1 наурыз. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 1 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда Алғыс айту күні

2016 жылдың 14 қаңтарында 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні деп жарияланды. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанын ескерсек, Алғыс айту күнінің неліктен дәл осы күні тойланатынын түсінеміз. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын күн. Азаматтардың бір-біріне құрмет көрсетіп, алғыс айтатын мереке.

Дүниежүзілік мадақтау (комплимент айту) күні

Мерекені бекіту идеясы – қарапайым адамдардың бір күнді ерекше, жылы, мейірімге тола есте қаларлықтай етіп өткізуді қалауы. Мадақтау дегеніміз – кісі бойындағы әдемілікті, сұлулықты көре білу. Сол адамға жағымды мадақ айту. Айналаңдағы жандардан мадақтау есту, әрине, көңіліңнің хошын келтіретіні сөзсіз.

Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні

1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының (ХАҚҰ) ІХ сессиясында Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күнін жыл сайын наурыздың 1-інде атап өту туралы шешім шығарылды. 1972 жылы дәл осы күні ХАҚҰ үкіметаралық ұйым мәртебесіне ие болған. Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні азаматтық қорғау мен қорғаныс ұлттық қызметтері атқаратын маңызды мақсаттарына қоғам назарын аудару үшін аталып өтеді.

Кемсітушілікке төзбеушілік күні

АИТВ ауру таралуын тоқтатып, ЖИТС эпидемиясын жеңу үшін, БҰҰ бірлескен бағдарламасы бастамасымен атап өтіледі. Мақсаты – аталмыш вирусты жұқтырған адамдарды кемсітуді болдырмау.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1972 жылы Қазақстандағы ең ірі көпсалалы университтердің бірі - Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті құрылды.

1993 жылы Алматыдағы Космонавтар көшесі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көше болып өзгерді.

1995 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен елімізде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ассамблея құрамы мемлекеттік органдардың, ұлттық-мәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен, сонымен қатар қоғамдық-саяси белсенді тұлғалардан тұрады. Ассамблеяның 350 мүшесі бар. Жалпы Қазақстанда 130-ға жуық этнос мекендейді.

1995 жылы Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке «Алтын Жұлдыз» бен «Халық Қаhарманы» атағы берілді. Осындай наградаларды сондай-ақ Т.Мұсабаев пен Ю.Маленченко алды, сонымен бірге оларға «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы берілді.

1999 жылы «Отан» Республикалық партиясы құрылды. 2006 жылғы желтоқсанның 22-сіндегі кезектен тыс X съезінде бірнеше партияның бірігуімен «Отан» партиясы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына айналды. 2013 жылдың 18 қазанында атауы «Nur Otan» партиясы болып өзгерді. 2022 жылы «Amanat» партиясы болып өзгерді.

2005 жылы Корея Шетелдік зерттеулер университетінде (Корея Республикасы) алғаш рет қазақ тілі бөлімшесі ашылды.

2010 жылы Астанада Мемлекет тарихы институты жанынан докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес ашылды. Бұдан былай елордада тарих саласы бойынша докторлық диссертацияларды екі мамандық бойынша - отандық тарих (Қазақстан Республикасының тарихы) және тарих жылнамасы, дереккөзтану және тарихи зерттеулер әдістемесі мамандықтары бойынша қорғауға болады.

2010 жылы Варшавада поляк дипломаты және қоғам қайраткері, Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы бұрынғы елшісі (2003-2006), «Менің Қазақстаным» поляк үкіметтік емес ұйымының Басқарма Төрағасы Владыслав Соколовский негізін қалаған «Қазақ киіз үйі» жаңа ұйымы өз жұмысын бастады. «Қазақ киіз үйі» ұйымының қызметі Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар мен іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған.

2012 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментімен бірлесіп, БҰҰ Алматы халықаралық моделін өткізді. Бұл жаһандық студенттер жобасына түрлі елдерден келген 100-ден астам студент қатысты.

2013 жылы ҚР Ұлттық банкі қазақ композиторы, дирижер, педагог және қоғам қайраткері Мұқан Төлебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған 50 теңгелік ескерткіш монета шығарды.

