1 желтоқсанға дейін «Арселор Миттал Теміртаудың» барлық регресшілері өздерінің заңды өтемақыларын алады - депутат М. Тінікеев

АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - 1 желтоқсанға дейін «Арселор Миттал Теміртаудың» барлық регресшілері, яғни өндірісте денсаулығына зақым алған шахтерлер өздерінің заңды өтемақыларын алады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеев айтты.
None
None
«Мен өткен аптада ҚР Премьер-Министрінде болдым. Үкімет басшысы 1 желтоқсанға дейін «Арселор Митталдың» барлық регресшілері өздерінің төлемдерін алатынын айтты», - деді халық қалаулысы. М. Тінікеевтің сөзіне қарағанда, аталған төлемдерді орындау үшін жұмыс тобы құрылып, оның жұмысы барысында «Арселор Миттал» мен статкомитеттің мәліметтері әртүрлі болғаны анықталды. Атап айтқанда, онда жабылған кәсіпорындардың регресшілері болған. Олардың бір бөлігін статкомитеттің мәліметі бойынша, ал қалғаны «Арселор Миттал» дерегі аясында есептелген. Осыдан кейін статкомитет мәліметі бойынша орташа жалақы 70 мың теңгені құрап, азамат еңбекке жарамдылығын жоғалтса, ол қолына 35 мың теңгеден алады екен. Ал «Арселор Миттал» мәліметі бойынша жалақы 200 мың теңгені қамтып, азаматқа 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. «Дегенмен де олар бірдей шахтада жұмыс істеді ғой және ол жұмысшылардың қандай реніште болғанын түсініңіздер»,-деді депутат. Осы орайда жұмыс тобы бұл жағдайды тексерумен бірден айналысты. «Белгілі болғандай, статкомитет осындай есеп-қисапты ұсынды. Неліктен? Мен сұрау салғаннан кейін, статкомитет маған Қарағанды облысында 12 көмір кәсіпорны бар деген жауап берді. Мен оларға: «Қандай 12 кәсіпорын? Маған толық тізімді беріңіздер» деп айттым. Осыдан кейін олар «Арселор-Миталл Теміртау» құрамына енбеген байыту фабрикасын, разрездерді және 4 шахтаның тізімін жіберді. «Арселор» шахталары қайда? Оларда 8 шахта бар еді ғой» деген сауалды жолдадым. Алайда, олар «Арселор Миталл Теміртауды» металлургияға жатқызыпты», - дейді халық қалаулысы. Оның айтуынша, жұмыс тобы аталған 8 шахтаны көмір өнеркәсібіне енгізуге қол жеткізді.
Соңғы жаңалықтар