1 ТАМЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 1 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

1 тамыз, СӘРСЕНБІ

Әзірбайжан әрпі мен тілінің күні. Әзірбайжан Президентінің 2001 жылғы 9 тамыздағы «Әзірбайжан әрпі мен әзірбайжан тілінің күнін бекіту туралы» Жарлығына сәйкес жыл сайын атап өтіледі.

Бүкілдүниежүзілік емшекпен емізуді насихаттау апталығы (1-7.08.). 1992 жылдан бастап, ЮНИСЕФ балалар қорының бастамасымен барлық елде өткізіледі. Қазақстан 1994 жылдан бұл мәселеге үлкен мән беріп, оны қорғау, жандандыру жөнінде ұлттық бағдарлама жасады. Қазақстанда 14 аурухана «Балаға аялы алақан» деген атпен жұмыс істеп, ЮНИСЕФ-тің «Алтын тақтасын» сыйға алды.

Қытай Халық Республикасы Армиясының күні - Қытай әскери қызметкерлерінің кәсіби мейрамы (1927). 1927 жылғы тамыздың 1-інде Қытайдың шығысындағы Цзянси провинциясының Наньчан қаласы тұрғындары Гоминьдан режиміне қарсы көтеріліске шықты. Бұл көтеріліс елдегі екінші азамат соғысының басталуына себеп болды және Қытай жұмысшы-шаруаларының қызыл армиясы құрылды.

Қытай - Еуразия құрлығының шығыс бөлігінде, Тынық мұхитының батыс жағалауын алып жатқан мемлекет. Шекарасы Ресей, Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Пәкістан, Непал, Бутан, Үндістан, Бирма, Лаос және Вьетнаммен шектеседі. Мұхит жағалауындағы аймағында 5 мыңнан астам арал бар, олардың ең ірісі - Тайвань және тропикалық Хайнань аралдары. Көне Қытайға өнертабыстың төрт түрі - қағаз, кітап шығару, компас және оқ-дәрі жасау жатады. Ел халқының саны бойынша бірінші орында, адам саны 1,3 млрд. Әкімшілік жағынан 23 провинцияға, 5 автономиялық ауданға, орталыққа тікелей бағынатын Бейжің, Шанхай, Тяньцзинь, Чунцин қалаларына және Сянган (Гонконг) мен Аомынь (Макао) арнайы әкімшілік аудандарына бөлінеді. Жоғарғы заң шығарушы органы - Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы. Мемлекет басшысы - ҚХР Төрағасы. Атқарушы органы - Премьер-Министр басқаратын Мемлекеттік кеңес. Астанасы - Бейжің қаласы. Ресми тілі - қытай тілі. Ақша бірлігі - юань.

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы қаңтардың 3-інде орнатылды. Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Адырбеков Икрам. Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Чжан Сиюнь.

Швейцария Конфедерациясының ұлттық мейрамы - Конфедерацияның негізі қаланған күн. Швейцария - Еуропаның дәл ортасында орналасқан мемлекет. Аумағы Франция, Германия, Австрия, Лихтенштейн, Италиямен шектеседі. Астанасы - Берн қаласы. Мемлекеттік тілі - неміс, француз, итальян тілдері. Ақша бірлігі - швейцар франкі. Швейцария 23 кантоннан тұратын федеративтік республика. Әр кантонның өз Конституциясы, Үкіметі және Парламенті бар. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығару органы Ұлттық және Кантондар кеңесінен тұратын екі палаталы Федералдық жиналыс. Атқарушы органы - Федералдық кеңес.

Қазақстан Республикасы мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 1-інде орнатылды.

Бенин Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960). Бенин -Африканың батысында, Гвинея шығанағына таяу орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Буркина-Фасо, Нигермен, шығысында Нигериямен, батысында Тогомен шектеседі. Астанасы - Порто-Ново қаласы. Ресми тілі - француз тілі. Ақша бірлігі - батыс африкалық франк. Мемлекет және Үкімет басшысы - Президент. Жоғары заң шығарушы органы - Ұлттық жиналыс.

Ресей Федерациясының инкассатор күні. 1939 жылы КСРО Мемлекеттік банкі жанындағы инкассация аппараты құрылды.

