10 айда Ұлттық қорға 3,6 трлн теңге түсіп, 3,7 трлн теңге алынған
Он айдың ішінде Ұлттық қордан бюджетке деп алынған трансферттердің көлемі түсімдерден артып кеткен. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Вагапов Үкімет отырысында осындай дерек келтірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Ұлттық қордың активтері жыл басынан 56,3 млрд долларға дейін, 1,1% өсті. Оған инвестициялық табыстың артуы бірден-бір себеп болды. Ол жыл басынан 3,3% артып, 1,83 млрд долларға жетті. Жыл басынан бері қорға түскен түсімдердің барлығы 3,6 трлн теңге болды. Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттер 3,7 трлн болды», - деді Данияр Вагапов.
Сондай-ақ, ол жыл басынан бері теңгенің долларға шаққандағы бағамы 469,64 теңгеге дейін, 1,5% әлсірегенін, бұл сыртқы және ішкі факторға байланысты екенін атап өтті.
«Біріншіден, бұл – доллардың жаһандық нығаюы. Оған АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің қатаң ақша-кредит саясаты әсер етіп отыр. Екіншіден, импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы. Оған жобаларды іске асыру және бюджет қаражатын игеру циклінің жандануы мен басқа да факторлар ықпал етуде», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.