10 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 10 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

70 жыл бұрын (1954) мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкілі Мәдина Бинешқызы ЖАРБОСЫНОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы педагогикалық шет тілдер институтын, КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірген. Филология ғылымының кандидаты, 2-сыныпты Төтенше және Өкілетті уәкіл.

Алматы педагогикалық шет тілдер институтының оқытушысы, аға оқытушысы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы болып қызмет атқарған. 1991-1995 жылдары – ҚР Жоғарғы Кеңесі Шетелдік ақпарат және аудармалар секторының меңгерушісі. 1995-1997 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, Халықаралық ұйымдар және халықаралық экономикалық қатынастар басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы. 1997 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің көп жақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары. 1997-1998 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігінің БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының бастығы - 1-департамент директорының орынбасары. 1998-1999 жылдары – ҚР Сыртқы істер министрлігі 1-департаментінің директоры, ҚР Сыртқы істер вице-министрі. 1999-2003 жылдары БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі, ҚР Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қосымша атқарған. 2003 жылдың ақпанынан наурызына дейін – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының төрайымы. 2003 жылдың тамызынан ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша елшісі. 2013 жылдың мамыр айында ЕҚЫҰ Украинадағы жобаларының үйлестірушісі болып тағайындалды. 2014 жылдың маусым айында ЕҚЫҰ-ның Адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды.

68 жыл бұрын (1956) Қазақстанның мәдениет және саясат қайраткері Майра Арапқызы АЙСИНА дүниеге келді.

Бұрынғы Көкшетау, қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Костомаровка ауылында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін математика пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша, Алматы саясаттану және басқару институтын саясаттану мамандығы бойынша, Қазақ гуманитарлық-заң университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1974 жылы Қарағанды қаласы №27 орта мектебінде бастаған. 1994 жылы – ҚР Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің жастар саясаты бас басқармасының бастығы. 1997 жылы – ҚР Білім және мәдениет министрлігінің үйлестіру және бақылау департаменті ұйымдастыру және құжаттамамен қамтамасыз ету басқармасының бастығы. 1997-1999 жылдары – ҚР Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің әкімшілік департаменті директорының орынбасары. 1999-2001 жылдары ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінің әкімшілік департаменті директорының орынбасары. 2001 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің консультанты, білім секторының меңгерушісі. 2005-2006 жылдары ҚР Білім және ғылым вице-министрі. 2006-2007 жылдары «Отан» Республикалық саяси партиясы Орталық аппаратының басшысы, аппарат басшысының бірінші орынбасары. 2007-2011 жылдары IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012-2016 жылдары V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2016-2021 жылдары VІ сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен (2011), «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Ерен еңбегі үшін» (2005), «Астана» (2006), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарімен марапатталған.

66 жыл бұрын (1958) саяси ғылымдар докторы, профессор, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, РФ Саяси ғылымдар академиясының мүшесі, Әлихан Бөкейханов атындағы университеттің ректоры Шырын Асылханқызы ҚҰРМАНБАЕВА дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында туған. ҚазМУ-дің тарих факультетін (1980, қазіргі ҚазҰУ) және Қазақ заң академиясын (2000) бітірген. Тарихшы, саясаттану ғылымның докторы (2003), профессоры (2006). Ресей саясаттану академиясының толық мүшесі. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері (2004).

Еңбек жолы: 1980-1982 жылдары Семей мал дәрігерлік институтында ассистент, 1982-1998 жылдары Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялық институтында стажер-ізденуші, оқытушы, аға оқытушы, доцент, 1998-2000 жылдары Қазақ заң академиясы Семей бөлімшесінің және 2000-2003 жылдары Семей заң институтының директоры, 2003-2007 жылдары Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры, 2007-2009 жылдары Семей университетінің президенті қызметтерін атқарды.

Қазіргі қызметін 2009 жылдан бері атқарып келеді.

51 жыл бұрын (1973) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының проректоры Маралбек Ақылбекұлы ЕСІМОВ дүниеге келді.

Ақмола облысы Жақсы ауданында туған. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген (1998).

Еңбек жолы: Ақмола облысы Жақсы аудандық ІІБ күзет бөлімінің электр монтері (1990-1991, 1993-1994); Қостанай облысының прокуратурасында қызмет (1998-2005); бөлім прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Кадр жұмысы департаментінің Ұйымдастыру-талдау басқармасының бастығы (2005-2012); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық көлік басқармасының бастығы (2012-2018); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы (2018-2019).

2019 жылдың наурыз айынан бері қазіргі қызметінде.

48 жыл бұрын (1976) VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Сәдуақасұлы ҚОЖАСБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысы Сарқан ауданында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысы қаржы полициясының қызметкері (1999-2004); Күрделі құрылыс, инвестициялық жобалар департаментінің директоры; әртүрлі компаниялардағы бас менеджер; «Парасат Холдингі» АҚ вице-президенті; «Энерго-Инжиниринг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы; «Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы (2018-2020); «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Өңірлік даму институты» АҚ басқарма төрағасы (2020-2023).

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

40 жыл бұрын (1984) Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Мұхамедәліұлы ҚАЮПОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген, экономика магистрі; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы АМУ, мемлекеттік басқару магистрі.

Еңбек жолы: «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының жастарды жұмыспен қамту жобасының аға үйлестірушісі (2010-2011); Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы (2011-2012); Қызылорда облысының жастар саясаты басқармасының бас маманы (2012-2013); Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің маманы (2013); Қызылорда облысы әкімі аппаратының Қоғамдық келісім орталығының бас сарапшысы; Қызылорда қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы, Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз хатшысы; қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы (2018-2020); Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары (2020-07.2024).

2024 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.

37 жыл бұрын (1987) Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі Әсет Нұрланұлы ТҰРЫСОВ дүниеге келді.

Мәскеу қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің «Математикалық және компьютерлік модельдеу бакалавры» мамандығын бітірді. 2017 жылы «Экономика бакалавры» мамандығы бойынша «Нархоз» университетін аяқтады.

Еңбек жолын 2009 жылы «Қазақтелеком» АҚ ақпараттық жүйелер дирекциясының операциялық жүйелерді басқару бөлімінің инженер-жүйе әкімшісі болып бастаған. 2011-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің сарапшысы, бас сарапшысы болып қызмет етті. 2014 жылы Астана қаласындағы «Халыққа қызмет ету орталығы» РМК, 2014-2018 жылдары «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры лауазымында қызмет етті. 2017 жылдан «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры. 2018-2021 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

Соңғы жаңалықтар