«1 минутта» қалай атыңды шығаруға болады - вайнермен сұхбат

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Вайн» деген не? Жейтін тамақ па?» деп сұрапты баяғыда бір үлкен кісі. Десе дегендей, вайн, вайнер, ютубер, пранк қатарлы қазіргі жастардың «диалект» сөздерін аға буын да, орта жастағылар да түсіне бермеуі мүмкін. Соңғы жылдары жаһанданудың әсері Қазақстанда бір топ «вайнерлердің» буынын қалыптастырып үлгерді. Қазіргі жастардың қалжың негізіндегі ғаламторға таралған «вайн» атаулы шағын роликтері миллиондаған қаралым жинайды.
None
None

Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Алматыда зор танымалдыққа ие «Jokeasses» командасының белді мүшесі Бексұлтан Қазыбекті сөзге тартты. Ең қызығы, вайнерлер командасы - айына айлық шағатын әрі салық төлейтін бірлігі бекем «шағын кәсіпорын» екен.

«Вайн» дегенді қысқаша айтқанда - шағын видеоролик. 2012 жылы ағылшынның «Vine» деген алты секундтық видео түсіруге мүмкіндік беретін мобильдік қосымшасы шығып, кейін бұл ұғым жер жаһанға тарап кеткен екен. Әзілі жарасқан жастар (немесе вайнерлер) бүгінгі күні қолындағы ұялы телефонымен-ақ вайндарды кез келген жерде түсіре береді. Шағын роликтердің тек қана жеңіл әзіл аясында топтаспай, ел ішіндегі өзекті мәселелерді келеке ететіні бар. Алшысынан түскен мұндай вайндарды әлеуметтік желіде көптеп кездестіруге болады.

Алматыда миллиондаған жазылушының сүйікті тобына айналған «Jokeasses» командасы осы вайн өнерімен 3 жылдан бері айналысып келеді. Топтың белді мүшесі Бексұлтан Қазыбектің айтуынша, команда алғаш KIMEP университетінің іргесінде КВН командасы ретінде құрылған.

null 

- Ассалаумағалейкүм Бексұлтан! Алғашқы сұрақ - командаларыңыз қалай және қашан құрылды?     

- Армысыз! Студент кезімізде, 2015 жылдан бастап достарымызбен бірге 15 секундтық шағын видео түсіре бастадық. Ол кезде вайндардың алғаш рет таныла бастаған кезі еді. Сол тұстан-ақ университеттегі достарымыз бізді қатты қолдай бастады. Инстаграм желісінде ең алғашқы мыңыншы жазылушымыз сол университеттің студенттерінен жиналған еді. Содан кейін Алматы қаласының ішінде танымалдығымыз артып, адамдар бізді көшеде танитын дәрежеге жеттік. Біздің 1 минуттық қана қалжыңдарымыз, ирониямыз адамдарға ұнаған секілді. Әлеуметтік желілерде жазылушыларымыз көбейе бастады.

- Әлеуметтік желінің қандай түрінде жұмыс жүргізесіздер? Қазіргі таңда жазылушыларыңыз қанша?

- Бүгінгі күні Инстаграмда 742 мың, Ютуб каналымызда 208 мың жазылушымыз бар. Бүкіл ТМД елдерінен көрермендеріміз, жазылушыларымыз жетерлік. Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Якутиядан жазылушыларымыз жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Біз кейде қазақша роликтерді де жазамыз. Мысалға, «Қазақстандықтар қазақша сөйлей ме?» деген пранк жасадық. Сол видео көпшілікке танымал болып, тіпті жаңалықтардан да көрсетілді. 

Қазіргі уақытта командамызда 10 адам жұмыс істейді. Актерлардан Бексұлтан Қазыбек (мен), Жандос Тұңғышбаев, Ахмат, Мөлдір Маржанова, Селина Сайлаубекова, сонымен бірге, операторлардан Влад Медведенко, Арсений Рахманов, Темірлан деген жігіттер бізге түсірілім жағынан көмек көрсетеді. Әлбетте, монтаж жасау кезінде бірге отырамыз. Кейде монтаждау жұмысына бір түніміз кетеді.

