10 айда 228 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды
Биыл 10 айда 228 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Осы жылдың 10 айында камералдық бақылаумен 11 трлн теңгеге 369 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 50 591 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері кемшіліктерді жою туралы хабарламалардың 94 пайызын орындады. 1 886 аудиторлық іс-шара өткізілді», - деді вице-министр.
Оның дерегінше, аудитпен шамамен 1,3 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды.
«Шамамен 228 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 171 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 879 ұсыным берілді», - деді Дәурен Темірбеков.