1 сәуірден бастап баланы мектепке тіркеу үшін қандай құжат өткізу қажет

АСТАНА. KAZINFORM – 6 жасқа толып үлгермеген баланы мектептер қабылдай ма? Астанадағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиевке осындай сұрақ қойылды.

мектеп
Фото: ШҚО әкімдігі

«Мамандандырылған мектептерден басқа мектептердің бәрі 1 сыныпқа баратын балаларды ешқандай емтихансыз қабылдайды. Әр мектепте ата-аналарға көмек көрсететін 1 сыныпқа қабылдау комиссиялары құрылды. Ата-аналар құжаттардың «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы да, мектепке барып қағаз түрінде де тапсыра алады. 

Құжат тапсырған кезде ата-ананың баласын мектепке қабылдау туралы өтініші, медициналық анықтама, баланың профилактикалық екпелер картасы, денсаулық паспорты мен 3\4 суреті болу керек. Құжаттарды қағаз түрінде өткізсеңіз, ата-ананың немесе баланың заңды тұлғасының жеке куәлігі қажет болады», - деді Қасымхан Сенғазиев.

Баспасөз мәслихаты кезінде ата-аналар әлеуметтік желі арқылы басқарма басшысы атаған құжаттардың түпнұсқасы балабақшада 1 мамырға дейін сақталатынын айтып, түпнұсқаны ерте алу мәселесін шешуді сұрады.

«Балаңыз балабақшадан шыққанға дейін бүкіл құжаттардың түпнұсқасы сол балабақшада болады. Бізде құжаттарды мектепке құжат қабылдау сәуірден тамызға дейін. Егер қазір тапсырамын десеңіз, мектептер денсаулық паспорты, екпе куәліктері сияқты құжаттардың көшірмесін қабылдай береді. Бұл мектепке тіркелу құқығын береді. Балаңыз балабақшадан шыққан кезде немесе мектепке барған кезде түпнұсқаларды қосымша жеткізуге болады», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, ол ата-аналарға баланың құжатын мектепке өткізудің екі жол бар екенін қайталап еске салды, яғни мектепке өз аяғымен барып құжат өткізуден бөлек, қашықтан eGov электрондық үкімет арқылы цифрлық нұқсадағы құжаттарды өткізу мүмкіндігі бар.

Электронды тәсілмен құжат өткізген ата-анаға балабақшадан құжаттардың түпнұсқасын сұрап, көшірмесін алудың қажеті де болмайды.

Білім басқармасының мамандары құжатты екі тәсілмен өткізген кезде де мектеп әкімшілігі баланың білім ошағына қабылданғанын немесе кезек толып кеткенін бірден айтатынын түсіндірді. Құжатты түпнұсқамен немесе көшірмемен өткізу, электронды жолмен тапсыру мектептен орын алу ісінде ешкімге ешқандай артықшылық бермейді.

Соңғы жаңалықтар