- Ютуб каналдарыңыздағы алғашқы миллион көрілім жинаған видеоларыңыз қандай?

- Ютуб каналымызда миллион қаралымы бар видеомыз жақында ғана танымалдыққа ие болған «Зың зың» әні. Ол «Зың зың» әніне түсірілген қалжың видео еді. Арада көп уақыт өтпей, әннің толық нұсқасын клип мазмұнда жасап шығардық. Ол видео 1 аптаның ішінде 2,5 млн көрілім жинады. Әлбетте, сол әннің толық нұсқасы жеке рекордымыз болып тіркеліп отыр. Бірақ, ол шыны керек, Қазақстанда жиі бола бермейді. Қазақстандық контентте 1 аптаның ішінде дәл осындай көп қаралым жинайтын видео сирек кездеседі.

- Сонда сіздердің шағын бірлестіктеріңіз жеке кәсіптік меншік ретінде тіркелген бе?

- Иә. «Jokeasses» жеке кәсіпкер ретінде менің атыма тіркелген. Салық төлейміз. Бәрі дұрыс. Белгілі бір дәрежеде шағын кәсіпорынбыз деп айтуға болады. Айналымымыз да, шығындарымыз да бар дегендей. Бұл айда айтарлықтай шығынымыз көп болды. Өйткені, реквизит, қосымша камера алдық. Видеоның сапасы жоғары болғанын қалаймыз. Шынында біз командамен бірге өсіп жатырмыз. Өмірдің бұл да бір мектебі секілді. Бәрін де үйренеміз. Видео түсіру, адамдармен бизнес серіктес ретінде сөйлесу, істің ретін білу... Шынын айтсақ, «Зың зыңнан» кейін уақытымыз болмай кетті. Күнде видео түсіру, сұхбат беру... Оған қоса басқа да жобаларымыз бар.

- Команданың негізгі табыс көзі қайдан түседі?

- Әлбетте, түсім тек жарнамадан түседі. Оған қоса біз кейде продакшн ретінде компанияларға жарнама түсіреміз. Көптеген компаниялардан өтінім келеді.

Как вам такое Love Story?😂 Попробуй написать слово "Love" по буквам в комментах (так, чтобы никто тебе не помешал) @k_beksultan @ahmad__helmi @matzhanova_ #jokeasses #vine

Публикация от @jokeasses Мар 2 2017 в 5:52 PST

- Жалпы «Jokeasses» секілді басқа да командалар бар ғой... Олармен қалай бірлесе жұмыс атқарасыздар?

- Мысалы, Жека деген досымыз бар. Оның инстаграмында бір миллион жазылушы бар. Ол бізден жұмысын кейінірек бастады. Бірақ, айтарлықтай танымалдыққа ие болды. Ендігі кезекте оған көмектескеніміздің жемісін көріп жатырмыз. Яғни, бір миллион тіркелушісі бар оның парақшасына біздің бір видеомыз жарияланса, бізге осы арқылы керемет жарнама жасап береді. Юфрейн де солай. Мәселен, олар да бізден кейін бастағанымен бүгінгі таңда 3 миллион тіркелушісі бар. Вайнер Рәтбекпен де жақсы доспыз.

null 

- Жазылушыларыңыз күннен күнге көбейіп бара жатқан болар...

- Статистика бойынша күніне орта есеппен бір мың жазылушыдан қосылып келеді.

- Шетелдік әріптестеріңіз қандай пікір білдіріп жатыр?

