1-жартыжылдықта теңге 2,2 пайызға нығайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
«1-жартыжылдықта теңге 452,26 дейін 2,2 пайызға нығайды. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сатуы, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 1,9 млрд доллар сомасына валюталық түсімінің 50 пайызын міндетті түрде сатуы теңгеге қолдау көрсетті. Валюта нарығын балансқа келтірудің жақсаруына байланысты 1 шілдеден бастап валюталық түсімді міндетті түрде сату үлесі 30 пайызға дейін төмендеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, теңгедегі құралдардың тартымдылығы сақталуда. Депозиттерді долларландыру деңгейі 2022 жылғы желтоқсандағы 31,6 пайыздан осы жылғы мамыр айының қорытындысы бойынша 28,4 пайызға дейін төмендеді. Шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестициялары жыл басынан бері 78 млрд теңгеге ұлғайды.

«Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Теңгенің бұдан былайғы динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады», - деді ҰБ төрағасының орынбасары.

Осыған дейін Үкімет басшысы мемлекеттің экономикадағы үлесін ЖӨІ-нің 14,4 пайызына дейін қысқарту керектігін айтқанын жаздық.


Соңғы жаңалықтар