1 желтоқсаннан бастап қандай өзгерістер күшіне енеді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгіннен бастап ел азаматтары жеңіл автокөлікті лизинг арқылы сатып ала алады. Ал көлігіне қысқы дөңгелек салмағандар айыппұл арқалайды. Мұнан бөлек, жаңа әуе рейстері мен теміржол бағыттары іске қосылады.
Сонымен елімізде жеке тұлғаларға көлікті лизинг арқылы беру тетігі іске қосылды. Лизинг дегеніміз — ұзақ мерзімге автокөлікті, жабдықты немесе техниканы жалға беру түрі. Лизинг компаниясы белгілі бір мүлікті сатып алып, оны адамдарға өзара келіскен мерзімге пайдалануға береді. Жалға алушы сол мүлікті ай сайын немесе келісім бойынша төлемдер жасап пайдалана алады.

Мерзім аяқталған соң үш түрлі таңдау беріледі:
- Мүлікті толық сатып алу – барлық төлемдер жасалғаннан кейін көлік меншігіңізге өтеді.
- Мүлікті қайтару – мерзім біткен соң көлікті лизинг компаниясына қайтарасыз.
- Жаңа мүлікке ауыстыру – ескі көлікті қайтарып, жаңасын лизинг арқылы аласыз.
– Лизинг – автомобильді ұзақ мерзімге жалға алып, мерзімі аяқталған соң оны толық сатып алуға мүмкіндік беретін құрал. Автонесиеден басты айырмашылығы – сатып алушы көлікті пайдалану кезеңіндегі амортизациясына төлейді, сондықтан жарнасы мен ай сайынғы төлемі арзанырақ шығады. АҚШ-та адамдар екі-үш жыл лизингке алған көлігін пайдаланып, кейін жаңа көлікке ауыстырады. Ең басты қауіп – лизингке көлік берген кәсіпорын банкротқа ұшыраса, адам көліктен айырылып қалуы мүмкін, – деді Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.
Ел заңнамасына сәйкес, бүгіннен бастап ақпанның соңына дейін қысқа арналған дөңгелекпен жабдықталмаған көлік құралын пайдалануға тыйым салынады. Жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерге айыппұл салынады. Бірінші рет полиция құрығына іліккендер 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл төлейді. Ал қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 39 320 теңгеге жетеді.
Айта кетерлігі, 2026 жылдың 1 қаңтарынан елімізде АЕК 4 325 теңге болады. Демек айыппұл көлемі де арта түседі.
FlyArystan әуекомпаниясы 1 желтоқсаннан бастап қысқы маусымда Астана – Үрімші – Астана бағыты бойынша тікелей рейстерді жалғастырады. Рейстер 2026 жылғы 23 наурызға дейін аптасына екі рет: Астанадан Үрімшіге дүйсенбі және сенбі күндері, кері бағыттағы рейстер сейсенбі және жексенбі күндері орындалады.

Астана – Үрімші бағыты бойынша алғашқы рейс 2023 жылғы 21 қыркүйекте орындалып, FlyArystan әуекомпаниясының Қытайға алғашқы әуе қатынасының бастауы болды. Бұл бағыт жолаушылар арасында тұрақты сұранысқа ие, ал Қазақстан мен Қытай арасындағы қолданыстағы визасыз режим туристік және іскерлік сапарлардың өсуіне ықпал етеді.
Таиландтың Thai Air Asia X компаниясы бүгіннен бастап аптасына төрт рейспен Airbus A330 ұшағын пайдалана отырып, Алматы мен Бангкок арасындағы әуе қатынасын ашады. Сонымен қатар, Thai Air Asia X Алматыдан Еуропаның Берлин (Германия) және Манчестер (Ұлыбритания) қалаларына Қазақстанның «ашық аспан» режимінде «әуе еркіндігінің» 5-ші дәрежесімен рейстерді орындауға қызығушылық танытып отыр.
Жаңа рейс Қазақстан мен Таиланд арасындағы туризм алмасуын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін саяхатшылар үшін Алматыға жолды жеңілдетіп, қаланың Орталық Азиядағы туристік орталық ретіндегі беделін арттырады.