- Бір досымыз АҚШ-қа барып, танымал вайнермен видео түсірді. Ол жақтағы әріптестеріміз біздің тілді түсінбесе де, мимикамызға, видеоны бере білуімізге ерекше баға беріп жатыр. Ресей астанасы Мәскеуде Паша Микс деген вайнермен де араласамыз. Оның да Ютуб пен Инстаграмында бірнеше миллион жазылушы бар. Дубайда кездесіп, тәжірибе алмастық. Біздің видеоларға жоғары бағасын беріп, араласып кеттік. Мәскеуге барғанда да онымен кездесіп, тәжірибе алмасып тұрамыз.

- Ендігі кезекте қандай жоспарды көздеп отырсыздар?

- Қазіргі уақытта Ютубқа көптеп жазылушы жинасақ дейміз.

- Байқасақ, вайндардың көбі орыс тілінде түсірілген. Қазақ тілінде сөйлету қолдарыңыздан келетінін ескерсек...

- Команда құрамында қазақша да, орысша да сөйлейміз. Қазақша вайндар да жақсы өтеді. Бірақ, бірыңғай қазақ тілінде кетсек, «жабылып» қаламыз. Бізді ТМД елдері қарамай қояды. ТМД-ға шыға алмай қаламыз. Бұл нарықпен санасу. Мәселен, Хаха шоу деген вайнерлік команда бар. Жақсы келе жатыр. Бірақ, белгілі бір деңгейді бағындырды да, ары қарай даму оларға оңайға түспей тұр. Өйткені, Инстаграмдарында адам аз. Жалпы Қазақстанда 18 миллион халық бар десек, соның 2 миллионға жетер-жетпесі инстаграмда отыратын шығар. Екі миллионнан кейін ары қарай өсе алмайсың.

null 

- Қандай әлеуметтік желі Сіздердің табыстарыңызды қамтамасыз ете алады?

- Бізге Инстаграм ақша әкеледі. «Ютубер» деген термин Қазақстанға енді ғана еніп жатыр. Вайнер дегенді екі-үш жыл бұрын «Ол не? Жейтін нәрсе ме?» деп сұрайтын еді (күледі). Қазір біле бастады. Мысалы 2-3 жылдан кейін Ютубер дегеннің де не екенін білетін шығар. Ютубтың бір ыңғайлысы - қалай түсіремін десе де адамдар өзі біледі. Инстаграмда бар-жоғы әзіліңді минутқа сыйғызуың керек. Ал Ютубта мұндай шектеу жоқ. Содан кейін Ютубта көптеген әдістерді қолдануға болады. Өте ыңғайлы.

- Құпия болмаса, табыстарыңыз қандай?

- Әр айда әр түрлі. Себебі, қай айда қандай жарнама түседі, соған байланысты табысымызды ажыратамыз.

- «Зың зың» әніне вайн түсіру қалай ойларыңызға келді?

- «Зың зың» әнін кездейсоқ естіп қалдым. Қарындасымның ұялы телефонын қарап отырып, аяқ астынан «Зың зың» әнін тыңдадым. Содан кейін балаларға бірден бұл әннің «вирусты» болатынын айттым. Сол күні-ақ 40 минуттың ішінде видеоны түсіріп тастадық. Шыны керек, қатты дайындығымыз да жоқ еді. Ойда ештеңе жоқ. Ертеңінде қарасақ, видеомыз «жарыпты»! Бірнеше күннің ішінде миллион көрілім жинап кетті. Бәрі де «жалғасын жазыңдар» деп қолқа сала бастады. Ақыры әннің толық нұсқасын клип етіп шығарып, мәтінін жазып салып жібердік. Толық нұсқа ары кетсе 500 мың көрілім жинайды деп болжағанбыз. Ақыры миллионға үш күнде жетті.

Қазір көрермендер «Бұлар енді не шығарады екен» деп күтіп отыр. «Зың зың» арқылы біздің команданың жұмысы бір сәттік қана емес екенін дәлелдегіміз келеді. Қарапайым видео жасасақ көрерменді жоғалтуымыз мүмкін. Сол үшін барымызды саламыз.

- Әңгімеңізге рахмет. 

Соңғы жаңалықтар