Тамыздың 1-і мен 3-і аралығында Литваның Друскининкай курортында үзіліссіз үш күнге созылатын дәстүрлі би марафоны өтеді.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

45 жыл бұрын (1967) Баянауылда «Дос-Мұқасан» ансамблінің музыканттары өздерінің алғашқы концертін қойды. Тыңдармандары жергілікті тұрғындар мен Қазақ политехникалық институты студенттік құрылыс отрядтарының мүшелері болды. Ансамбль аты оны ұйымдастырушылар есімдерінің алғашқы буындарынан («Дос» - Досым Сүлеев, «Мұ» - Мұрат Құсайынов, «Қа» - Қамит Санбаев және «Сан» - Саня, Александр Литвинов) құралған. Оны құрылыс отрядындағы Вен­г­риядан келген студенттердің жетекшісі Янош Карпоти ұсынған. Кейін ансамбль құрамына М.Молдабеков, Қ.Әжібаева, Ш.Омаров, Б.Жұмаділов, Н.Құсайыновтар қосылды. Олардың репертуарында электронды музыкалық аспаптар сүйемелімен орындалатын «Назқоңыр», «Ахау, бикем», «Он алты қыз», «Сұлу қыз», «Құдаша», т.б. қазақтың халық әндері, халық және қазіргі қазақ композиторларының, сондай-ақ ансамбль мүшелерінің шығармалары орын алды. «Дос-Мұқасан» дәстүрлі фольклорлық-музыкалық туындыларды өз кезеңіндегі эстрадалық музыка мәнеріне сай өңдеп, құлпырта орындаған.  Бұл сипат, әсіресе «Жерұйық» рок-операсы, «Дала және ғарыш» сияқты күрделі шығармалардан анық байқалады. Ансамбль Ташкент қаласында өткен Бүкілодақтық «Халықтар достығы» фестивалінің, Минскіде өткен кәсіби орындаушылар байқауының, сонымен қатар Берлинде, Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің халықаралық фестивальдарының лауреаты атанған. Қазақстан комсомол сыйлығын иеленген.  

11 жыл бұрын (2001) Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің басшылары Орталық Азия аймағында жедел қимылды ұжымдық күштерді құру туралы шешім қабылдады. Оның құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларының және Ресей Федерациясының бөлімдері мен бөлімшелері кірді. Бүгінгі таңда Орталық Азия аймағында жедел қимылды ұжымдық күштердің құрамында 10 батальон бар. Онда Ресей мен Тәжікстаннан үштен, Қазақстан мен Қырғызстаннан екіден батальон бар. Жеке құрамның жалпы саны 4 мыңға жуық адамды құрайды.

9 жыл бұрын (2003) Елбасы Н.Назарбаев Қарашығанақ кенішінде Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК) құбырлары арқылы бірінші мұнай жіберу салтанатына қатысты.

514 жыл бұрын (1498) Христофор Колумб Америкаға жетіп, оны аралға балап Санта Исла (Santa Isla) деп атаған.

219 жыл бұрын (1793) Францияда өлшемдер мен салмақтардың бірыңғай әлемдік жүйесіне негіз болған метрлік жүйе енгізілді.

53 жыл бұрын (1959) Теміртау қаласында жұмысшылардың тоталитарлық тәріпке қарсы бас көтеруі басталды. Жұмысшылар мен солдаттардың қақтығысынан 10 адам қазаға ұшырап, көптеген адам жарақат алды. «Қарағанды зауытының құрылысындағы істің жайын» КОКП Орталық Комитетінің Төралқасында қаралып, кейіннен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Беляев қызметінен босатылды.

178 жыл бұрын (1834) Британия империясының отар елдерінде құлдыққа тыйым салатын заң қолданыла бастады.

178 жыл бұрын (1834) ағайынды механик Черепановтар Ресейдегі ең алғашқы паравозды құрастырып шығарды.