14 желтоқсаннан бастап «Алматы — Ташкент» халықаралық бағыты бойынша Тальго пойызының қозғалыс кестесі күнделікті режимге ауысады. Бұл шешім тәулігіне 400-ден астам жолаушыны тұрақты түрде тасымалдауға мүмкіндік береді. Бағытқа жоғары жайлылық деңгейіне ие Тальго құрамдары шығарылады.
Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан және теміржол вокзалдарының билет кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы білуге болады. Пойыздардың нақты келу және жөнелту уақыты туралы ақпарат tablo-railways.kz онлайн-таблосында қолжетімді.
15 желтоқсанынан бастап Тальго №105/106 «Алматы – Петропавл» пойызының қозғалыс кестесі жаңартылады. Енді аталған бағыт бойынша пойыз күнара қатынайды. Бұған дейін маршрут төрт күнде бір рет жүретін. Жиіліктің артуы оңтүстік пен солтүстік өңірлер арасындағы көлік қолжетімділігін күшейтіп, қысқы маусымда жолаушылар үшін жол жүруді едәуір қолайлы етеді.
Бұл бағыт бойынша заманауи Talgo вагондары пайдаланылады. Олар сапардың қауіпсіздігін және жол үстіндегі жайлылықты толық қамтамасыз етеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы бейімделген орындар бөлінген, билет құнына 50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған.
Бір сапарда Тальго пойызымен 600-ден астам жолаушыны тасымалдау мүмкіндігі бар.
24 қарашада ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті мен ІІМ Әкімшілік полиция комитеті жаппай жаңа жылдық мерекелер кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайтуға бағытталған алдын алу іс-шараларының бірлескен жоспарына қол қойды. Соған сәйкес 1 желтоқсаннан бастап ТЖМ мен ІІМ қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған ауқымды профилактикалық науқанды - «Газбаллон», «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника» акцияларын бастайды.

«Газбаллон» акциясы газбаллон жабдығын пайдаланумен байланысты бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Акция аясында автожолдар мен паркингілерде рейдтер жүргізу, үй басқарушы ұйымдардың басшыларымен және тұрғын алаптардың тұрғындарымен кездесулер ұйымдастыру, газ құю станцияларының қызметкерлерімен профилактикалық әңгімелер өткізу көзделген.
«Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясы жаппай жаңа жылдық мерекелерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Эвакуациялық шығуларды, өрт дабылы жүйелерін тексеруді және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтауды, сондай-ақ кәсіпкерлермен және мерекелік кештерді ұйымдастырушылармен кездесулерді қоса алғанда, жаппай жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін орындарда профилактикалық жұмыс жүргізіледі.
«Пиротехника» акциясы пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде өрт пен жарақаттанудың алдын алуға бағытталған. Пиротехниканы сақтау және өткізу орындары бойынша бірлескен рейдтер жоспарланған.

1 желтоқсаннан бастап Мажарстанда Stipendium Hungaricum бағдарламасы бойынша оқуға құжаттарды қабылдау басталады.
Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі арасындағы Stipendium Hungaricum бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум аясында 2026-2027 оқу жылына мына бағдарламалар бойынша 250 оқу гранты бөлінді:
- бакалавриат бағдарламасы бойынша 110 орын;
- магистратура бағдарламасы бойынша 90 орын;
- бакалавриат+магистратура бағдарламасы бойынша 30 орын;
- докторантура бағдарламасы бойынша 20 орын.
Грант келесі шығындарды өтейді:
- тегін оқу;
- ай сайынғы стипендия;
- жатақханада тұру (немесе жалдамалы пәтердің ақысы айына 40 000 HUF шамасында);
- медициналық сақтандыру.
Қалған шығындарды грант иегері өз қаражатынан өтейді.