10 қаңтарда республика жолдарындағы ахуал қандай

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.

Жол жабылды
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Ұлттық компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 10 қаңтарда сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Жетісу облысында ауа райының күрт нашарлауына барлық көлік түрі үшін «Үшарал – Достық» автожолының 84-164-шақырым аралығында (Көктұма ауылы – Достық станциясы учаскесі) қозғалыс шектелді.

Шығыс Қазақстан облысында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде қыс аяқталғанша сақталады.

Сонымен бірге «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы жолайрықтың көпір құрылымының шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жолайрығы учаскесі жабылды. Атап айтқанда, Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша жабық.

Еске салайық, синоптиктер 10 қаңтар күні Қазақстанның 14 облысында қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасаған еді.

Соңғы жаңалықтар