1 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 1 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

1 шілде, ЖЕКСЕНБІ

Сәулетшілердің бүкілдүниежүзілік күні. Халықаралық сәулетшілер одағы кеңесінің бастамасымен 1986 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі.

Канада Республикасының Ұлттық мейрамы - Канада күні (1867). 1867 жылдың наурызында ағылшын парламенті қабылдаған акт, сол жылы шілденің 1-інде өз күшіне енді. Бұл акт бойынша Канада Ұлыбританияның өзін-өзі басқаратын доминионына айналды.   

Қазақстан мен Канада арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы сәуірдің 10-ында орнатылды. Канада Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Маргарет Скок.

Бурунди Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1962). Бурунди - Орталық Африкада орналасқан мемлекет. Мемлекеттік шекарасы Конго Демократиялық Республикасымен, Руандамен және Танзаниямен шектеседі. Астанасы - Бужумбура қаласы. Ресми тілі - француз және кирунди тілдері. Ақша бірлігі - бурунди франкі.

Руанда Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1962). Руанда - Орталық Африканың шығыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Угандамен, шығысында Танзаниямен, оңтүстігінде Бурундимен, батысында Конго Демократиялық Республикасымен шектеседі. Астанасы - Кига-ли қаласы. Ресми тілі - француз және киньяруанда тілдері. Ақша бірлігі - руанда франкі.

Сомали Демократиялық Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Сомали - Шығыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстік-батысында Джибутимен, оңтүстік-батысында Кениямен, батысында Эфиопиямен шектеседі. Астанасы - Могадиши қаласы. Мемлекеттік тілі - сомали және араб тілдері. Ақша бірлігі - сомали шиллингі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

45 жыл бұрын (1967) «Алматымәденитұрмысқұрылыс» ААҚ-ы құрылды. Аталмыш мекеме Алматы қаласында бірқатар құрлыс нысандарын салған. Олардың қатарында аэровокзал ғимараты, ҚР Мемлекеттік мұражайы, Үкімет үйі, Цирк ғимараты, Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайы, «Қазақстан», «Алматы» қонақ үйлері, Оқушылар сарайы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кешені, ҚР Ұлттық банкі ғимараты, ҚР Ғылым академиясы, Студенттер сарайы, «Медеу» сел бөгеті бар. Сонымен қатар Астана, Атырау қалаларындағы бірқатар ғимараттарды қайтадан қалпына келтірген.

44 жыл бұрын (1968) Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты құрылды. Кәсіпорынның негізгі міндеті - тұтынушыларды электр энергиясымен, отынмен, дистилятпен және сумен жабдықтау.  1973 жылғы шілденің 16-ынан комбинаттың натрийлі жылу жеткізгіші бар шапшаң нейтрондарға негізделген өнеркәсіптік атом реакторы жұмыс істей бастады.

19 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы мен Катар мемлекеті арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Біріккен коммюникеге қол қойылды.

19 жыл бұрын (1993) Тұрар Рысқұлов атындағы Республикалық қордың ашылу салтанаты өтті.

16 жыл бұрын (1996) Щучье қаласында ҚР Қарулы Күштері құрамына кіші командирлер кадрын дайындау мақсатында кадет корпусы ашылды. 2000 жылы осы оқу орнына қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлиханов есімі берілді.

14 жыл бұрын (1998) Алматы қаласының ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық ретіндегі ерекшеліктерін негізгі ала отырып, оның ерекше мәртебесін айқындаған құқықтық негіздерді қаржымен, экномикалық және әлеуметтік жағынан ынталандыру шараларын белгілеу арқылы оның бұдан былайғы даму кепілдіктерін белгілеген Қазақстан Республикасының «Алматы қаласының мәртебесі туралы» Заңы қабылданды.

7 жыл бұрын (2005) Қазақстан «Краков инициативасы» деген атпен белгілі жаппай қырып-жою қаруының таралуы саласындағы қауіпсіздік Бастамасына қосылды. Бұл бастаманың мақсаты - күдікті әуе және теңіз кемелерін, сонымен қатар жаппай қырып-жою қаруымен байланысты материалдарды тасымалдайтын құрлық көліктерін ұстау үрдісіне барлық мемлекеттерді жұмылдыру.

6 жыл бұрын (2006) Лондонда (Англия) Қазақстан мен Ұлыбритания үкіметтерінің қолдауымен әзірленген «Invest in Kazakhstan» мамандандырылған жоғары сапалы экономикалық басылымының (көлемі 250 беттен астам) таныстырылымы болды.

83 жыл бұрын (1929) Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

53 жыл бұрын (1959) Қазақстандағы тың игеру жұмысына алғашқы студенттік құрылыс отрядтары жіберілді.

48 жыл бұрын (1964) Солтүстік Қазақстан облысында Е.Бөкетов атындағы облыстық ғылыми-техникалық кітапхананың негізі қаланды.

23 жыл бұрын (1989) «Алматы ақшамы» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірін жазып көрсетеді.

18 жыл бұрын (1994) қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев бортинженер ретінде «Мир» ғарыш стансысына сапар шекті. Сапар 176 тәулікке созылды. Бұл Қазақстанның меншігіне айналған «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған екінші зымыран болатын.

18 жыл бұрын (1994) Алматы қаласында Райымбек батыр кесенесінің ашылу салтанаты өтті.

18 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті  Н.Ә.Назарбаевтың Еуразия мемлекеттері қауымдастығын құру жөніндегі ұсынысының жобасы БҰҰ-да Бас ассамблеясының құжаты ретінде таратылды.

153 жыл бұрын (1859) Лондонның Линнеев қоғамының хаттамасында алғаш рет Чарльз Дарвиннің табиғи сұрыпталу теориясының қысқаша мазмұны келесі бір ағылшындық натуралист Альфред Рассел Уоллестің соған ұқсас мақаласымен бірге жарық көрді.

33 жыл бұрын (1979) Sony фирмасы Walkman атты алғашқы таспалы стереоплеер жасап шығарғанын хабарлады.

13 жыл бұрын (1999) жапондық «Танита» компаниясы әлемде ең көп таралған «Фреш кисс» атты ауыз қуысы иісінің детекторын сатылымға шығарды.

77 жыл бұрын (1935) Қазақ КСР үкіметі «Колхоз-совхоз театрларын ұйымдастыру туралы» қаулы қабылдады.

15 жыл бұрын (1997) тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Алматыдағы Республика алаңында мектеп бітірушілердің түлектердің салтанатты кеші болып өтті. Алматының алты ауданынан жиналған оқушылар тәуелсіздік монументі алдында гүл шоқтарын қойып, аспанға ақ көгершіндер ұшырды. Осыдан кейін бұл шара жыл сайын өтетін болды.

7 жыл бұрын (2005) Қарағандыда, «Шалқыма» концерт залында Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Елшілігі Жеңістің 60-жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырған «Ортақ құндылықтарды қорғау» көрмесі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасы елшісінің орынбасары, елші-кеңесшісі Петр Ивашкевич қатысты.

Көрмеде Польшаның 80 жылдан астам уақыт бойы тәуелсіздік алуға күрескен елеулі оқиғалары көрсетілген. Жәдігерлердің арасында - агенттердің жедел хаттары, үкіметтің декларациялары, саясаткерлердің мәлімдемесі, фотосуреттер, суреттер, пошталық ашық хаттар ұсынылған. Жеке бір бөлімі КСРО-дағы Польша Әскері тарихының фотоқұжаттарынан тұрады.

3 жыл бұрын (2009) Қазақстанда Халықаралық дағдарысқа қарсы бағытталған есеп-тауарлық орталығы ашылды.

Бұл тауарлардың тізбегін алмастыру шарты бойынша таңдау және аңықтау бойынша компьютерлік жүйе. Резервтегi есептеу жүйесі отандық өнеркәсiптердің өнiмдерін өткiзуге кеңейтілген мүмкiндiк бередi. Автоматтандырылған компьютерлік жүйенің ақпаратандырылған өрісі кәсіпкерлерге шикізатты қайдан сатып алатынын және дайын өнімді қайда сататынына көмек көрсетеді.

Осындай орталық жүйесі Украина мен Ресейде ойдағыдай жұмыс iстейдi. Қызметтiң төлемі мәмiле iске асқаннан кейiн барып төленеді.

3 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекаралық қызметiнiң Бұрындайдағы ұшу базасы аумағында МТВ «Ми-8» тік ұшағының кешендi жаттығу құрылғысының таныстырылымы өттi.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы наурыздың 28-дегі «2006-2010 жылдардағы Қарулы күштердің және басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың мемлекеттiк даму бағдарламасын бекiту туралы» Жарлығына сәйкес Шекара қызметі «АВИА» Мемлекеттік емес бірлестігінен (Украина) жеткізілген МТВ «Ми-8» тік ұшағының кешендi жаттығу құрылғысымен әскерді қаруландырды.

Тік ұшақтың жаттығу құрылғысы жазғы уақытта әскери құрамның техникалық ұшуға лайық кішігірім оқу орны болып саналады. Ол авиатехника қорын және отынды үнемдеп ұстауға, құрамның бекітілген бағдарламасына сәйкес жаздық және инженерлік-техникалық жаттығуын өткізуге, басқа әуе кемелерінің ұшқыштарын кабинаның нақты интерьерiнде, аспаптардың нақты ортасында, штаттық панелдер және басқару құрылғыларын қолдануға мүмкіндік береді.

2 жыл бұрын (2010) Алматы облысындағы Іле ауданының Чапаев кентінде «Сарыбұлақ» компаниясы ЖШС-ның соя өңдейтін зауыты іске қосылды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа телекөпір кезінде таныстырылған инновациялық жобалардың бірі. Зауыт соямен қатар жүгері мен рапсты, күнбағыс тұқымын өңдейді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 75 мың тоннаға дейін өнім шығара алады. Жобаның құны - 825 млн. теңге. Кәсіпорынды салу және жарақтандыру өз қаражаттары есебінен жүргізілді. Мұнда 60 жұмыс орны ашылды, орташа еңбекақы - 50 мың теңге. Бүгінде кәсіпорын облыстың шаруа қожалықтарымен және Жамбыл облысы фермерлерімен өнім жеткізуге шарт жасасты, оларды тұқыммен, тыңайтқышпен және жанар-жағармайымен қамтамасыз етіп отырады.

ЕСІМДЕР

129 жыл бұрын (1883-1949) ақын, аудармашы, ағартушы, педагог ӨТЕТІЛЕУОВ Бекет дүниеге келді.

Қостанай облысы, Обаған ауданында туған. Екі класты орыс-қазақ мектебінде, кейіннен мұғалімдер даярлайтын курста оқыған. 1907 жылдан өмірінің соңына дейін ұстаздық қызметпен айналысқан. 1923-1925 жылдары Қостанайда Ы.Алтынсарин ашқан, кейін Қазкоммуна аталған мектепте меңгеруші, 1925-1929 жылдары округтік оқу комитетінің төрағасы, 1930-1949 жылдары орыс тілінің мұғалімі болды. Ө.Ыбырай салған ағартушылық жолды жалғастыра жүріп, аудармашылық, жазушылықпен де шұғылданды. «Дүние ісі ахиретке кетпес» атты тұңғыш кітабы 1912 жылы Қазанда жарық көрді. Онда ақынның екі дастаны бар. Бірі кітаптың атымен аталады, екіншісі - «Жанғыз сәуегей сипатында». Келесі кітабы «Жиған-терген» 1914 жылы Орынборда басылып шықты. Оған «Қазақтың надан байлары мен нашар көршілері және ғалымдық пен надандық», «Данышпан қазы», т.б. шығармаларымен қатар Хемницерден «Құмырсқа мен дән», Пушкиннен «Көктемнің келуі», Жуковскийден «Туған жер», Лермонтовтан «Үш бәйтерек», Крыловтан 15 мысал аудармалары енген. Осы кітаптардан кейін Өтетілеуов жазушылықты біржола қойып, педагогтік қызметпен айналысқан. Ғ.Мүсіреповтің «Автобиографиялық әңгімесінде» Өтетілеуовтің ұстаздық бейнесі суреттелген.

