1-сыныптың оқу бағдарламасы жаңартылды: қандай нәтиже күтеміз

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында 1-сынып оқушыларының сауатын ашу бағытында енгізілген өзгерістер жөнінде мәлімдеді.

Астанада 1-сыныпқа құжат қабылдау басталды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

– Тілдік пәндердің мазмұны жаңартылды. Әліппеге дейінгі кезең 12 сағатқа дейін ұзартылып, «Әліппе» пәнін оқытуға 84 сағат бөлінді. «Ана тілі» пәні бірінші сыныптың екінші жартыжылдығынан бастап оқытылады. Сонымен қатар, қазақ тілінде білім алуды алғаш бастайтын балалар үшін арнайы тілдік бейімдеу бағдарламасы енгізіледі, – делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, бастауышта білім мазмұнын жаңартудың негізгі мақсаты – оқу материалының сабақтастығын қамтамасыз ету, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін күрделі тақырыптарды оңтайландыру, сондай-ақ оқу, жазу, математикалық және функционалдық сауаттылықтың берік негізін қалыптастыру.

– Аталған бағдарламамен қамту көрсеткішін 2026 жылы 50%-ға, 2027 жылы 80%-ға, ал 2028 жылы 100%-ға жеткізу жоспарланған. Жаңартылған оқу бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде математика және тілдік пәндер бойынша білім сапасын 2027 жылы 15%-ға, 2028 жылдың қорытындысы бойынша 35%-ға арттыру көзделіп отыр, – делінген ресми жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбылда мектеп табалдырығын жаңа аттаған 22 мың балақайға «Әліппе» табысталғанын жазғанбыз.