1 маусым. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 1 маусымда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандар назарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1950) әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайрат Әукенұлы БАЙБОСЫНОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған. Алматы эстрада-цирк студиясын бітірген.
1969-1988 жылдары «Гүлдер» ансамблінің әншісі әрі Алматы эстрада-цирк студиясының оқытушысы, 1988-1999 жылдары Алматы консерваториясының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры болған. Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры. Ұмыт болған, сирек орындалатын әндерді халық арасына таратуда елеулі еңбек етті. Концерттік сапармен АҚШ, Жапония, Германия, Франция Испания, Италия, Бирма, Сингапур, т. б. елдерде болып, ұлттық өнерімізді шетел тыңдаушыларына танытты.
63 жыл бұрын (1962) Мәжіліс депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Салихұлы САБИЛЬЯНОВ дүниеге келді.

Семей облысы Аягөз ауданы Шыңқожа ауылында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірді.
Еңбек жолын 1979 жылғы шілде айында Аягөз ауданының «Нарын» кеңшарындағы «Орбита» комсомол-жастар бригадасында бастады. 1980-1982 жылдары Совет Армиясы қатарында қызметін өтеді. 1983 жылы «Нарын» кеңшарында құрылыс учаскесінің жұмысшысы болды. 1988-1990 жылдары Алматы электротехникалық зауытында экономист болып жұмыс істеді. 1990-2004 жылдары «Сарыарқа» акционерлік қоғамында («Сарыарқа-Алуан» ЖШС) бас бухгалтер, ал 1996 жылдан бастап қаржы жөніндегі вице президент-бас бухгалтер, басқарма мүшесі болды. 2004-2007 жылдары үшінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ШҚО (Аягөз, Жарма, Үржар аудандары) № 25 сайлау округі бойынша сайланды. 2007-2011 жылдары төртінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық тізімі бойынша сайланды. 2012-2016 жылдары бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық тізімі бойынша сайланды. 2016-2021 жылдары алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиялық тізімі бойынша сайланды. 2016-2021 жылдары ҚР Парламент Мәжілісі VI шақырылым депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, 2021-2022 жылдары «Сарыарқа-Алуан» ЖШС Басқарма мүшесі, 2021 жылғы қаңтардан — «Сарыарқа-Алуан» ЖШС Басқарма төрағасы, 2022 жылдың маусымынан ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурызынан атқарып келеді.
62 жыл бұрын (1963) Астана қаласы Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Латкенұлы АҚПОМБАЕВ дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. 1981 жылы Павлодар есеп-экономикалық техникумын ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік есеп мамандығы бухгалтер біліктілігі бойынша, 1987 жылы А. В. Хрулев атындағы Қызыл жұлдыз ордені атындағы Ярослав жоғары әскери қаржы училищесін әскерді валюталық-кассалық және несие-есептесу қамсыздандыру мамандығы экономист-қаржыгер біліктілігі бойынша, 2001 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы экономист біліктілігі бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1981 жылы Павлодар облысы Железинский ауданы Прииртышский ауылында бухгалтер ретінде бастаған. 1981-1983 жылдары мерзімді әскери қызметте болған. 1987-1990 жылдары Мембанк далалық мекемесінің касса бастығы (Германия, Дрезден қ.), 1990-1992 жылдары Мембанк далалық мекемесінің Батыс әскери тобының аға бухгалтері, бас бухгалтері (Германия, Гримма қ.), 1992-1993 жылдары РФ Орталық банкі далалық мекемесінің бас бухгалтер орынбасары — операциялық тобының бастығы (Байқоңыр қ.), 1993 жылы Павлодар қаласы Ильичевск аудандық әскери комиссариатының бөлімше бастығының көмекшісі, 1993-1998 жылдары Павлодар облыстық әскери комиссариатының қаржы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімшесінің бастығы, 1998-2014 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігі Экономика және қаржы департаментінің ұйымдастыру-жоспарлау, ақшалай жабдықталым, бухгалтерлік есеп және есептілік басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Экономика және қаржы департаментінің басшысы, ҚР Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған. 2014-2018 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болған. 2018-2019 жылдары Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарды.