98 жыл бұрын (1914) дүниежүзін қайта бөліске салу жолында «Үштік одақ» (Австрия-Венгрия, Германия, Италия) пен Англия, Франция, Ресей одағы арасындағы саяси-экономикалық қайшылықтардан бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Соғыс барлық елдердің экономикасын күйзелтіп, адамзатты бұрын көрмеген қайғы-қасірет пен ашаршылыққа душар етті. 1916 жылы маусымның 25-інде Ресей патшасы империяның «бұратана халықтарын», оның ішінде қазақтарды да майдан шебіндегі қара жұмысқа алу туралы жарлық шығарды. Қара жұмысқа 100 000-нан астам қазақ жігіттері алынып, олардың басым көпшілігі батыс майданға аттандырылды.

88 жыл бұрын (1924) Кеңес Одағы Қызыл Жұлдыз орденін бекітті.

88 жыл бұрын (1924) КСРО-ның астанасы - Мәскеу қаласындағы В.Лениннің бальзамдалған денесі салынған кесене келушілер үшін алғаш рет ашылды.

73 жыл бұрын (1939) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» медалі бекітілді. 1939 жылғы қазанның 16-ындағы Жарлық негізінде медаль атауы Кеңес Одағы Батырының «Алтын Жұлдыз» медалі болып өзгертілді.

73 жыл бұрын (1939) Орта Азияда Үлкен Ферғана арнасын қазу жұмыстары басталды. Арна құрылысына Қазақстанның оңтүстік өңірінен де көп адам тартылды.

38 жыл бұрын (1974) Ресейдің дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты Менделеев кестесіндегі 106-шы элемент (Sg) алынғаны туралы хабарлама таратты.

23 жыл бұрын (1989) Польшада азық-түлікке бағаны мемлекет тарапынан реттеу жойылды. Баға бірер күнде 500 пайызға дейін шырқап шыға келді. Сол тұста елді апатты жағдайдан бір мезгіл тегін түстік тамақ таратуды ұйымдастыру сақтап қалды.

9 жыл бұрын (2003) Елбасы Н.Назарбаев Батыс Қазақстан облысының Бөрілі ауданындағы Қарашығанақ кенішінде Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК) құбырлары арқылы бірінші мұнай жіберу салтанатына қатысты.

5 жыл бұрын (2007) Астанада белгілі ақын және журналист Қайырбай Төреғожының «Жаңбырлы жаз» атты кітабы жарық көрді.

Кітап автордың соңғы жылдары жазған өлеңдер жинағынан тұрады. Жинаққа «Арман-ай атты поэмасыда кірді. Кітап «Фолиант» баспаханасынан шығарылған, және оның тиражы мың дананы құрайды.

Бүгінгі күні 50 жасқа толып отырған Қ.Төреқожы қаламынан бұрын басып шығарылған «Күншуақ» атты өлеңдер жинағы және әр жылдары жарық көрген жариялымдар, очерктер, кішігірім әңгімелер бар.

5 жыл бұрын (2007) Ұлы Отан соғысының батыры, жауынгер және жазушы Бауыржан Момышұлының туған жері - Жамбыл облысы Жуалы ауданының орталығында батырға арналған ескерткіштің іргетасы қаланды.

Іргетасты қалау рәсіміне Ұлы Отан соғысының жергілікті ардагерлері, мың бұлақ пен мың батырдың өлкесі атанған ауданның құрметті азаматтары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Момышұлы Бауыржан (1910-1982) - Кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың көрнекті жазушысы. Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келген.

Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва үшін айқас» «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Генерал Панфилов», «Төлеген Тоқтаров», «Куба әсерлері», «Ел басына күн-туса», «Ұшқан ұя», «Адам қайраты» повестері мен әңгімелерінің авторы.

Ол Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі» сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Кеңес одағының батыры» атағы берілген.

3 жыл бұрын (2009) Астанада «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен Қытай Экспорт-Импорт Банкінің арасында несие желісін беру туралы Бас несие келісіміне қол қойылды.

Қол қойылған Келісімге сай Қытай Экспорт-Импорт Банкі Қазақстанның Даму Банкіне 15 жылға дейінгі мерзімге 5 млрд. АҚШ доллары сомасына несие желісін беруді көздеп отыр. Бұл несие желісінің мақсатты сипаты бар - қаражат қазақстандық компаниялардың инвестициялық жобаларын, соның ішінде қытайлық кәсіпорындардың өндірістік өнімдерінің, қызметтерінің және жабдықтарының экспортын көздейтін жобаларды жүзеге асыру үшін берілетін болады.

