19:24, 14 Мамыр 2009 | GMT +5
1 жасқа дейінгі баланы күтуге арналған әлеуметтік жәрдемақыны 2,5 есеге арттыру - «Нұр Отан» ХДП халықтық тұғырнамасы
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Нұр Отан» ХДП-ның халықтық тұғырнамасы және Үкімет бағдарламасы бойынша Қазақстанда 1 жасқа дейінгі баланы күтуге арналған әлеуметтік жәрдемақыны 2011 жылға дейін 2,5 есеге арттыру көзделіп отыр,

деп хабарлайды Қазақпарат. Былтырдан бастап аталмыш әлеуметтік төлем мөлшері біршама ұлғайтылып, бір бала үшін - 5840, екінші бала үшін - 6424, үшінші бала үшін ? 7008, ал төртінші бала үшін 7592 теңгені құрады. Мемлекеттің ұстанып отырған әлеуметтік саясаты бойынша бұл жәрдемақы 2011 жылы 12 563 теңгеге жеткізілмек. Сонымен бірге 2008 жылы бала тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 16 380 теңгеден 35 040 теңгеге өсті. Жыл сайын жәрдемақының мөлшері көтерілетін болады. Мәселен, 2009 жылы - 38 190, 2010 жылы - 44 550, ал 2011 жылы 47 887 теңгеге артады. Еңбек ететін әйелдерді міндетті сақтандыру тәжірибесі ана мен бала жағдайына жәрдемдесуге септеседі. Сақтандыру полисі арқылы аналарға жүктілік және бала тууына байланысты еңбек демалысының әрбір айына және баланы 1 жасқа дейін күтуіне арналған әлеуметтік төлемдер қарастырылып отыр.