1 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 1 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады. 

1 желтоқсан. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

55 жыл бұрын (1970) «Самұрық-Энерго» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Алексей Владимирович ОГАЙ дүниеге келді.

1995 жылы Алматы энергетика институтын «Электр станциялары» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1995 жылы «Қазақстанның отын-энергетика кешені мәселелерін зерттеу зертханасы» ЖШС ғылыми қызметкері болып бастады.

1998-2006 жылдары «KEGOC» АҚ маманы, жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы, 2006-2008 жылдары «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» АҚ бас сарапшысы, 2008 жылы «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі» АҚ электр энергетикалық активтерді басқару жөніндегі директорының орынбасары, 2008-2011 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Электр энергетикасы активтері дирекциясының бас сарапшысы, 2011-2014 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ электр энергетикалық активтерін басқару жөніндегі директоры, 2014-2015 жылдары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Бас директорының активтерді басқару жөніндегі орынбасары, 2015-2018 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, басқарушы директоры, 2019-2023 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ қайта ұйымдастыру және активтерді сату департаментінің директоры, 2023 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ Энергетика және тау-кен активтері департаментінің директоры қызметін атқарды.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың маусым айынан бері атқарып келеді.

ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталған.

50 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Жанна Бейсентайқызы АСАНОВА дүниеге келді.

Алматы облысы Шелек ауданында туған. С. Д. Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина университетін педиатр мамандығы бойынша және Қазақ ұлттық аграрлық университетін заңгер-экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің Орталық клиникалық ауруханасында бастады. 1999-2003 жылдары Алматы қаласы, «Фармекс» ЖШС менеджері, 2003-2004 жылдары Алматы қаласы № 16 қалалық емханада дәрігер-педиатр, 2004-2006 жылдары Көші-қон комитетінің Алматы қаласы басқармасының бас маманы, 2014-2015 жылдары Алматы қаласы «Атамекен» АЭС Түрксіб аудандық филиалының директоры қызметін атқарды. 2016-2017 жылдары Алматы қаласындағы «ИнтерФинИнвест» ЖШС директоры, 2017-2019 жылдары Алматы қаласы сайлау комиссиясының төрайымы, «Алматы даму орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «EcoAlmaty» ЖШС директоры болды. 2022-2023 жылдары «Алматы даму орталығы» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі лауазымын атқарған.

2024 жылдан бері қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

48 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Абайұлы ШАҚҚАЛИЕВ дүниеге келді.

Қарағанды ​​облысында туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша, М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «Стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Халықаралық инженерлік академияның корреспондент мүшесі, ғалым инженер.

Еңбек жолын Ақмола облысы және Астана қаласы бойынша «Кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру және тарату агенттігі» АҚ заң кеңесшісі қызметінен бастаған. ҚР Мемлекеттік материалдық қорлар агенттігінің «Резерв» РМК бөлімінің басшысы, ҚР ҚМ Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің директоры қызметтерін атқарды. Техникалық реттеу жүйесінде 2004 жылдан бастап «Қазақстандық метрология институты» РМК директоры болып жұмыс істеді. 2008-2016 жылдары «Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқарды. 2016 жылдың сәуір айында Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры болып тағайындалды. 2018-2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы, 2019-2020 жылдары ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы, 2020-2022 жылдары Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі, ҚР Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі болды. 2022-2023 жылдары ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі қызметін атқарды.

2023 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде (2024 жылдың ақпанында қайта тағайындалды).

140 жыл бұрын (1885-1949) геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Қазақ КСР-і еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Николай Григорьевич КАССИН дүниеге келген.

Ресей Федерациясында туған. Петербор тау-кен институтын бітірген.

1913-1917 жылдары Қазақстандағы геологиялық партиялардың геологы, коллекторы. 1917-1935 жылдары Қазақ КСР Геологиялық комитетінің геологы, аға геологы. 1935-1941 жылдары Орталық Қазақстан ғылыми-зерттеу және геологиялық іздестру институтының сектор меңгерушісі, аға геологы. 1941-1942 жылдары Қазақ геологиялық басқармасының Қазақстан геологиясы бойынша консультанты. 1942-1949 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Геология академиясы институтының аға ғылыми қызметкері, консультанты қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан жерінің геологиялық құрылымын зерттеуге, оның шикізат қорын игеруге арналған. Ол петрография, стратиграфия, геотектоника, металлогения, геоморфология, гидрогеология саласында жұмыс істеп, минералогия және палеонтологиямен де шұғылданған. Қазақстанның геологиялық картасын тұңғыш жасаушылардың бірі, сондай-ақ, Рамазан Борукаевпен бірге Бозшакөл мыс кенін тұңғыш ашқан. «Медные месторождения Северо-Восточного Казахстана» (бірлесіп шығарған), «Вулканизм Казахстана», «Металлогенические процессы Казахстана в связи с его структурой и вулканизмом», «Основные проблемы геологии Казахстана», «Материалы по палеографии Казахстана», «Развитие геологических структур Казахстана» атты еңбектері жарық көрген.

1-дәрежелі Отан соғысы, 2 мәрте Ленин ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 

Соңғы жаңалықтар