Берілетін несие желісі энергетика, көлік және коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ металлургия, химия және мұнай-химия өнеркәсібіндегі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.

514 жыл бұрын (1498) Христофор Колумб еуропалықтардың арасында алғашқы болып Венесуэлада болды.

222 жыл бұрын (1790) АҚШ-та алғашқы жалпыфедералдық халық санағының нәтижесі шығарылды.

178 жыл бұрын (1834) британдық колонияларда құлдық жойылды.

136 жыл бұрын (1876) Колорадо АҚШ-тың 38-інші штаты болды.

93 жыл бұрын (1919) Венгрияда наурыз айында жарияланған кеңес республикасы құлатылды.

88 жыл бұрын (1936) Мәскеу қаласында В.И.Лениннің бальзамдалған мәйітін оған арнайы салынған Мавзолейде алғашқы келушілер көрді.

76 жыл бұрын (1936) Берлинде Олимпиада ойындарының ашылуы өтті.

71 жыл бұрын (1941) алғашқы джип шығарылды.

58 жыл бұрын (1954) Вьетнам, Лаос және Камбоджада оқ атуды тоқтату күшіне енді. Францияның Үндіқытайдағы колониялдық соғысы аяқталды.

52 жыл бұрын (1960) Батыс Африкадағы Бенин мемлекеті (Дагомея Республикасы) Франциядан тәуелсіздігін алды.

31 жыл бұрын (1981) «MTV» музыкалық телеканалы алғаш рет эфирге шықты. Тура алты жылдан кейін ол Еуропада да жұмыс істей бастады.

21 жыл бұрын (1991) итальяндық-аргентиналық футбол жұлдызы Диего Марадонна спорттан кетті.

 

ЕСІМДЕР

118 жыл бұрын (1893-1966) музыка аспабын жасаушы шебер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның дәстүрлі көне музыка аспаптарын жетілдіру ісімен айналысқан тұңғыш органолог, Баян Өлгий аймағының құрметті азаматы ҚАСЫМОВ Қамар дүниеге келді.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. 20 ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы мәдени бетбұрыстардың бел ортасында болып, көне қыл қобызды, сал-серілердің тоғыз пернелі қара домбырасын, аңшылық пен саяткерліктің аясында ғана қолданылып келген дауылпаз бен шыңдауылды, бақташылардың сыбызғысын классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіріп, оркестрлік шығармаларға лайықтап жасаған. Қасымов жасаған ұлттық аспаптар әр түрлі деңгейде өткен халықаралық көрмелерге қойылған. Республикамызда алғаш ашылған музыкалық аспап жасау шеберханаларының ісін жолға қойып, Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрі мен Жамбыл атындағы Қазақ филармонияның және Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваторияның музыканттарын оркестрлік үлгіде жасалған музыкалық аспаптармен қамтамасыз еткен. Қасымов жасаған музыкалық аспаптар Мәскеу, Санкт-Петербор, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда сақтаулы.

Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен және Моңғолия үкіметінің ең жоғарғы «Алтын гадс» орденімен марапатталған.

