, 1931 жылы толығымен аяқталған. Құрылыс инженері Мұхамеджан Тынышбаев болды. Ең бірінші болып Э-1441 паровозы құрылыс заттарымен жүріп өтті.

1992 жылы Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Түркияның Премьер-Министрі Сүлеймен Демирел Бірлескен коммюникеге қол қойды. Ал Үкiмет басшылары Өзара жәрдемдесу және инвестицияларды қорғау туралы келiсiмге қол қойды. Екі жақтағы министрліктер мен мекемелердің жетекшілері автомобиль көлiгi, авиация қатынасы, мәдениет, радио және теледидар, кадр даярлау, орташа және шағын кәсiпорындар, банктiк және несие салаларын дамыту туралы, Қазақстанның батыс өңіріндегі мұнайды өңдеудегi түрiк фирмаларының жәрдемдесуi туралы, Ақтөбедегі газ электр станциялары ғимараттары туралы, Маңғыстаудағы мұнай өңдейтiн зауыттың құрылысы және қалпына келтiру жұмыстары туралы, Ақтау портын қалпына келтiру, Каспий теңізі арқылы Қара және Балтық теңіздеріне Қазақстанның жүктерін тасымалдау төңірегіндегі ынтымақтастық туралы келісімдерге және хаттамаларға қол қойылды.

2010 жылы Италиядағы Триест қаласының әскери зиратында Югославияның Халық-азаттық армиясының (ЮХАА) «орыс батальонының» 104 кеңес сарбазын еске алуға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті. Қаза тапқан жауынгерлерді іздестіру туралы бастаманы соғыс ардагері, қазақ жазушысы Қалмұқан Исабай көтерген. Ескерткіш Италиядағы Қазақстан елшілігінің жерлеу орындары мен қаза тапқан сарбаздардың аттарын іздеу бойынша 4 жылғы еңбегінің жемісі.

2014 жылы Силикон алқабында (АҚШ) өткен байқауда қазақстандық өнертапқыштар IPad және IPhone-ға арналған мобильді қосымшаны таныстырды. «life.beats» - адамдарға өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығына қамқорлық жасауға көмектеседі. Ол бұлтпен синхрондалған қауіпсіз қорғалған серверде қай уақытта дәрі ішкенін бақылап, сақтап отырады. Қазақстан кәсіпкерлерінің командасы алғаш рет HealthTech (денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды пайдалану) санатында іріктеуден өтті.

2015 жылы Алматыда 687 келі лағман пісіріліп, бұл көрсеткіш Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді. Әлемдегі ең үлкен «Достық» деп аталатын лағманды Ұйғыр мемлекеттік драма және комедия театрында 30 аспаз әзірледі.

2018 жылы Маңғыстауда күн энергиясымен жұмыс істейтін жаңа электр стансасы ашылды. Күн электр стансасы Мұнайлы ауданы Батыр ауылында 36,05 гектар жерге салынған.

2019 жылы Алматы қаласындағы Каспий университетінің студенттік командасы Age of business ойын түрін ойлап тапты. «Age of Business» («Бизнес дәуірі») - бизнес-процесс элементтерінен және қаржы, экономика, инвестиция жөніндегі викториналық сұрақтардан құралған үстел ойыны. Студенттер өз жобасын шындыққа айналдыру үшін Тұңғыш Президент қорының грантын жеңіп алды.

2019 жылы «Әміре» (Paris song) кинокартинасы АҚШ-тың Вирджиния штатында өткен халықаралық фестивальде (Richmond International Film Festival) бірден екі аталым бойынша жеңімпаз атанды. Ол «Үздік баяндаушы фильм» және «Үздік актер» аталымдарында жеңіске жетті. Атақты қазақ теноры Әміре Қашаубаевтың өмірінен сыр шертетін кинолентаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясы және «Darplay» компаниясы бірлесіп түсірген. Картинаның бас продюсері - Әлидар Өтемұратов, режиссері - Джефф Веспа (АҚШ), оператор - Максим Осадчий (Ресей), сценарист - Бенжамин А. ванн дер Вин (США), кеңесші - өнертанушы Жарқын Шәкәрім. Актерлік құрам: Эбби Корниш - Ли Эббот, Санжар Мәдиев - Әміре,Еркебұлан Дайыров - Мұстафа Шоқай, Бен Олдридж - Джордж Гершвин.

2023 жылы Қазақстан халқының бірлігі күні «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Бір шаңырақ астында» мерекелік шарасы өтті. Этномәдени бірлестіктер театрландырылған көріністер мен концерттік бағдарламалар ұсынды. Қонақтарға «Достық дастарханы» жайылып, 20-дан астам ұлттық тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ қазақ күресі, өзбек күресі, белбеу күресі, самбо, ушу, таэквондо, армрестлингтен спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар