1 тамыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 1 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

54 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасының Хорватиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дәулет Қасекенұлы БАТЫРАШЕВ дүниеге келді.

Дәулет Қасекенұлы БАТЫРАШЕВ
Фото: Gov.kz

Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтын, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясын бітірген. Инженер-менеджер. Дипломаттық дәрежесі – ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті елші.

МАД «Невада-Семей» үйлестіру кеңесі хатшылығының аудармашы-референті, «Поршень-комплект» өндірістік-коммерциялық орталығы директорының сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі орынбасары, ҚР Президенті Аппараты халықаралық бөлімінің маманы, аға маманы, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Королдігіндегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің атташесі, ҚР Сыртқы істер министрі хатшылығының екінші, бірінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, ҚР Премьер-Министрінің көмекшісі, ҚР Сыртқы істер министрлігі аппаратының басшысы, Амстердам қаласындағы ҚР Бас Консулы, Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының уақытша сенімді өкілі, Сыртқы істер министрлігі ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Португалиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған.

2025 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

49 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Медеғалиұлы ЖАЗЫҚБАЕВ дүниеге келген.

Дархан Медеғалиұлы ЖАЗЫҚБАЕВ
Фото: Gov.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, ҚР ІІМ Қостанай заң институтын бітірген. Философия ғылымдарының кандидаты, заңгер.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы заң институтында, академиясында оқытушысы, Ішкі істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, ҚР ІІМ академиясы Кадрлар жұмысы бөлімінің бастығы, Парламенті Сенаты Аппараты Әкімшілік бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Кадр жұмысы және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің меңгерушісі; «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының кеңесшіс, ҚР Парламенті Сенаты Аппараты Басшысының орынбасары, ҚР Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып қызмет істеген.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қаңтарынан бастап атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

47 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Ерасылқызы ӘБІЛҚАСЫМОВА дүниеге келді.

Мәдина Ерасылқызы ӘБІЛҚАСЫМОВА
Фото: Gov.kz

«Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша Қазақ Мемлекеттік Басқару академиясының түлегі. 2002 жылы Колумбия университетін аяқтады. «Экономикалық саясатты басқару» мамандығы бойынша халықаралық қатынастар магистрі. Сонымен қатар, «Мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша Кеннеди атындағы Гарвард Мемлекеттік басқару мектебін аяқтады.

Еңбек жолы: 1999-2003 жылдары ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді. 2004-2006 жылдары «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ Мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры, 2006-2008 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2008-2011 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары, 2011-2013 эылдары ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі, 2013-2014 жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, 2014-2018 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі, 2018-2019 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, 2019 жылы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2019 жылдың желтоқсан айынан бері атқарып келеді.

43 жыл бұрын (1982) Қарағанды облысы әкімі аппаратаның басшысы Ерлан Сағындықұлы ҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Ерлан Сағындықұлы ҒАЛИЕВ
Фото: Gov.kz

Қарағандыда туған. 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын, 2006 жылы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2012 жылы Қазіргі заманғы гуманитарлық-техникалық институтты бітірген. Заңгер, құқық магистрі, экономика бакалавры.

Еңбек жолын 2004 жылы Қарағанды облысы Әділет департаментінің жетекші маманы болып бастады, сондай-ақ осы ведомствода бас маман, бөлім бастығы болып жұмыс істеді. 2008-2011 жылдары Теміртау қаласы Әділет басқармасы бастығының орынбасары, Қарағанды облысы Абай ауданы әділет басқармасы бастығының орынбасары болды.

Содан кейін Шахтинск қаласы әкімінің кеңесшісі, қала әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істеді. 2015-2023 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар бөлімін басқарды.

2023 жылғы ақпанда Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

132 жыл бұрын (1893-1966) музыка аспабын жасаушы шебер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның дәстүрлі көне музыка аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан тұңғыш органолог, Баян Өлгий аймағының құрметті азаматы Қамар ҚАСЫМОВ дүниеге келген.

Қамар ҚАСЫМОВ
Фото: adebiportal.kz

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. 20 ғасырдың 20-шы, 30-жылдарындағы мәдени бетбұрыстардың бел ортасында болып, көне қылқобызды, сал-серілердің тоғыз пернелі қара домбырасын, аңшылық пен саяткерліктің аясында ғана қолданылып келген дауылпаз бен шыңдауылды, бақташылардың сыбызғысын классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіріп, оркестрлік шығармаларға лайықтап жасаған. Қасымов жасаған ұлттық аспаптар әр түрлі деңгейде өткен халықаралық көрмелерге қойылған.