2019 жылдың наурызынан бастап қазіргі қызметінде.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, еңбек сіңірген жылдары үшін 14 мерейтойлық медальмен марапатталған.
52 жыл бұрын (1973) Алматы қалалық сотының судьясы Талғат Қожанұлы БАРАТБЕКОВ дүниеге келді.

Шымкент (қазіргі Түркістан) облысында туған. 1998 жылы Талдықорған заң институтын бітірген, адвокат.
Еңбек жолы: 1992-1994 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының «Төлеби» шаруа қожалығының қызметкері, 1994-1995 жылдары ОҚО Төлеби халық сотының сот орындаушысы, 1995-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әділет басқармасының заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің жетекші маманы, бас маман, бөлім бастығы, 1997 жылы Соттардың жұмысын ұйымдастыру бөлімінің жетекші маманы және консультанты, 1997-1998 жылдары Әділет департаментінің жетекші маман кеңесшісі — Оңтүстік Қазақстан облысы атқарушылық қызмет департаментінің директоры, 1998-1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бастығы, 1999-2000 жылдары Алматы қаласы Әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бастығы қызметінде болды. 2000-2002 жылдары Алматы облысының Әділет басқармасының бастығы, бастық орынбасары, 2002-2005 жылдары Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы, 2005-2008 жылдары Шымкент қаласы Абай аудандық сотының төрағасы, 2008-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, 2009-2011 жылдары ҚР Бас прокуратурасы департамент бастығы, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары, 2011-2014 жылдары Астана қаласы прокурорының орынбасары, 2014-2015 жылдары Алматы облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, 2015-2017 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, 2017-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы, 2018-2020 жылдары Түркістан облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған.
2020 жылдың қазанынан бастап қазіргі қызметінде.
42 жыл бұрын (1983) Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Мұхтарұлы ДӘУЛЕНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында дүниеге келген. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған, құқықтану магистрі, құқық саласындағы доктор (PhD).
Еңбек жолын 2003 жылы бастаған. Әр жылдары заңгер ретінде жеке секторда жұмыс істеген. 2012 жылғы тамызда «Қазақ Гуманитарлық Заң университеті» АҚ Халықаралық құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі лауазымына тағайындалды. 2015-2018 жылдары М. С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің С. Зиманов атындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер Академиясының директоры — Басқарма Төрағасының орынбасары, 2018-2019 жылдары М.С. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ университетінің С. Зиманов атындағы құқықтық және экономикалық зерттеулер академиясының директоры, 2019-2021 жылдары ҚР Білім және Ғылым вице-министрі лауазымын атқарған
2024 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.
85 жыл бұрын (1940-2010) әдебиет зерттеушісі, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген техника және ғылым қайраткері Рымғали Нұрғалиұлы НҰРҒАЛИЕВ дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
1968-1986 жылдары осы университеттегі филология факультетінің доценті, профессоры, деканы қызметтерін атқарған. 1986-1997 жылдары Қазақ энциклопедиясының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Терминология, ономастика және мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болды. Оның басшылығымен «Қазақ КСР: Қысқаша энциклопедия», «Балалар энциклопедиясы», «Қарағанды», «Алматы», «Абай», «Ислам» энциклопедиялары шықты. Әдеби зерттеу еңбектері ұлттық драматургияның даму тенденциялары мен теориялық мәселелеріне арналған. Негізгі зерттеулері «Сабыр Шәріпов. Өмірі мен шығармашылығы» (Б. Кенжебаевпен бірге), «Трагедия табиғаты», «Талант тағдыры», «Күретамыр. Қазақ драматургиясының поэтикасы», «Өнер алды — қызыл тіл», «Қазақ драматургиясы», «М. Әуезов және Алаш». Оның «Дән», «Жартастағы қарағай», «Атшабыс ертең», «Оқ» прозалық жинақтары бар. Сондай-ақ Л. Толстойдың «Әзәзіл» повесін, Н. Ф. Погодиннің «Салтанат жырын» қазақ тіліне аударған. 300-ден астам жұмысы Франция, Түркия, Үндістан, Қытай және басқа да мемлекеттерде басылып шыққан.
«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.