1 тамыз. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 1 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданының Хантағы және Мырғалымсай жұмысшы кенттері облысқа бағынатын қала болып қайта құрылып, оған Кентау қаласы атауы берілді.
1967 жылы Баянауылда «Дос-Мұқасан» ансамблінің музыканттары өздерінің алғашқы концертін қойды. Сондықтан да осы күн ансамбльдің туған күні ретінде аталады. Тыңдармандары жергілікті тұрғындар мен Қазақ политехникалық институты студенттік құрылыс отрядтарының мүшелері болды.
Ансамбль аты оны ұйымдастырушылар есімдерінің алғашқы буындарынан («Дос» - Досым Сүлеев, «Мұ» - Мұрат Құсайынов, «Қа» - Қамит Санбаев және «Сан» - Саня, Александр Литвинов) құралған. Оны құрылыс отрядындағы Венгриядан келген студенттердің жетекшісі Янош Карпоти ұсынған. Кейін ансамбль құрамына М. Молдабеков, Қ. Әжібаева, Ш. Омаров, Б. Жұмаділов, Н. Құсайыновтар қосылды. Олардың репертуарында электронды музыкалық аспаптар сүйемелімен орындалатын «Назқоңыр», «Ахау, бикем», «Он алты қыз», «Сұлу қыз», «Құдаша», т.б. қазақтың халық әндері, халық және қазіргі қазақ композиторларының, сондай-ақ ансамбль мүшелерінің шығармалары болды.
«Дос-Мұқасан» дәстүрлі фольклорлық-музыкалық туындыларды өз кезеңіндегі эстрадалық музыка мәнеріне сай өңдеп, құлпырта орындаған. Бұл сипат, әсіресе «Жерұйық» рок-операсы, «Дала және ғарыш» сияқты күрделі шығармалардан анық байқалады. Ансамбль Ташкент қаласында өткен Бүкілодақтық «Халықтар достығы» фестивалінің, Минскіде өткен кәсіби орындаушылар байқауының, сонымен қатар Берлинде, Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің халықаралық фестивальдарының лауреаты атанған. Қазақстан комсомол сыйлығын иеленген.
1967 жылы Болат Ғазизұлы Аюханов Қазақстан өнері мен мәдениетінің тарихында алғашқы «Алматының жас балеті» хореографиялық миниатюрасының негізін қалап, оның жетекшісі, орындаушысы және концертмейстері атанды.
1991 жылы Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» сарайы алаңында орналасқан әнші-ақын Біржан сал ескерткішінің жанына Ақан серіге арналған ескерткіш қойылды. Ақан Сері (1843-1913) – қазақ халқының көрнекті ақыны, композиторы.
2003 жылы Қарашығанақ кенішінде Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК) құбырлары арқылы бірінші мұнай жіберіле бастады. Осыған орай, салтанатты шара өтіп, оған Президент қатысты.
2008 жылы Петропавлда «Абылай хан резиденциясы» музей кешені мен оның атқа мініп тұрғаны бейнеленген ескерткіші ашылды. Қоладан құйылған Абылай хан ескерткіші Жезқазған қаласындағы қалалық әкімдік ғимаратының алдына да орнатылды.
2013 жылы Алматы қаласындағы АҚШ-тың бас консулдығы ҚР азаматтарына Америкаға баруға бес жыл мерзімге жарамды виза берді. Қазақстан – аталған визаны алу келісіміне қол жеткізген Орталық Азия өңіріндегі алғашқы мемлекет болды.
2015 жылы Татарстан астанасы – Қазанда Еуразияның жергілікті билік өкілдерінің қатысуымен «Жаһандық дамуға арналған жергілікті шешімдер: Еуразиялық интеграциямен бетпе-бет» тақырыбында конгресс өтті. Оған Ресейдің 100-ден астам қалаларының және жақын шетел шаһарларының басшылары қатысты. Конгресс аясында Еуразия қалаларының халықаралық белсенділігінің алғашқы рейтингі жасалды. Астана жалпы рейтингтің жеңімпазы атанды.
2018 жылы қазақстандық дәрігерлер әлемде алғаш рет жасанды жүрекпен жүрген науқасқа донор жүрегін қойды. 2017 жылдың желтоқсанында 60 жастағы Құнанбай Абыраевқа алдымен толығымен жасанды жүрек салынды. Араға тоғыз ай салып, донор табылды. Пациенттің өзі де донорлық жүрекке дайын болып шықты. Осылайша, Ұлттық ғылыми кардиоxирургия орталығының мамандары әлем бойынша алғаш рет бір адамға алдымен жасанды жүректі салды, артынан оны донорлық жүрекпен ауыстырды.
2019 жылы Павлодар облысының Май ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында XVIII ғасырдағы шайқас орнын іздеу бойынша археологиялық қазба жұмыстары басталды.
Нысан қола дәуіріне және ерте темір дәуіріне жатады. Ақшиман ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде, Қалмаққырылған тауларының батыс беткейлерінде орналасқан.
Жобаның мақсаты – Қалмаққырылған тауларының монументалды ескерткіштерін, өңірдің материалдық және рухани мұрасын, Қалмаққырылған шайқасының тарихын, оның қатысушыларын, Қалмаққырылған шайқасының оқиғалары мен сипатын кешенді зерттеу, қазақтардың жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресіндегі осы шайқастың рөлін анықтау.
2022 жылы Абай облысында ақын, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген өнер қайраткері Нұрлыбек Баймұратовқа ескерткіш орнатылды. Суырып салма ақын, Қазақ КСР-на еңбегі сіңген өнер қайраткері Нұрлыбек Баймұратұлы Бесқарағай ауданында дүниеге келді. 1957 жылы оның көптеген өлеңдері мен әндері енген жинақ жарық көрді.
2023 жылы Қазақстан Үкіметі Қонаев қаласын 2050 жылға дейін дамытудың Бас жоспарын бекітті. Бас жоспардың негізгі мақсаты – жоспарлау құрылымының барлық элементтерін өзара байланысты дамыту, ұтымды функционалдық аймақтарға бөлу және өндірістік, коммуналдық және рекреациялық аймақтарды орналастыру арқылы жайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын құру. Жоспарда болашақ шекараларға кіретін қалалар, қолданыстағы елді мекендер мен тұрғын үй кешендері ескерілген. Қала қазіргі заманғы көп функциялы әкімшілік, қаржылық және мәдени, индустриялық-инновациялық, көлік-логистикалық, облыстың ғылыми және білім беру орталығына айналуы тиіс.