1 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Күлкі күні. Күлкі күнін тойлау Францияда бастау алғандығы айтылады. Ежелгі римдіктер «ақымақтар мерекесін» 17 ақпанда атап өткен. Ал Шығыс Үндістанда 31 наурыз күні «қалжыңдау салты» ежелден бар.
Әзіл-қалжыңға бір иығын беріп тұратын қазақта да бұл күнге байланысты әртүрлі қызық әңгімелер бар. Ерте көктемнің ала құйын мінезін қалжыңмен жуып-шайғысы келген халық бұл күні жақындарын «алдауға» барын салады.
Халықаралық құстар күні. Мерекенің шығу тарихы туралы нақты мәліметтер жоқ. Дегенмен, 1906 жылы 1 сәуір күні құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияға қол қойылғандығы айтылады. Конвенцияның негізгі қағидалары - жұмыртқа салу және жылы жаққа қайту мезгілдерінде құстардың барлық түрін қамқорлыққа алу, жоғалып кету қаупі бар құс түрлерін қорғау, құстарды аулаудың кейбір түрлеріне тыйым салу, құс өсіру және адамдарды табиғатты сақтауға сауаттандыру үшін қорықтар ашу.
Қазақстанда геолог күні - жыл сайын сәуірдің бірінші жексенбісінде аталып өтіледі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен белгіленген. Бұл күні сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Украина геологтары кәсіби мерекелерін атап өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1923 жылы «Ерік» деген атаумен қазіргі «Атырау» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғашында таралымы 500 дана болған. Қазіргі атымен 1990 жылдан бастап шығады.
1943 жылы Алматы қаласында «Орталық Республикалық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағаты» өз қызметін бастады.
Ережеге сәйкес, Орталық Республикалық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағаты ғылыми-зерттеу мекемесі болды және ол ҚазКСР ішкі істер халық комиссариатының мұрағаттық бөлімінің құзырында еді. Мұрағат құрамына республика аумағында пайда болған саяси, тарихи, мәдени маңызы бар кинофотоқұжаттар енгізілді.
1988 жылы КОКП ОК-нің, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және КСРО Министрлер кеңесінің қаулысы шықты. Онда Алматыдағы Л.Брежнев атындағы алаңның атауын Жаңа алаң деп өзгерту туралы айтылды.
1993 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» № 2069-XII Заңымен «Даңқ» ордені бекітілді. Орден тек қана күштік құрылымдар өкілдеріне ғана беріледі.
1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Министрлер кабинеті жанындағы Кеден комитеті құрылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әділет министрлігі туралы ереже бекітілді.
1999 жылы Парижде қазақ ақыны Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» атты эпикалық поэмасының тұсаукесері өтті.
2004 жылы Астанада «Астана-Думан» сатира және юмор орталығының тұсаукесер рәсімі өтті.
2005 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ресейдің Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығы ашылды.
2006 жылы «Қазақмыс» корпорациясының жаңа тау-кен кәсіпорны Құсмұрын кенішінде кен өндіру басталды. Ауыр руданың алғашқы жүздеген тоннасы Қарағайлы байыту фабрикасына жеткізілді. Құсмұрын кенішінің өндірістік қуаты жылына 1 миллион тонна кен өндіруге мүмкіндік береді.
2006 жылы Мәскеуде шығыс аңыздарының кейіпкері Қожанасырға ескерткіш орнатылды.
2007 жылы ел аумағында Қазақстан Республикасының «Ойын кәсіпкерлігі туралы» заңы күшіне еніп, соған сәйкес бұрын берілген лицензиялардың мерзімі аяқталып, ойын мекемелері енді тек ғана Қапшағай мен Бурабайда ашылатын болды.
2008 жылы Алматыда белгілі қылқалам шебері, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Суретшілер және Кинемотографистер одақтарының мүшесі Әбдірашит Сыдыханов туралы кітаптың тұсаукесері өтті.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген шығармада Әбдірашит Сыдыхановтың 100-ден астам туындылары бар. Жоба авторы - қылқалам шеберінің қызы Зәуреш Сыдыханова. Суретшінің жеке көрмелері Ресей, Польша, АҚШ, БАӘ, Франция, Швейцария, Канада, Германия және Түркия мемлекеттерінде, сондай-ақ еліміздің өнер мұражайларында өткізілген.
2009 жылы елордамыздағы Бейбітшілік және келісім сарайында шетелдік қонақтардың қатысуымен Халықаралық мәдениеттер және діндер орталығының таныстырылымы өтті.
Орталықтың басты міндеті халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жолға қою, төзімділіктің қазақстандық моделін насихаттау болмақ.
2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы болашақ опера және балет театрының іргетасына капсула қалады. Театр Сарайшық пен Тәуелсіздік көшелерінің және Тұран мен Қабанбай батыр даңғылдарының бойында орналасатын болады. Жобаны «IT Engineering S.А.» атты швейцарлық компаниясының филиалы құрастырған. Ғимараттың ауданы 37,7 мың шаршы метрді құрайды.
2009 жылы Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы өз жұмысын бастады. Орталықтың мақсаты - халықаралық ұйымдар арасында өзара әрекеттестік орнату және толеранттылықтың қазақстандық үлгісін насихаттау.
2011 жылы Жамбыл облысы Шу қаласында Шу локомотив жөндеу зауытында жинақталған алғашқы комбайн қолданысқа берілді.
2016 жылы орта салмақта IBF/IBO/WBA бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Қазақстанда өтетін World Expo 2017 көрмесінің ресми өкілі атанды.
1734 жылы Канадада тұңғыш маяк пайдалануға берілді.
1778 жылы ирландиялық Оливер Полок америкалық валютаның қазіргі белгісі $ таңбасын ең бірінші ұсынды. 8 жыл өткеннен кейін доллар Америка Құрама Штаттарының ұлттық валютасы болып жарияланды.
1976 жылы Стив Джобс пен Стив Возняк Apple Computer, Inc фирмасын ресми түрде тіркеді. Қазіргі уақытта Apple - әлемдегі ең ірі компьютерлер, телефон, аудиоплеерлер мен бағдарламалық қамтама өндірушілердің бірі. Нарықтық капитализация бойынша әлемдік көшбасшыға айналды.
ЕСІМДЕР
98 жыл бұрын (1920-1943) Кеңес Одағының Батыры БАЙМАҒАМБЕТОВ Сұлтан Біржанұлы дүниеге келді.
Ол Александр Матросовтың ерлігін қайталады, қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры (1944) атағы берілді. Ленинград майданы 67-армияның, 43 атқыштар дивизиясының 147-атқыштар полкының пулеметшілер бөлімшесінің командирі болды. Қостанай облысының тумасы.
93 жыл бұрын (1925-1998) композитор, дирижер, дәулескер домбырашы, КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы ТІЛЕНДИЕВ Нұрғиса Атабайұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Іле ауданында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория), Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1952-1961 жылдары - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері. 1960-1964 жылдары - Қазақтың халық аспаптар оркестрінің бас дирижері. 1968-1981 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы. 1981 жылдан «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.
«Алтын таулар» операсының (Қ.Қожамияровпен бірге), «Достық жолымен» балетінің (Л.Степановпен бірге), «Ортеке» балет-поэмасының, «Менің Қазақстаным» кантатасының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты кіріспелердің, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды.
Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
79 жыл бұрын (1939) жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты САЛҒАРАҰЛЫ Қойшығара дүниеге келді.
Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Ауыл өмірі» газетінің редакторы, Қазақ радиосының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі, Қостанай облыстық телерадио комитетінің редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, аға тілшісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Әдебиет және өнер институтының кіші, аға ғылыми қызметкері болған. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің хатшысы. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің консультанты. 2001 жылдан бастап Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғылыми қызметкері болып істейді. Ол 1997 жылы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметін атқарған. Ғалым Қытайда болған жылдары қазақ халқының тарихына қатысты қытай деректерін аударып, «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «Түріктер. Жыужандар», «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» атты кітаптар жазған. 2001 жылдан бері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға ғылыми қызметкері болып істейді.
Медальдармен марапатталған.
80 жыл бұрын (1939-2014) жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қостанай, Торғай қалаларының құрметті азаматы СӘРСЕКЕЕВ Қоғабай дүниеге келді.
Қостанай облысының Амангелді ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Ұлан», «Егемен Қазақстан» газеттерінің әдеби қызметкері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, «Кітап жаршысы» газетінің редакторы болған. 1986 жылдан «Жалын» баспасының бас редакторы, Республикалық «Қазақкітап» бірлестігінің бас редакторы, Республикалық кітап таратушылар қауымдастығының президенті, «Сақ» акционерлік қоғамының президенті қызметтерін атқарған. «Қазақ» газетінің бас редакторы болған. Қаламгердің «Кілт», «Қараша қаздар» атты повестер мен әңгімелер жинағы, «Қызыл алау», «Заманақыр» романдары жарық көрген. «Қол мерген», «Ыбырай Алтынсарин», «Мұңлық-Зарлық», «Фатима», «Сарбаздар», т.б. пьесалары республикалық театрларда қойылған. 1999 жылы «Жол үстіндегі әңгіме», «Ұлы ұстаз немесе Алаштың Ахметі - Ахмет Байтұрсынов жайлы ой түйін», «Портреттер» деп аталатын әңгіме-эсселері мен екі томдық таңдамалы жинағы басылған.
69 жыл бұрын (1949) «Қазақстан құс өсірушілер одағы» Заңды және жеке тұлғалар бірлестігінің президенті ШӘРІПОВ Руслан Исмаилұлы дүниеге келді.
Алматы облысында дүниеге келген. 1972 жылы Семей зоотехника-ветеринарлық институтын «ветеринария» мамандығы бойынша тәмамдаған.
1972-1976 жылдары бұрынғы Талдықорған облысы Панфилов ауданы Киров ұжымшарында мал дәрігері, 1976-1979 жылдары Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Алексеев құс фабрикасында бас мал дәрігер, директордың өндіріс бойынша орынбасары, 1979-1985 жылдары Алматы облысы Жамбыл ауданы «Степная» құс фабрикасының бас мал дәрігері, директордың өндіріс бойынша орынбасары, 1985-1995 жылдары Торғай облысы Есіл құс фабрикасының директоры, 1995-2003 жылдары Алматы облысындағы Алексеев құс фабрикасының, «Вент» АҚ, «Сеймар» АҚ, «Когер ЛТД» ЖШС директоры. 2003-2009 жылдары Алматы облысы «Алматы құс фабрикасы» ЖШС директоры болған.
Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бері.
58 жыл бұрын (1960) Парламент мәжілісінің VI шақыртуының депутаты ЖАМАЛОВ Аманжан Мәкәрімұлы дүниеге келді.
Ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты (1998), профессор (2001). 1977 жылы Орал қаласындағы 2-орта мектепті, 1983 жылы Мәскеу темір жол инженерлері институтын, 1998 жылы Мәскеу Тауар өткізу және қызмет көрсету салалары мемлекеттік академиясының аспирантурасын бітірген. 1983 жылы еңбек жолын Батыс Қазақстан темір жолының Орал локомотив депосында бастап, депо бастығының орынбасарына (1990) дейінгі кәсіби-қызмет жолынан өткен. 1990-92 жылы Орал облысының комсомол комитетінде, кейін әртүрлі шаруашылықтық-коммерциялық құрылымда қызмет атқарған. Қазіргі кезде Еуразия халықаралық менеджмент және тілдер институтында сабақ береді. Оның ғылыми еңбектері қаржы саласын басқаруды жетілдіріп, банк ісін үйымдастыруды жақсарту мәселелеріне арналған.
2007 жылдан бері - ҚР Парламенті Мәжілісі 4-ші шақырылымының депутаты («Нұр Отан» ХДП партиялықтізімі бойынша сайланған), Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл (2006), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен (2005) марапатталған. Әскери атағы - майор
35 жыл бұрын (1983) Қостанай облысы әкімінің орынбасары СПАНОВ Ерлан Махмұтұлы дүниеге келді.
Ол Қостанай облысы Наурызым ауданының Қарамеңді ауылында туған.
2004 жылы М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы «Инновациялық-консультациялық орталық» қоғамдық бірлестігінде кіші ғылыми қызметкер ретінде бастаған. М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде экономика кафедрасының оқытушысы, 2004-2009 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында жетекші, бас маман, 2009-2012 жылдары бөлім бастығы, 2012-2014 жылдары басқарма бастығының орынбасары, 2014-2018 жылдары басқарма басшысы болды.
Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың қаңтарынан.
209 жыл бұрын (1809-1852) ұлы орыс жазушысы, драматуг, сыншы ГОГОЛЬ Николай Васильевич дүниеге келді.
Ресейдің Полтава губерниясында туған. Нежин жоғары ғылымдар гимназиясын бітірген. 1834-1836 жылдары Санкт-Петербор университетінің жалпы тарих кафедрасында, «Современник» журналында қызмет атқарды. Гоголь жас кезінен-ақ әдебиет пен кескіндеме өнеріне ынта қойып, актерлікпен де айналысты. 1829 жылы В.Алов деген бүркеншік атпен «Ганц Кюхельгартен» идиллиясын жариялады. Гоголь есімін көпшілікке кеңінен танытқан «Диканка маңындағы хутор кештері», «Миргород», «Арабески», «Тарас Бульба» шығармалары болды. Қоғамдағы «кішкентай адамның» қорлыққа толы өмірі «Шинель» повесінде психологиялық тұрғыдан терең ашылған. 1836 жылы Санкт-Петербор театрында қойылған Гогольдің «Ревизор» комедиясы қоғамдық өмірдегі елеулі оқиғаға айналды. Ол сондай-ақ «Өлі жандар» поэмасын, «Үйлену», «Ойыншылар» атты комедияларды, сондай-ақ басқа да драмалық шығармалар жазды. Жазушының діни-адамгершілік ұстанымын баяндайтын «Достарымен жазысқан хаттардың таңдаулы тұстары» деп аталатын кітабы В.Белинскийдің сынына ұшырады. Гогольдің драмалық шығармалары ХХ ғасырдың басында қазақ тіліне аударылып, ұлттық театрымыз сахнасында сан мәрте қойылды. Жазушының қазақ тілінде «Шығармаларының» 6 томдығы, «Таңдамалыларының» 2 томдығы жарық көрді.
84 жыл бұрын (1934) кеңестік және ресейлік тележурналист, тележүргізуші, Ресей телевизия академиясының бірінші президенті Владимир ПОЗНЕР дүниеге келді.