1 млн жеке кәсіпкер нақты есепті көрсетпей отыр – Қаржы министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Жеке кәсіпкерлердің арасында 1 млн-ға жуығы өздерінің айналымындағы қаражатты нақты көрсетпей отыр. Бұл туралы елордада жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған семинарда Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті. 

1 млн жеке кәсіпкер нақты есепті көрсетпей отыр – Қаржы министрлігі
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Оның айтуынша, үйдің жанындағы дүкендер де есеп-қисапты ашық жүргізбейтін жайттар кездесіп жатады.

— 2 млн жеке кәсіпкердің 44 пайызы декларациясында ешқандай айналымды көрсетпейді немесе декларация тапсырмайды. Бұл тұрғыда 1 млн-ға жуық жеке кәсіпкер тауар айналымын көрсетпей жатқанын айтып отырмыз. Барлық бизнес субъектінің арасында кәсіпкерлердің 20 пайызы жылына 1 млн теңгеден астам салық төлейді. Ал 80 пайызы салық төлемейді, — деді Ержан Біржанов.

Осы орайда вице-министр бұл саладағы аталған жағдайды бақылау-кассалық машиналары арқылы берілетін чектердің санынан байқауға болатынын айтты.

— Шағын бизнес пайдаланып жүрген бақылау-кассалық машиналарына қатысты тоқталғым келеді. 400 мыңнан астам бақылау-кассалық машинасынан чек берілмей жатыр, ал 260 мыңы күніне бір чек береді. Осы жағдай бізде салық бойынша негізгі талап орындалмай жатқанын байқатады. Атап айтқанда, тұтынушылар арқылы жобаларды жүзеге асырған кезде, яғни салық бойынша кэшбэк қарастырылған. Біз мұны 10 өңірде жүзеге асырдық, сол елді мекендерде тұтынушы кәсіпкерден чек талап етті. Осының әсерінен чек беру 1,5 есеге өсті. Шағын кәсіпорындар есеп-қисаптарында заңды түрде 0-ді көрсетеді. Мен айтқан осы 2 млн жеке кәсіпкерлік саласында жұмысшылар тіркелмеген, — деді Ержан Біржанов.

Айта кетейік, бүгін елордада жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған семинарда Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов ҚҚС-тан босатылатын нысандарға қатысты түсінік берді

Соңғы жаңалықтар