1 маусымнан бастап Қазақстанда не өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Жаздың алғашқы айы қазақстандықтар үшін бірқатар маңызды жаңалықтармен басталмақ. 1 маусымнан бастап Қазақстанда зейнетақы жүйесі, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жастарды баспанамен қамту салаларында бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді.
Зейнетақы жинағын шешудің ережесі өзгереді
Қазақстанда зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегін анықтаудың жаңа тәртібі бекітілді. Жаңа ережеге сәйкес, бұл көрсеткішті есептеу кезінде жылдық табыстылық мөлшерлемесі 9% деңгейінде, ал ай сайынғы төлемдердің жыл сайынғы өсімі 8% көлемінде есепке алынады. Ең төменгі жеткілікті шек арнайы формула арқылы анықталады.
ПМДx0 = 12 × ПВx0 × äx0
● x0 – салымшының жасы;
● ПВ – ай сайынғы ең төменгі төлем мөлшері;
● ä – зейнет жасына жеткеннен кейін өмір бойы төленетін төлемдердің бүгінгі құнын есептеуге арналған коэффициент.
Жаңа құжат бойынша, жеткіліктілік шегі алдыңғы жылғы деңгейден төмен болмауы тиіс және ол инфляция деңгейінен 5 пайыздық тармаққа жоғары мөлшермен қайта есептеліп отырады. Жаңа қаулы ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң, яғни 4 маусымда күшіне енеді.
Жылжымайтын мүлік құжаттары толық онлайн форматқа көшеді
1 маусымнан бастап жылжымайтын мүлікке арналған техникалық паспорттар мен кадастрлық паспорттардың телнұсқалары тек онлайн форматта рәсімделеді. ХҚКО операторлары арқылы бұл құжаттарға өтінім қабылдау толығымен тоқтатылады.
Енді азаматтар eGov.kz порталы немесе eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы үйден шықпай-ақ өтінім беріп, төлем жасап, дайын құжатты жеке кабинетінен жүктеп ала алады. Цифрлық даму министрлігі бұл қадам ХҚКО-лардағы кезекті азайту үшін жасалғанын, ал онлайн қызметке мүмкіндігі жоқ азаматтар ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын пайдалана алатынын жеткізді.
Әскери міндеттілер жиынға шақырылады
Мамыр айында басталған әскери жиындар маусым айында да жалғасын табады. Қазан айына дейін созылатын бұл шақырту шарасы аясында еліміз бойынша 3 мыңға жуық әскери міндетті азамат жиналады деп жоспарланған.
Мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіру бойынша да қазіргі таңда ЭЦҚ беру, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру және автокөліктерді бастапқы тіркеу сияқты қызметтер де толық цифрландырылған.
«Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталады
Алматыда жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесін ұсынатын «Алматы жастары» бағдарламасына биыл 1-15 маусым аралығында өтінім қабылданады. Өтінімді kezekte.kz порталындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімінде орналасқан «Almaty Jastary» сервисі арқылы 1 маусым сағат 09:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін жолдауға болады. Жүйеге кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Бағдарлама аясында қатысушыларға мынандай мүмкіндіктер ұсынылады:
● Несие көлемі 20 миллион теңгеге дейін;
● Жылдық мөлшерлеме – 5%;
● Бастапқы жарна – 10%;
● Бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Жобаға Алматы қаласында тұратын 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
Негізгі талаптары: Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болу, кейінгі бес жылда үміткердің және оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің болмауы, сондай-ақ кемінде алты ай ресми жұмыс өтілі мен міндетті зейнетақы аударымдарының болуы шарт.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларының, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандарына, журналистерге, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет қызметкерлеріне арналған.
Ескі 2000 және 10 000 теңгелік банкноттардың айналым мерзімі аяқталады
Маусым айында ескі үлгідегі 2000 және 10 000 теңгелік банкноттардың параллель айналым мерзімі аяқталады:
● 2 000 теңгелік банкноттар – 24 маусымда;
● 10 000 теңгелік банкноттар – 27 маусымда айналымнан шығады.
Осы мерзімнен кейін ескі банкноттар төлем құралы болуын тоқтатады, бірақ оларды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» арқылы тағы 3 жыл бойы жаңа үлгіге айырбастауға болады.
Ұлттық банктің ақпаратына сәйкес, 1 000 теңгелік ескі банкноттар 2027 жылдың 27 наурызына дейін айналымда болады. Сондай-ақ 2025 жылдың төртінші тоқсанында 500 теңгелік жаңа үлгідегі банкнотты шығару жоспарланса, 20 000 теңгелік жаңа банкнот 2026 жылы айналымға енгізіледі.
Астана – Шымкент бағытында жаңа рейстер ашылады
12 маусымнан бастап Air Astana әуе компаниясы Астана – Шымкент және Шымкент – Астана бағыттары бойынша жаңа тұрақты рейстерді іске қосады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, рейстер аптасына үш рет – жұма, сенбі және жексенбі күндері орындалады.
Астанада электр жарығының тарифі өзгеруі мүмкін
«Астана аймақтық электржелілік компаниясы» биылғы 5 маусымнан бастап электр қуатының орташа тарифін 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін өсіруді ұсынып отыр. Компания басшылығының мәлімдеуінше, бұған электр энергиясын сатып алу, тасымалдау құнының қымбаттауы және ұлттық желілердің қызмет ақысының өсуі себеп болған.
Жазда Қазақстанда қосымша пойыздар мен әуе рейстері іске қосылады
Жазғы маусымда жолаушылар сұранысын өтеу үшін Көлік министрлігі туристік бағыттар бойынша қатынасты кеңейтеді. 16 маусымнан бастап Астана, Алматы, Қарағанды секілді ірі қалалардан Достық пен Балқаш шипажайларына қатынайтын 15 қосымша пойыз маршруты іске қосылады.
Бұл жазда тағы 550 мың қосымша орын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ вагондар саны көбейеді. Пойыздардағы вагон саны орта есеппен 19-21-ге дейін ұлғаяды.
Жаңабағыт: 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш бағытында жаңа пойыз қатынайды.
Әуе тасымалы бойынша да Балқаш, Үржар және Үшарал бағыттарына аптасына 7 рейске дейін қосымша ұшақтар қойылады.
Ең маңыздысы – бұл бағыттардағы билет бағасы әлеуметтік тұрғыдан қолжетімді болады және 16 мыңнан 20 мың теңгеге дейін сақталады. Үкімет ішкі туристік маршруттарды субсидиялауға 6,4 млрд теңге бөлген.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы маусым айында елімізде қосымша демалыс күндері болмайды, себебі бұл айда мемлекеттік мерекелер қарастырылмаған.