1 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 1 наурыз  күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСІМДЕР

67 жыл бұрын (1959) Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Құлтайұлы ӘМІРЕЕВ дүниеге келді.

Бағдат Құлтайұлы ӘМІРЕЕВ
Фото: wikipedia

Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында туған. Душанбе мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін бітірген.

1981-1996 жылдары Йемен, Ливан мемлекеттерінде тілмаш, Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқытушысы, Сыртқы істер министрлігінің басқарма бастығы, Ирак мемлекетінде тілмаш қызметтерін атқарған. 1996-2002 жылдары ҚР Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Қатар, Бахрейн мемлекеттеріндегі, Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Сирия Араб Республикасындағы, Марокко Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы болған. ҚР Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болды. 2018-2021 жылдары Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы, 2021-2022 жылдары Түркітілдес елдері ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы қызметін атқарды.

2022 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

58 жыл бұрын (1968) Абай облысы әкімінің кеңесшісі Асхат Сайдахметұлы СМАИЛОВ дүниеге келді.

Асхат Сайдахметұлы СМАИЛОВ
Фото: Абай облысы әкімдігі

Семей облысында (қазіргі Абай облысы) туған. 1991 жылы Қарағанды ​​мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1991-1994 жылдары Ақсуат аудандық қаржы басқармасының кірістерді болжау және экономикалық талдау бөлімінің аға экономисі, 1994-1996 жылдары Ақсуат аудандық қаржы басқармасының салықтық болжау және экономикалық талдау бөлімінің бастығы, 1996-1997 жылдары Ақсуат аудандық қаржы бөлімінің бастығы, 1997-2002 жылдары Тарбағатай аудандық қаржы бөлімі бастығының орынбасары — бюджет бөлімінің бастығы, 2002-2005 жылдары Тарбағатай ауданы экономика бөлімінің бастығы, Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, 2005-2007 жылдары Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары, Тарбағатай аудандық қаржы бөлімінің басшысы, 2007-2009 жылдары Тарбағатай ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы, Көкжырын ауылдық округінің әкімі, 2009-2010 жылдары Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2010-2018 жылдары Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары, 2018-2020 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының әкімі, 2020-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі, 2022-2024 жылдары Абай облысы Ақсуат ауданының әкімі, 2024-2025 жылдары Абай облысы Қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарған.

2025 жылдың ақпан айынан бері қазіргі қызметінде.

54 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының бірінші орынбасары — Бас штаб бастығы Қайрат Михайлович АҚТАНОВ дүниеге келді.

Қайрат Михайлович АҚТАНОВ
Фото: kazpravda.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Суаткөл ауылында туған. 1997 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметнің әскери институтын, 2005 жылы Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық қорғаныс университетін, 2012 жылы РФ Қарулы Күштері Бас штабының әскери академиясын тәмамдаған.

1997-2013 жылдары Ішкі әскерлерде взвод командирінен құрама командиріне дейінгі түрлі лауазымдарда қызмет етті. 2014 жылы ҚР ІІМ Ішкі әскерлері «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, 2014-2017 жылдары ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы болды. 2019 жылы ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, 2020 жылы ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының кеңесшісі, 2020-2022 жылдары ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы Бас штаб бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, медальдармен марапатталған.

47 жыл бұрын (1979) Кассациялық соттар департаментінің басшысы Ержан Қайроллаұлы ҚОЖАХМЕТОВ дүниеге келді.

Ержан Қайроллаұлы ҚОЖАХМЕТОВ
Фото: Facebook желісінен

Алматы қаласында туған. 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «құқық» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2001-2006 жылдары Алматы қалалық сотының жетекші маманы, сот приставы, 2006-2007 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы хатшылығының бас сарапшысы, 2007-2009 жылдары Талдықорған қалалық сотының судьясы, 2009-2010 жылдары Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы, 2010-2011 жылдары Астана қаласының Соттар әкімшісі, 2011-2013 жылдары Астана қаласы Сотының кеңсе меңгерушісі, 2013-2014 жылдары Алматы қалалық сотының кеңсе меңгерушісінің орынбасары, 2016-2019 жылдары «Құқық және қорғау» ЖШС бас заңгері, 2019-2020 жылдары Алматы қаласы бойынша Соттар әкімшісі басшысының міндетін атқарушы, 2020-2023 жылдары Алматы қаласы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы, 2023-2025 жылдары ҚР Сот әкімшілігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы лауазымын атқарған.

2025 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

46 жыл бұрын (1980) Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Тілеубекұлы ЛАСТАЕВ дүниеге келді.

тағайындау
Фото: primeminister.kz

Шығыс Қазақстан облысында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын «Қазагроөнеркәсіп банкі» ААҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының маманы болып бастады. 2000-2002 жылдары «Нурбанк» ААҚ менеджері, 2002-2008 жылдары Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының өндіріс кәсіпорындарында басшы, 2008-2009 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік коммуникация кешенін дамыту департаменті, Автомобиль жолдары комитетінің басқарма бастығы, 2009-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары, 2014-2017 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары, 2017-2023 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы.

2023 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.

95 жыл бұрын (1931-1999) қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Өмірбек Арысланұлы ЖОЛДАСБЕКОВ дүниеге келген.

Өмірбек Арысланұлы ЖОЛДАСБЕКОВ
Фото: wikipedia.org

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

1954-1958 жылдары Қазақ химия-технология институтының оқытушысы, аға оқытушысы, механика факультетінің деканы болған. 1958-1962 жылдары Мәскеу тоқыма институтының аспиранты, ассистенті. 1962-1970 жылдары Қазақ политехника институтының (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, деканы, проректоры. 1970-1986 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) ректоры қызметін атқарды. Қазақ мемлекеттік университеті қалашығының салынуына ұйытқы болып, көптеген жаңа кафедралардың ашылуына басшылық жасады. 1986-1988 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі. 1988-1994 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Механика және машинатану институты зертханасының меңгерушісі, директоры, құрметті директоры. 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ғылым, блім және жаңа технологиялар жөніндегі комитетінің төрағасы, 1995-1996 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.

1996 жылдан өмірінің соңына дейін Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ол 1991 жылы Халықаралық инженерлік академияның вице-президенті, 1993 жылы Ислам елдері инженерлік академиясының вице-президенті, 1997 жылы Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі болып сайланған. ҚР Инженерлік академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды. Ол жазық рычагты жоғарғы класты механизмдер кинематикасы, кинетостатикасы, серпінді буынды механизмдер динамикасы салаларында ғылыми зерттеулер жүргізіп, жазық және кеңістіктік жоғарғы класты механизмдер мен манипуляциялауыш құрылғылардың графиктік-аналитикалық және аналитикалық теориясын негіздеді. Соның нәтижесінде оның басшылығымен әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ жаңа жүк көтергіш, жүк тиегіш-түсіргіш, грейдерлік, жүк қармауыш және манипуляциялауыш құрылғылар жасалып, өндіріске енгізілді. Ол қазақ ғалымдары арасында бірінші болып қазақ тілінде машинатанудың терминологиялық сөздігін жасап, машиналар мен механизмдер теориясы туралы оқулықтар жазды.

Аталған ғылым салалары бойынша ғалымның 400-ден аса ғылыми еңбектері, 12 монографиясы жарық көрген. 30-дан аса оқулықтары мен оқу құралдарының, 126 авторлық куәлік пен шетелдік патенттердің авторы. Ленин, 2 рет Еңбек Қызыл Ту ордендарымен, бірнеше медальмен, оның ішінде Халықаралық және ресейлік ғылыми-инженерлік бірлестіктердің Г. В. Шухов атындағы алтын медалімен, әл-Хорезми атындағы халықаралық фестивальдің алтын медалімен, Халықаралық инженерлік академияның күміс медалімен марапатталған. Өмірбек Жолдасбековтың есімі Механика және машинатану институтына, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығындағы Студенттер сарайына, университет мұражайына, сондай-ақ, Алматы және Шымкент қалаларындағы көшелерге берілген.

Соңғы жаңалықтар
Референдум