89 жыл бұрын (1923-2003) актриса, Қазақстанның халық артисі БЕКТАСОВА Жамал дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы театр студиясын бітірген. Алғаш театр сахнасына шығуы 1947 жылы Балалар мен жас өспірімдер театрының ашылуына байланысты қойылған А. Толстойдың «Алтын кілтіндегі» Мальвина рөлінен басталды. Осы жылдан бастап Бектасова аталған театр сахнасында жарты ғасырдан астам уақыт бойы өнер көрсетті. Ол сомдаған Күнбала (М. Ақынжановтың «Алтын сақасында»), Қорлан, Алтынай, Күлпаш, Айкен (Ш. Хұсайыновтың «Көктем желі». «Рәбиға», «Біздің Ғани» және «Есірткен еркесінде»), Әсия (Қ. Бекхожиннің «Егер жүрек шын берілсесінде»), Күлән, Әсия, Қатира (Қ. Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын», «Өзіме де сол керек» және «Бөлтірік бөрік астындасында»), Биғайша (Т. Ахтановтың «Күшік күйеуінде»), Дәмелі (Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысында», Ақбөпе (А. Сатаевтың «Ақбөпесінде»), Рахия (Б. Мұқайдың «Өмірзаясында»), Луиза (Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында»), Софья Игнатовна (А.Островскийдің «Адам аласы ішіндесінде»), т.б. рөлдер психологиялық тереңдігімен, шынайылығымен қазақ сахна өнерінің тарихында қалды. Сондай-ақ, Бектасова бірнеше кинофильмдерде ойнап, 250-ден астам фильмді дубляждауға қатысқан.

54 жыл бұрын (1958) ақын, «Жайық-Пресс» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары, «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Жалын» журналының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының лауреаты. Қ.Мырза Әли атындағы облыстық мүшәйраның бас жүлдегері. Қазақ радиосы ұйымдастырған «Қазақстаным - қара шаңырағым» республикалық байқауының екінші жүлдегері СЕЙТАҚ Ғайса-Ғали дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында туған. Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, облыстық «Орал өңірі» газетінің тілші, мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ақынның өлеңдері баспасөз бетінде 1987 жылдан бері жарияланып келеді. Оның «Маңдай», «Аман бол, атамекенім», «Нарынның нар ұлдары», «Ай-арудың алқасы» атты кітаптары жарық көрген. Бір топ жырлары «Қарлығаш» ұжымдық жинағына енген.

73 жыл бұрын (1939) Қазақстан Республикасының құрметті байланысшысы, генерал-майор ӘБДІРАХМАНОВ Алмасбек Сейітұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Ресейдің Рязан қаласындағы Әскери автомобиль училищесін, Тыл және көлік әскери академиясын бітірген. 1968-1977 жылдары Орта Азия әскери округінде қызметте болған. 1977-1980 жылдары - Алматы қаласы Әуезов ауданының әскери комиссары. 1980-1984 жылдары - Орал облысының әскери комиссары. 1984-1992 жылдары - Қазақстан әскери комиссарының орынбасары, Армияға, авиацияға және флотқа көмектесетін ерікті қоғамы Республикалық комитетінің төрағасы. 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бас штабы бастығының орынбасары - Ұйымдастыру-мобилизациялау басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1995 жылдан зейнет демалысында.

Ол Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін қалыптастыруда, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде үлкен еңбек сіңірді.

17 медальмен марапатталған. 

73 жыл бұрын (1939) Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты ҚАЙНАРБАЕВ Арыстан Сайлаубайұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеудің Жоғары көркем өнеркәсіп училищесін бітірген. 1967 жылдан Алматы мемлекеттік қала жобалау институтының бас сәулетшісі болды. Оның қатысуымен Қазақстанның Мемлекеттік циркі, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры, М.Әуезов ескерткіші жобасы жасалды. А.Қайнарбаев салуға қатысқан ғимараттар көлемінің ықшамдылығымен, осы заманғы үлгілерді орынды пайдалануымен ерекшеленеді.

68 жыл бұрын (1944) халық емшісі, тылсым дүниені зерттеуші парапсихолог-ғалым, «Экология» халықаралық академиясының, М.Нострадамус атындағы Проскопиялық ғылым халықаралық академиясының (Париж), Бүкіләлемдік дәстүрлі және халық емшілері академиясының (Мәскеу) академигі, Алматы облысы Райымбек ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының құрметті халық емшісі ҚОЖАЛЫМОВ Зиядан дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1969-1991 жылдары Нарынқол ауданында, Қазақ КСР Энергетика министрлігінде инженер-энергетик  мамандығы бойынша істеген. 1991 жылдан Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, әрі Республикалық ғылыми-тәжірибелік халық медицинасы орталығы бас директорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарады.

З.Қожалымовтың  халық емшілігі жөніндегі «Мәңгілік құпия шежіресі», «Шапағатты нұр ордасы», «Көк тәңірі жүр жебеп», «Адам - Құран шежіресі», «Ғарыш - табиғат» атты кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ «Халық емі», «Шипагерлік баян» атты арнаулы газеттер шығаруға  басшылық жасайды.

48 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Парламенті  Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ОСПАНОВ Серік Жәмекұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін бітірген. Шевченко қалалық комсомол комитетінің меңгерушісі, Ақтау қалалық партия комитеті әлеуметтік-экономикалық мәселелер комиссиясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1991-1992 жылдары - Ақтау қалалық атқару комитетінің аға маманы. 1992-1994 жылдары - Маңғыстау облыстық әкімдігі басшысының көмекшісі. 1994-1995 жылдары - Ақтау қалалық әкімдігі басшысының бірінші орынбасары. 1995-2004 жылдары - Ақтау қаласының әкімі. 1997-1999 жылдары - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары. 2004 жылдан  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

208 жыл бұрын (1804-1876) француз жазушысы Жорж Санд (шын аты-жөні - Аврора Дюпен) дүниеге келді.

Сандтың жаушы ретінде қалыптасуына 1830 жылғы шілде төңкерісі үлкен әсер етті. 1831 жылы жазушы Жюлем Сандомен бірігіп жазған «Роз және Бланш» романын жариялады. Оның Жорж Санд деген бүркеншік атпен жариялаған «Индиана» атты романы 1832 жылы жарық көрді. 1848 жылғы халық қозғалысы қарсаңында қаламгер «Дүниені айналып шығу саяхатына қатысқан жолдас», «Орас», «Антуан мырзаның күнәсі», т.б. романдарын жазды. Осы кезеңдегі публицистикаларында ол қарапайым халықтың ауыр тұрмысын көрсетті. 19 ғасырдың 40-шы жылдарында Жорж Санд Ресейде ең танымал жазушы саналды. Оның шығармаларын орыс жазушылары И.Тургенов, Н.Некрасов, Ф.Достоевский, сыншылар В.Белинский, Н.Чернышевский, А.Герцен құрметпен қарады.

 107 жыл бұрын (1905-1967) жазушы, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі ТҰРСЫНБАЕВ Бәдел дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей ауыл шаруашылық техникумын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген.

1926-1967 жылдары аралығында ауылдық кеңес хатшысы, мұғалім, Семей облыстық (Шығыс Қазақстан облысы) «Екпінді» газетінің қызметкері, мектеп директоры қызметтерін атқарған.

1942 жылы тұңғыш кітабы - «Базар батыр» поэмасы жарық көрді. «Бақытты балалық шақ», «Түлкі мен бақташы», «Қуыршақтар», «Не қымбат?», «Біздің ауылдың жігіті», «Мақтаншақ қызылша жайлы хикая», «Ауыл мұғалімі», «Айнымас достар» өлеңдер мен әңгімелер жинақтарының авторы. Шығармалары, көбінесе, балаларға арналған. Оның көптеген әңгімелері мектеп оқулықтарына енгізілген.

48 жыл бұрын (1964) Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары БЕЙДАЛЫ Махамбет Бейдалыұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің құқықтану факультетін, Аризона университетінің тілдер курсын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. 1987 жылдан - ҚазКСР прокуратурасы кеңсесінің аға инспекторы. 1989 жылдан - Алматы қаласы Октябрь аудандық атқару комитетінің аға инспекторы. 1991 жылдан Алматы қалалық әкімшілігі әкімі орынбасарының көмекшісі. 1992 жылдан - Алматы қаласындағы Әуезов, Бостандық және Түркісіб аудандары әкімдерінің орынбасары. 2002 жылдан - «ФИАЛ» мұнай-газ компаниясының бас директоры. 2005 жылдан - Алматы қаласы әділет департаментінің бастығы. 2006-2007 жылдары  - Алматы қаласындағы Түркісіб, Медеу аудандарының әкімі. 2010 жылдан «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 2012 жылдың наурызынан - қазіргі қызметінде.

101 жыл бұрын (1911-1953) заңгер-ғалым, Қазақстанда құқықтық білім беру мен заң ғылымын дамытуды алғашқы ұйымдастырушылардың бірі, заң ғылымының кандидаты, доцент КҮЛТЕЛЕЕВ Тайыр Молдағалиұлы дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Астрахан облысында туған. Астрахан медицина институты жанындағы жұмысшы факультетін, Саратов заң институтының және Ленинград заң институтының аспирантураларын бітірген. 1938-1940 жылдары Қазақстандағы тұңғыш заң оқу орны Алматы мемлекеттік заң институты Қылмыстық құқық кафедрасының доценті, директоры. Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің лекторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясы құқық секторының тұңғыш меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Ол «Қазақтың ғұрыптық құқығы жөніндегі материалдар» атты тұңғыш жинақтың жарыққа шығуына ұйытқы болды. Оның «Қазақтардың қылмыстық ғұрыптық құқығы» атты монографиясы революцияға дейінгі Қазақстандағы мемлекет пен құқық тарихының қызықты да көкейтесті мәселелерін зерделеген одақ көлеміндегі елеулі еңбек ретінде заңгер-ғалымдардың назарын аударды. Тайыр Күлтелеевтің ғылыми еңбектері күні бүгінге дейін өз құндылығын жойған жоқ.

86 жыл бұрын (1926-2005) саяси қоғам қайраткері СӘДУАҚАСОВ Темеш дүниеге келді.

Жезқазған қаласында туған. Қазақ кен-металлургия институтын, КОКП Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1949-1957 жылдары - Жезқазған кен-металлургия комбинатының ауысым бастығы, бас инженері, шахта бастығы. 1957-1960 жылдары - Жезқазған қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1958-1960 жылдары - Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. 1960-1962 жылдары - Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1962-1964 жылдары - Оңтүстік Қазақстан аймақтық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1964-1965 жылдары - Шымкент облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1965-1972 жылдары - Қазақстан компартиясы Орталық комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі. 1972-1976 жылдары - Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1976-1987 жылдары - Қазақ КСР Түрлі-түсті металлургия министрінің орынбасары, партия бюросының хатшысы. 1987 жылдан зейнет демалысына шығып, «Балқаш» демалыс үйінің директоры болып қызмет атқарған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 7, 9-шы шақырылымдарының депутаты болған.

Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.

56 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының халық әртісі, доцент, профессор, қобызшы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, Узеир Ғаджибеков атындағы республикааралық байқаудың лауреаты МОЛДАКӘРІМОВА Ғалия Әбіләкімқызы дүниеге келді.

Алматы облысының Қапшағай қаласында туған. Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. 1982-1990 жылдары - Алматы қаласы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жеке орындаушысы. 1980-1982 жылдары - «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық музыка аспаптары оркестрінде қобызшылар тобын басқарған. 1986 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясы «Қобыз-баян» кафедрасының ұстазы.

Ол 30-дан астам елдерге концерттік сапармен шыққан (Америка Құрама Штаты, Индия, Сирия, Ливан, Швеция, Швецария, Шри Ланка, Югославия, Чехословакия, Ангола, Йемен, Финляндия, Қытай Халық Республикасы). 1990 жылдары - америкалық дирижердің шақыруы бойынша алғаш рет Индиана Полис штатының Колумб қаласында (Америка Құрама Штаты) американың симфониялық оркестрімен Сыдық Мухамеджановтың концертін орындаған. Оның репертуарында күй мен халықтық әндер, Қазақстан композиторларының шығармалары, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Сыдық Мұхамеджанов, Хабидолла Тастанов, Еркеғали Рахмадиев, Әділ Бестібаевтардың танымал шығармаларын бейнелейді, скрипка класының шынайылығымен де ерекшеленеді, сол сияқты Қазақстанның қазіргі заманғы музыкасын насихаттайды. Шығармашылық әріптестік нәтижесіндегі композиторлар Сыдық Мұхамеджанов және Аслан Жақсылықов концерттері оның алғашқы орындаушысы Ғалия Молдакәрімоваға арналған. Орындаушылық шеберлігі жайлы Қазақстан Республикасының алтын қорына кірген біраз күйтабақтар, деректі телефильмдер, радио және теледидарда хабарлар шығарылған. республикалық және халықаралық байқауларда бірнеше рет қазылар алқасының мүшесі және төрағасы болған. Оның орындаушылық редакциялауындағы шығармалар мектеп оқушылары мен студенттердің педагогикалық және концерттік тәжірибиелерінде қолданылады. «Қобыз үйрену мектебі», «Қобыз әуендері», «Қобызға арналған шығармалар» атты кітаптардың авторы. Консерваторияда қызмет атқарған уақытта қобыз класынан бітірген 50 түлек жоғарғы оқу орындарында, республикалық оркестрлерде қызмет атқарып, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы болған.

Узеир Ғаджибеков шығармаларын өте жақсы орындағаны үшін дипломмен марапатталған.

 

 

Соңғы жаңалықтар