2016 жылы Қазақстан жолдардағы апаттық жағдайлар орын алғанда жедел қызметтерді шақыруға бағытталған спутниктік «ЭВАК» жүйесін енгізді.

2017 жылы Discovery Communications компаниясының бөлімшесі Discovery Networks CEEMEA Қазақстанның ұлттық операторы «Казтелерадио» АҚ әріптестік аясында бірлесе отырып Қазақстанда жаңа арна - Discovery Showcase HD ашты. Discovery Showcase HD Қазақстандағы аудиторияға өздерінің сүйікті шоуларын HD-форматында мемлекеттік тілде тамашалауға мүмкіндік ұсынған алғашқы шетелдік арна болды.

2018 жылы Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) 2018 жылды «Мағжан жылы» деп жариялады. Бұндай шешім ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай қабылданды.

2019 жылы археологтар Түркістандағы «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының аумағынан, Қарашық өзенінің оң жағалауынан балшықтан кірпіш күйдіруге арналған пешті тапты. Бұл шамамен XIV ғасырға тиесілі. Осы жерден түсті металдар балқытатын пеш орны да анықталды, ол антика дәуіріне тиесілі болып отыр. Археологтар кірпішті кептіретін орынды да аршыған.

2021 жылы Қазақстанда «Шын жүректен» әлеуметтік, волонтерлік жобасы іске қосылды: Jurekten.kz сайты арқылы еліміздің тұрғындары оған лайықты адамдарға «рахмет» айта алады. Ол үшін сайтқа кіріп, алғыс хат жіберу жеткілікті. Кез-келген адам жылы сөздердің адресаты бола алады: ата-ана, алғашқы мұғалім, дәрігер немесе бейтаныс адамдар.

2022 жылы Ақтөбеде корейлердің қазақ халқына алғысының белгісі ретінде екі әйел тұлғасы – қазақ әйелі мен корей әйелінің ескерткіші болып табылатын мүсіндік композиция ашылды.Қазақ келіншегі қазақтың қонақжайлылығының белгісі ретінде корей әйеліне бір тостаған қымыз беріп, мыңдаған кәрістердің жер аударылған қиын кезеңде аман қалуына көмектесті. Әйелдердің артында шаңырақ ұстаған ақ құстың стильдендірілген қанаттары – қазақтың шаңырағының символы. Композицияның жалпы биіктігі – 4,7 метр, ені – 4,5 метр.

2022 жылы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII съезінде партия атауын «Amanat» деп өзгерту туралы шешім қабылданды.«Біз ел бірлігін, халықтар тұтастығын, ұлттар арасындағы татулықты, келешек ұрпағымыз үшін еңбекқорлықты жаңғыртуға міндеттіміз. Бізге жерді, осы халықты аманат еткен бабаларға әрқашан адал болуымыз керек. Біз оны кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бұл біздің ата-баба парызымыз. Сондықтан еліміздің басты саяси ұйымының «Аmanat» деп аталуын мақсатқа сай деп санаймыз. Осыған байланысты бүгін съезде Мәжіліс фракциясының депутаттары партияның атын «Amanat» деп өзгертуді ұсынып отыр», - деді Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.

2023 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түрік Республикасының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Аднан Мендереске ескерткіш ашылды.

Түрік Республикасының премьер-министрі қызметін атқарған Аднан Мендерес түркі халықтарына ортақ тұлға. ХХ ғасырдың 50-жылдарында төрт жылға жуық уақытқа созылған қазақтарды Түркияға көшіру процесін басқарды. Сол жылдары Аднан Мендерес қазақ халқына қамқорлық танытып, Түркияның дамуына үлес қосып, қазақтардың Пәкістаннан Түркияға қоныс аударуына қолдау көрсетті.

2024 жылы Қазақстанның бүкіл аумағында ресми түрде UTC+5 бірыңғай уақыты орнатылды. Ел Үкіметінің қаулысымен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында сағат тілі бір сағат артқа ауыстырылды.

Бұрын Қазақстанның екі сағаттық белдеуі – UTC+5 және UTC+6 болған, бұл ретте оның аумағының көп бөлігі UTC+6 аймағында орналасқан.

Соңғы жаңалықтар