84 жыл бұрын (1928) биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі ТӘШЕНОВ Қазис Ташенұлы  дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Петропавл зооветеринарлық институтын, Омбы ауыл шаруашылығы институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Тәжірибелік биология институтының аспирантурасын бітірген. 1956-1990 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Физиология институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, директоры болған. 1990-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Төралқасының мүшесі, биология ғылымдары бөлімшесінің академик хатшысы, Адам және жануарлар физилогиясы институтының зертхана меңгерушісі, биология және медицина ғылымдары бөлімінің академик хатшысы міндетін атқарушы болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері мал физиологиясына арналған. Ол күйіс қайыратын малдың таз қарынында микробиологиялық белоктың жинақталу процесі азық рационының сипатына және ас қорыту жолына келіп түсетін сілекей мөлшеріне байланысты екендігін бірінші рет анықтады. Хирургиялық операция арқылы ұйқы безі мен өт жолдарын бөлек шығарудың түтіктік әдісін ойлап тапты. Сондай-ақ жүйкелер мен қан тамырларын бүтіндей сақтай отырып, ұлтабардан бөліп алынған кішкене қарын жасау тәсілін ұсынды. Ас қорыту органдары мен сүт бездерінің қызметін реттеуге бүйрек, қалқанша және жыныс бездерінің қатысын анықтап, ас қорыту және сүт түзілу процестерінің өзара байланысты екенін дәлелдеп, сүт шығару механизмін ашты. Сонымен қатар Чехославакия ғалымдарымен бірлесе отырып, күйіс қайыратын малға арналған жасанды азық рационын ұсынды. Тәшеновтің жетекшілігімен 25-ке жуық ғылым кандидаты мен докторы диссертация қорғаған. Оның 250-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде 4 монографиясы жарық көрген. 20-ден астам жұмысы шет елде жарияланған. Есімі Қазақстанның Алтын кітабына енгізілген.

Халықаралық «Ақ крест» орденімен және медалдармен марапатталған.

74 жыл бұрын (1938) тарих ғылымының докторы ҚОЖАХМЕТҰЛЫ Кеңесбай дүниеге келді.

Алматы облысында туған.  Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1966-1967 жылдары Египетте ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1967-1987 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің ассистенті, аға оқытушысы, доценті, деканы. 1989 жылдан аталмыш университеттің шығыстану факультеті Азия және Африка елдері тарихы кафедрасының меңгерушісі болған. Негізгі ғылыми жұмыстары Азия, Африка, Еуропа, Америка елдерінің тарихын зерттеуге арналған. Ғалым Қазақстанда шығыстану саласын дамытуға үлес қосқан. Мәскеу, Баку, Монтерей (АҚШ) қалаларында өткен шығыстанушылардың конференцияларына қатысып, баяндама жасаған. 100-ден аса ғылыми еңбектің, соның ішінде 4 монографияның авторы.

64 жыл бұрын (1948) Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі, заң ғылымының кандидаты, 2-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері БАҚТЫБАЕВ Ілияс Жақыпбекұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 1977-1982 жылдары - Алматы қаласы Әуезов аудандық прокуратурасында прокурордың көмекшісі, аға тергеуші. 1982-1984 жылдары - Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының халық судьясы. 1985-1988 жылдары - Алматы қаласы Мәскеу ауданы прокурорының орынбасары. 1988-1990 жылдары - Алматы қаласы Фрунзе ауданының прокуроры. 1990-1991 жылдары - Қазақ КСР Президенті Аппараты мемлекеттік-құқық бөлімінің консультанты, мемлекеттік-құқықтық референтурасының аға референті. 1991-1994 жылдары - Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Алматы облысының прокуроры. 1994-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары. 1997-2000 жылдары - Қостанай облысының прокуроры. 2000-2003 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры. 2003 жылғы наурыздан 2008 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2008 жылы наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қаулысымен Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен, «Астана» медалімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальдармен марапатталған.

54 жыл бұрын (1958) палуан, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері МҰСАБЕКОВ Алмас дүниеге келді.

Жамбыл облысының Байзақ ауданында туған. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітірген. «Қайрат» ерікті спорт қоғамының жаттықтырушысы, Байзақ аудандық тұтынушылар қоғамының спорт жөніндегі нұсқаушысы болған. 1989 жылдан жеке кәсіппен айналысады, «Самбо», «Азия-спорт» серіктестіктерінің директоры. Ол Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Кеңестер Одағының екi дүркiн жеңiмпазы, екi дүркiн күмiс жүлдегерi, тоғыз дүркiн қола жүлдегерi атанған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен екі мәрте марапатталған.

149 жыл бұрын (1863-1936) сәулетші, құрылыс инженері ЗЕНКОВ Андрей Павлович дүниеге келді.

