1 млн теңгеден көп алсаңыз кәсіпкер деп танылуыңыз мүмкін: Нені білу керек?
АСТАНА. KAZINFORM — Жаз бастала сала Қаржы министрлігі мобильді аударымдарды бақылауға байланысты өзгеріс енгізетінін айтқан еді. Бұл жаңалық біраз кәсіпкердің дегбірін қашырып, салық есебін шынайы тапсыруға мәжбүрлеген көрінеді.

Бұл туралы Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында хабарлады.
— Мобильді аударымдарды тексеру бойынша өлшемшарт — ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғадан 3 ай қатарынан мобильді аударым арқылы қаражат қабылдау. Ал қазір бұл өлшемшартқа тағы да өзгеріс енгізіп отырмыз. Енді ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғадан жалпы сомасы 1 млн-нан асатын қаражат қабылдаса ғана, ол адам біздің назарға ілігеді, — дейді Ерсайын Көптілеуұлы.
Маман не себепті 1 млн теңгеден астам аударым қабылдаған азаматтар назарға ілігетінін түсіндірді.
— Кәсіпкерлік кодекстің 35-бабында көрсетілгендей, егер азамат 1 жылдың ішінде ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен аспайтын табыс тапқан болса, ол өзін дара кәсіпкер ретінде тіркеуге міндетті емес. Ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері қазір 1 млн 20 мың теңге болады. Өлшемшартқа 1 млн теңге деп белгілеп отырғанымыз — осы себепті. Бұл өлшемшарт тексерілетін адамдардың санын азайтады. Мысалы, бір кісілер 100–500 тг аралығында 100 түрлі адамнан үш ай қатарынан қаражат қабылдауы мүмкін. Бірақ оның жинаған жалпы сомасы 1 млн теңгеден аспайды. Сондықтан бұл кірісті әкімшілендіруге келмейді. Біз ол адамды дара кәсіпкер ретінде тіркей алмаймыз, — дейді министрлік өкілі.
Десе де, той, қайырылымдылық сынды өзге мақсатта жасалған аударымдар салық есебіне алынбайды.
— Адамдар «3 ай қатарынан 100 адамнан аударым алсам болды, салық төлеуім керек» деп ойлайды. Бірақ азаматтардың басында әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Тура осындай іс-әрекеттер болып, бірақ онда ешқандай кәсіпкерлік нышан байқалмаса, бұл салықтандыруға жатпайды. Өлшемшарттан асқан кісілер туралы екінші деңгейлі банктер бізге ақпарат жібереді. Содан кейін біз ол кісіге хабарлама жібереміз. Ол хабарламаны алғаннан кейін 30 жұмыс күні беріледі. Егер кәсіпкер болса, осы аралықта салық есебін дұрыстап тапсырып, тиесілі салықты төлеуі керек. Ал бұл хабарламамен келіспесе, ақшаны қабылдаған азамат түсініктеме береді. Мысалы, сіз қандай да бір ем-дом шараларын қабылдау үшін қаржы жинасаңыз, салық органдарына тиісті құжаттарды көрсетесіз. Салық органдары да бұл мәселелерді ескереді, — дейді бас сарапшы.
Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының маманы бұл шараларды көлеңкелі экономикадан арылу мақсатында деп түсіндірді.
— Кәсіпкерлер мобильді аударымдарды қабылдау арқылы өздерінің шынайы табысын жасырады. Мобильді аударымдарды бақылауға алмаған кезде олар кәсіпкерлік банк есепшоттарына ақша аударғызбай, тек өзінің жеке шотына аудартты. Солай өзінің шынайы табысын жасырады. Әрине, мобильді аударым арқылы өзінің жеке шотына қабылдаған ақшасы салық есебінде көрсетілмейді. Салдарынан кәсіпкерлік мақсаттағы табыстарды бізден жасырып қалады. Осы шара басталғалы бері кәсіпкерлердің таза табысын көрсету деңгейі анағұрлым ұлғайды. Өзіңіз ойлаңызшы, мобильді аударым арқылы төлеу оңай ма? Әлде QR-код арқылы төлеу оңай ма? Екінші деңгейлі банктер бизнес-шотқа аудару үшін барлық жағдайды жасап қойды. Мобильді аударым арқылы ол кісінің нөмірін теріп отырғаннан, QR-мен төлеген әлдеқайда ыңғайлы, — дейді ол.
Айта кетейік, Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен күресу мақсатында биометриялық сәйкестендіру енгізуді жоспарлап отыр.