1 сәуірден бастап «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ақпараттық түсіндіру науқаны басталады

деп хабарлады ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі.
Аталған бағдарлама аясында жұртшылыққа арналып қоғамдық дәрістер оқылады және Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарындағы еңбек ұжымдарында таныстыру жұмыстары жүргізіледі.
Түсіндіру науқаны 2013 жылдың 30 қыркүйегіне дейін созылады деп жоспарлануда. Осы мақсатта бүкіл Қазақстан бойынша 240 дәрісші мен 160 журналисті арнайы оқыту көзделген.
Арнайы даярланған дәрісшілер халық алдында дәріс оқып, таныстырулар жүргізу арқылы қазақстандықтарға «Халықтық ІРО» бағдарламасының барлық аспектілерін көрсетеді. Нарықтық қор жұмысының ерекшеліктері, инвестициялаудың тәуекелі неғұрлым төмен стратегиялары, сондай-ақ бағдарламаға қалай атсалысуға болатыны туралы айтылады.
Астанада дәрісшілерге арналған бірінші оқыту семинарлары мен журналистерге арналған тренингтер 2013 жылдың 1 сәуірінде «Халықтық ІРО» бағдарламасының ақпараттық түсіндіру науқаны аясында басталады.