Ресейдің Түмен қаласында туған. Санкт-Петербордағы Николаев инженерлік академиясын (қазіргі Санкт-Петербор  сәулет-құрылыс университеті) бітірген. 1898 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Алматы қаласында қоныстанған. 1907-1917 жылдары Жетісу облыстық инженерлік басқармасында жұмыс істеген. Ол жер сілкінісіне төтеп беретін ағаш үйлер салумен, жер сілкінісіне төзімді құрылыстар жобасын жасаумен шұғылданған. Оның жобасымен Верный әйелдер гимназиясы, Кафедральдық собор, Верный әскери мәжіліс үйі, Верный сауда үйі, т.б. салынды. Ол Ресей мен Түркістанның бірсыпыра ғылыми қоғамдары мен қоғамдық ұйымдарына мүше болып, баспасөз бетінде тарихи және этнографиялық материалдар жариялап тұрған.

63 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ТҰРҒАНҚҰЛОВ Қуандық Тұрғанқұлұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1979-1986 жылдары - Қапшағай қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі. 1986-1990 жылдары - «Оңтүстікқазгеология» өндірістік бірлестігі партия комитетінің хатшысы.

1990-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппаратының консультанты, аға референті, ұйымдастыру-инспекторлық және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы. 1993-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының, Әкімшілігінің кадр саясаты бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

1996-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді.

Медальмен марапатталған.

103 жыл бұрын (1909-1986) этнограф, тарих ғылымының докторы ЖДАНКО Татьяна Александровна дүниеге келді.

Украинада туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясы Этнография институтының аспирантурасын  бітірген. 1947 жылдан КСРО Ғылым академиясы Этнография институтының кіші ғылыми қызмкткері, ғылыми хатшысы, Орта Азия және қазақстан бөлімшесінің меңгерушісі, Этнология және антропология институтының басшысы қызметтерін атқарған.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Орта Азия мен Қазақстанның көшпелі және отырықшы тұрғындарының тарихы, Арал теңізі жағалауы халықтарының этногенезі және этникалық тарихына арналған.

«Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталған.

102 жыл бұрын (1910-1984) қазақстандық дыбыс операторы, КСРО Киноматографистер одағының мүшесі.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ПЕРШИН Стефан Яковлевич дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Ресейдің Орынбор облысы Новотроицк қаласында туған. Алматы байланыс политехникумын, Санкт-Петербор киноинженерлер институтын бітірген.

1937-1941 жылдары Алматы кинохроника студиясының дыбыс режиссері, 1955 жылдан «Қазақфильм» студиясында қызмет атқарған.

Ол қазақ тіліндегі фильмдер дубляжының материалдық-техникалық базасын құрып, кинотаспаға қазақ тілінде ең алғаш жазған. Дыбыс операторы ретінде «Менің атым Қожа», «Арқамызда Москва», «Махаббат туралы аңыз» т.б. 10-нан астам толықметражды көркем фильмдердің, сонымен қатар 50-ден астам деректі және ғылыми-танымдық фильмдердің түсірілуіне қатысқан.

Екі рет Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.

62 жыл бұрын (1950) Республикалық ұлан Қолбасшысы, генерал-лейтенант ШАБДАРБАЕВ Амангелді Смағұлұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Қаскелең ауданында туған. Қазақ дене тәрбиесі институтын, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Мәскеу қаласындағы Жоғары Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті мектебін бітірген.

Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінде жедел уәкіл-нұсқаушы, кадр бөлімінің аға жедел уәкілі, 9-бөлімнің күзет бөлімшесі коменданты, 5-бөлімнің аға жедел уәкілі қызметтерін атқарған. 1987-1992 жылдары - Алматы облысы Қаскелең қаласындағы «Қазмұнайжолқұрылыс» тресі басқармасы бастығының орынбасары. 1992-1995 жылдары - Президент Күзет қызметі бөлімшесінің бастығы, бөлім бастығының орынбасары, басқарма бастығының орынбасары, 1-бөлімнің бастығы, Президент Күзет қызметі бастығының бірінші орынбасары. 1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитеті бастығының орынбасары. 1997-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті «А» арнайы қызметінің бастығы. 2002-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы. 2006-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2009 жылдан ҚР Президентінің кеңесшісі болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 23 қаңтардағы №247 Жарлығымен Шабдарбаев Амангелді Смағұлұлы Республикалық ұлан Қолбасшысы лауазымына тағайындалды.