Республикамызда алғаш ашылған музыкалық аспап жасау шеберханаларының ісін жолға қойып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрі мен Жамбыл атындағы Қазақ филармониясының және Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының музыканттарын оркестрлік үлгіде жасалған музыкалық аспаптармен қамтамасыз еткен. Қасымов жасаған музыкалық аспаптар Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда сақтаулы. Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен және Моңғолия үкіметінің ең жоғарғы «Алтын гадс» орденімен марапатталған.

93 жыл бұрын (1932-2013) композитор, Қазақстанның Еңбек Ері, СССР халық әртісі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Еркеғали Рахмадиұлы РАХМАДИЕВ дүниеге келді.

Еркеғали Рахмадиұлы РАХМАДИЕВ
Фото: rakhmadiyev.kz

Семей облысының Шұбартау ауданындағы бұл күндері Мәдениет деп аталатын ауылында дүниеге келген. 1948 жылдың маусым айында концерттік ансамбльмен Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жылысбаев және баянда ойнайтын Константин Ошлаковтар ауылға келеді. Олардың ойында Балқаш маңындағы ауылдарға өнер көрсетумен қатар, П. Чайковский атындағы училищеге дарынды жасөспірімдерді таңдап алу мақсаты да бар еді. Жоғары сыныптардың оқушыларын тыңдап, сынаған комиссия мүшелері олардың ішінен Еркеғалимен қоса есептегенде төртеуін таңдап алды. Еркеғали 1948 жылдың күзінде домбыра класы бойынша музыкалық училищенің оқушысы болып қабылданды.

Училищені ойдағыдай тәмамдаған Еркеғали 1952 жылдың жазында емтихандарды жақсы тапсырып, консерватория студенті атанды. Ол қабылдау сынында қобызға арналған «Трио» пьесасын және «Жасыл орман» әнін орындады. Енді Еркеғали Л. Хамидидің ұсынысымен профессор Евгений Брусиловскийдің класында өнерін жетілдіруге кірісті. 1957 жылы Еркеғали Рахмадиев өзінің дипломдық жұмысы ретінде Мемлекеттік емтихан комиссиясының алдына «Қамар сұлу» операсының бірінші бөлімін ұсынды. Оның ұстазы Е. Брусиловский келешек Қазақстанның көрнекті композиторы болатындығын таныған-ды. Осы бағытта білімін дамыта түсу үшін Е. Рахмадиев П. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясына бір жылдық тәлім алуға келді.

1962 жылы Мәскеуде жас композиторлар конкурсында Еркеғали Рахмадиевтің «Балқаштағы кеш» атты хорға арналған поэмасы бірінші дәрежедегі дипломмен бағаланды. «Қамар сұлу» операсының 1963 жылдың 15 сәуірінде Абай атындағы ҚМАОБ театрында қойылуы оны үлкен шығармашылық шабытқа жетелейді.

1970 жылы композитор оркестрдің қолдауымен трубада орындалатын «Скерцоны» вокалдық-хореографиялық «Қызыл киіз үй» композициясын, М. Әуезовке арналған лирикалық поэма-реквиемін, «Аястан» атты кантатасын және драмалық қойылымдарға арналған «Қабаған ит», «Әке тағдыры», «Сұхбаттасу» музыкаларын жарыққа шығарды. 1972 жылы опера «Алпамыс» тәмамдалды, оған ілесе шығарылған симфониялық күй «Дайрабай» оған үлкен жетістік әкелді. 1980 жылы Қ. Мұхамеджановтың либреттосы бойынша «Тың туралы» жаңа операны өмірге әкелді. 1980 жылдары Еркеғали Рахмадиевтің трубалық оркестрдің қостауымен және скрипкаға арналған, оркестр демеуімен орындалатын концерттік екі шығармасы тағы да өмірге келді.

Қыздар педагогикалық институтында оқытушы болған. 1958-1959 жылдары Алматы консерваториясында фольклор кабинетін басқарды, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жетекшісі, 1961-1965 жылдары Қазақ КСР-нің Мәдениет министрлігінде Көркемөнер бас басқармасының бастығы, ал 1966 жылы Абай атындағы опера және балет театрының директоры болып тағайындалды. 1967 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры, 1968 жылы Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы және КСРО Композиторлар одағының хатшысы. 1991-1993 жылдар аралығында ҚР Мәдениет министрі.

Жемісті еңбектері үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Отан» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР-ның және Армения, Өзбекстан, Эстония республикаларының, Татар автономиялық республикасының мақтау грамоталарымен марапатталған. 1966 жылы оған Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 1975 жылы Халық әртісі, 1981 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді, ал 1980 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы тапсырылды.

2010 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанды.

Соңғы жаңалықтар