1 млрд теңгеге жуық қаражат жымқырылды: Astana English School директоры мен бас есепшісі ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті Астана қаласы әкімдігіне қарасты «№81 Astana English School халықаралық мектебі» КММ-нің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

қылмыскер ұсталды
Фото: Polisia.kz

Астана қаласы бойынша ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, бұрынғы директор мен бас бухгалтердің 900 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны анықталды.

Бұл соманың бір бөлігі – ата-аналардан дайындық сыныптарына оқыту және жазғы лагерьге қатысу үшін қолма-қол алынған ақша. Алайда бұл қаражат мекеме шоттарына түспей, ұрланған.

Сонымен қатар шамамен 16 млн теңге іс жүзінде ұйымда жұмыс істемейтін жалған қызметкерлер атына аударылған. Олардың қатарында күдіктілердің жалған түрде рәсімделген туыстары да бар.

Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табыстарға жалпы құны 382 млн теңге болатын мүлік сатып алған: коттедж, елордада екі пәтер және автокөлік.

Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Айта кетейік, ШҚО-да «жазаны жеңілдетемін» деп пара алған Антикор қызметкері ұсталды.

Соңғы жаңалықтар