2-дәрежелі «Даңқ» орденімен және медальдармен марапатталған.

51 жыл бұрын (1961) ҚР Денсаулық сақтау министрі ҚАЙЫРБЕКОВА Салидат Зекенқызы дүниеге келді.

1961 жылғы 1 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген.
1984 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген.2002 жылы Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «құқық тану» мамандығы бойынша бітірген.2001-2006 жылдары - Қазақ мемлекеттік медицина академиясының қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтауды басқару кафедрасының ізденушісі.1984-1998 жылдары Қарағанды облысының медицина ұйымдарында дәрігер-невропатолог, Қарағанды көп бағдарлы емдеу-диагностикалық бірлестігі бас дәрігерінің орынбасары болып жұмыс істеді. 1998-2001 жылдары - Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бастығы, Қарағанды облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының № 5 медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының төрайымы. 2001-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, Емдеу-профилактикалық жұмыс департаменті директорының орынбасары, Министрліктің Аппарат басшысы қызметін атқарды.
2004-2006 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина академиясының проректоры болды. 2006-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, бас инспекторы, әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі. 2008 жылғы 4-желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің төрайымы. 2009 жылғы 5-қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің төрайымы.Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2010 жылғы 23 сәуірінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2010 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды.

Медицина ғылымдарының докторы. «Құрмет» орденімен марапатталған.

82 жыл бұрын (1930) композитор, КСРО халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор РАХМАДИЕВ Еркеғали Рахмадиұлы дүниеге келді.

Сол кездегі Семей облысының Шұбартау ауданындағы бұл күндері «Мәдениет» деп аталатын ауылында дүниеге келген. Ол 6-сыныптан бастап «Үлгі» колхозы мектебінің интернатына орналастырылады. Еркеғали оқуда алғыр болып өсті. 1948 жылдың маусым айында концерттік ансамбльмен Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жылысбаев және баянда ойнайтын Константин Ошлаковтар ауылға келеді. Олардың ойында Балқаш маңындағы ауылдарға өнер көрсетумен қатар, П.И. Чайковский атындағы училищеге дарынды жасөспірімдерді таңдап алу мақсаты да бар еді. Жоғары сыныптардың оқушыларын тыңдап, сынаған комиссия мүшелері олардың ішінен Еркеғалимен қоса есептегенде төртеуін таңдап алды. Еркеғали 1948 жылдың күзінде домбыра класы бойынша музыкалық училищенің оқушысы болып қабылданды. Училищені ойдағыдай тәмамдаған Еркеғали 1952 жылдың жазында емтихандарды жақсы тапсырып, консерватория студенті атанды. Ол қабылдау сынында қобызға арналған «Трио» пьесасын және «Жасыл орман» әнін орындады. Енді Еркеғали Л.Хамидидің ұсынысымен профессор Евгениі Брусиловскийдің  класында өнерін жетілдіруге кірісті. 1957 жылы Еркеғали Рахмадиев өзінің дипломдық жұмысы ретінде Мемлекеттік емтихан комиссиясының алдына «Қамар сұлу» операсының бірінші бөлімін ұсынды. Оның ұстазы Е.Брусиловский келешек Қазақстанның көрнекті композиторы болатындығын таныған-ды. Осы бағытта білімін дамыта түсу үшін Еркеғали Рахмадиев П.И.Чайковский  атындағы Мәскеу консерваториясына бір жылдық тәрбие алуға келді. 1962 жылы Мәскеуде жас композиторлар конкурсында Еркеғали Рахмадиевтің «Балқаштағы кеш» атты хорға арналған поэмасы бірінші дәрежедегі дипломмен бағаланды. «Қамар сұлу» операның 1963 жылдың 15-сәуірінде Абай атындағы ҚМАОБ театрында қойылуы үлкен шығармашылық шабытқа жетеледі.1970 жылы композитор Еркеғали Рахмадиев оркестрдің қолдауымен трубада орындалатын «Скерцоны» вокалдық-хореографиялық «Қызыл киіз үй» композициясын, М.Әуезовке арналған лирикалық поэма-реквиемін, «Аястан» атты кантатасын және драмалық қойылымдарға арналған «Қабаған ит», «Әке тағдыры», «Сұхбаттасу» музыкаларын жарыққа шығарды. 1972 жылы опера "Алпамыс"тәмамдалды, оған ілесе шығарылған симфониялық күй «Дайрабай» композитор Еркеғали Рахмадиевке үлкен жетістік әкелді.1980 жылы Еркеғали Рахмадиев Қ.Мұхамеджановтың либреттосы бойынша «Тың туралы» жаңа операны өмірге әкелді.1980-жылдары Еркеғали Рахмадиевтің трубалық оркестрдің қостауымен және скрипкаға арналған, оркестр демеуімен орындалатын концерттік екі шығармасы тағы да өмірге келді. Қазақстанның әйгілі скрипкашысы, талай халықаралық конкурстардың үздігі, профессор Айман Мұсақожаева, Қазақстанның халық әртісі Ю.Н. Клушкинмен бірге екі шығарманы тамаша орындады. 1990-жылдарда Еркеғали Рахмадиев өзі сүйетін камералық-вокалдық жанрға қайтадан ауысты. Бірінші концертте Шаһимардан Әбілевтің орындауында Абайдың өлеңдеріне жазылған романстар тізбегі тұтастай бірнеше театр сахналарында тыңдаушыларды баурап алды Еркеғали Рахмадиевтің Әбіш Кекілбаевтың либреттасына сүйен-ген «Абылай хан» атты эпикалық операсы екі бөлімнен тұрады. Операның мазмұны - Қалмақ, Қоқан, Хиуа хандықтарынан Отанды, жерді, елді қорғау. Мұнда Бұхар жырау мен Абылай ханның бейнесі операның негізгі тақырыбы. Композитор қандай музыка жанрында болмасын жазылған шығармаларында жаңалық әдісін, есте қалатын тың қатпарларды аударады. Оның әрбір шығармасы (опералар, концерттер, симфониялық поэмалар, күйлер, кантаталар, әндер және романстар) республиканың мәдени өмірінде айырықша орын алады. Еркеғали Рахмадиевтің мекемелердегі қызметі студенттік кезінде басталды. Қыздар педагогикалық институтында оқытушы болған-ды. Мәскеудегі мамандығын шыңдау курсынан кейін 1958 - 59 жылдары Алматы консерваториясында фольклор кабинетін басқарды, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жетекшісі, 1961 - 65 жылдарда Қазақ КСР-нің Мәдениет министрлігінде Көркемөнер бас басқармасының бастығы, ал 1966 жылы Абай атындағы опера және балет театрының директоры болып тағайындалды. 1967 жылы ол Құрманғазы атындағы консерваторияның ректоры, 1968 жылы Қазақстан композиторлар одағының төрағасы және КСРО композиторлар одағының хатшысы.Консерватория қабырғасында театралдық факультет және режиссерлік бөлім ашылды. Консерватория жыл сайын 170-200-дей музыка мамандарын дайындайды. Профессор Еркеғали Рахмадиевтің ұстаздығымен Ө.Несіпханов, Т.Қажығалиев, С.Еркімбеков, О.Жанияров, С.Ромашенко, В.Стригоцкий, :М.Тайменкеев және басқа да дарынды композиторлар консерваторияны тәмамдады. 1991 - 93 жылдар аралығында ҚР Мәдениет министрі қызметін атқарды. Музыка өнерінде, қоғамдық жұмыста және атқарған жемісті еңбектері үшін «Еңбек қызыл ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР-ның және Армения, Өзбекстан, Эстон республикаларының, Татар автономиялық республикасының мақтау грамоталарымен марапатталған. 1966 жылы оған Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 1975 жылы Халық әртісі, 1981 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді, ал 1980 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы тапсырылды.

50 жыл бұрын (1962) журналист, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының вице-президенті ҚЫДЫР Еркін дүниеге келді.

1984 жылы ҚазМУ-ді бітірген. 1984-90 жылы "Оңтүстік Қазақстан" газетінде еңбек етті. 1990 жылдан бастап "Егемен Қазакстан" газетінде жауапты қызметтер атқарады. 1999 жылы ҚР Президентінің журналистика саласындағы сыйлығымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар