10 қараша. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 10 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстанда цифрландыру және ақпараттық технология қызметкері күні
2022 жылғы қарашада «ҚР мерекелер тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес мереке күндерінің тізбесіне «10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкері күні» қосылды. Бұл кәсіби мерекенің енгізілуі цифрлық трансформацияны жүзеге асыратын мемлекеттік қызметкерлер, IT кәсіпкерлер және IT нарығының қатысушылары үшін маңызды. Олар барлық салалардағы трансформация драйверлері және еңбек нарығында ең көп сұранысқа ие.
Дүниежүзілік жастар күні
1945 жылдың 29 қазаны мен 10 қарашасы аралығында Лондонда Дүниежүзілік жастар конференциясы өтті. Атаулы күн Дүниежүзілік жастар федерациясының бір жылдығына орай құрылған. Ол алғаш рет 1947 жылы Прагада, Чехияда аталып өтті.
Дүниежүзілік Демократиялық Жастар Федерациясы – халықаралық демократиялық жастар қозғалысының орталығы. Ол нәсілдік, саяси, діни, ұлттық және басқа да ерекшеліктерге қарамастан әртүрлі елдердің жастарын біріктіреді.
Халықаралық бейбітшілік пен даму жолында қызмет ететін ғылым күні
2001 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген. 2002 жылдан бері аталып өтіп келеді.
Халықаралық бухгалтерлер күні
Бухгалтерияға арналған әлемдегі алғашқы кітаптың баспадан шығарылуына байланысты аталып өтеді. 1494 жылы Лука Пачиоли Венецияда «Арифметика, геометрия және пропорция туралы мағлұматтар» атты кітабын шығарып, соның бір тарауын бухгалтерияға арнады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1921 жылы Қазақстан Орталық Атқару комитеті «Мал ұрлығымен күрес жүргізу туралы» декрет шығарды.
1940 жылы кирилл графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі жасалды. Қазақ-кирилл әліпбиі – Қазақстанда, Моңғолияда және Өзбекстанда қазақ халқы қолданатын әліпби. С.А. Аманжолов ұсынған алфавитте 42 әріп бар, соның 33-і орыс алфавитінің әріптері, ал 9-ы орыс тілінде жоқ, қазақ тілінің дыбыстарын өрнектеу үшін қосымша түрде жасалған Ә, Ғ, K, Ң, Ө, Ұ, Y, h, I әріптері. О баста қазақ әріптері орыс алфавитінің әріптерінен кейін орналастырылған болатын, ал кейіннен ұқсас әріптердің жанына көшірілді.
2003 жылы «Қазақстан Ипотекалық несиелерді кепілдендіру қоры» АҚ құрылды.
2004 жылы Қазақстанның Президенті «Қазақстан Республикасында 2005-2007 жылдары «Электрондық үкімет» Мемлекеттік бағдарламасын ұйымдастыру туралы» Жарлыққа қол қойды.
2005 жылы «Қазпошта» АҚ жаңа жылға арналған пошта маркасын айналымға енгізді. Онда «Бәйтерек» сәулет ескерткіші, шырша және жаңа жыл сағаты бейнеленген. Марка Бейжіңдегі (ҚХР) пошталық төлем белгілері фабрикасында, 50 мың данамен басылып шықты. Марканы безендірген суретші – Ринат Жапалов.
2011 жылы Үндістанда Қазақстанмен достық мәселесі жөніндегі парламенттік топ құрылды. Оның құрамына Үндістан Парламентінің жоғарғы және төменгі палаталарының белгілі өкілдері кірді.
2013 жылы Өскеменде Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік-жекешелік әріптестің аясында толық циклды автомобиль зауытының құрылысы басталды.
2013 жылы Түркияның Болу провинциясында «Көроғлы» атты бірінші Халықаралық мәдениет және өнер фестивалі өтті. Фестиваль аясында қазақ халқының көне дәстүрі мен салтын қамтып көрсететін экспонаттар, Қазақстан туралы баспа өнім ұсынылған. Бұдан басқа, келушілердің назарына елшілік шығарған кітаптар – ҚР Президенті Н. Назарбаевтың таңдамалы шығармаларының түрік тіліндегі бес томдығы, «Қазақстан-Түркия: достық пен ынтымақтастықтың 20 жылы» кітабының қазақ және түрік тілдеріндегі нұсқалары және «Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік ауқымдағы көшбасшы» атты түрік тіліндегі кітап ұсынылған.
2014 жылы ХҒС халықаралық экипажы бар «Союз ТМА-13М» ғарыш кемесінің аппараты Мәскеу уақытымен сағат 6:58-де Арқалық қаласынан шамамен 82 шақырым жерге қонды. Экипажбен бірге салмақсыздық жағдайының көп жасушалы жоғары дамыған организмдердің дамуына әсерін зерттеу үшін шығарылған дрозофил-шыбындардың «ғарыштағы ұрпағы» да Жерге түсті. Бұл зерттеулер аса құнды, олар алыс ғарышты зерттеуге қызмет етеді.
2018 жылы Астанадағы «MEGA Silk Way» сауда, ойын-сауық орталығында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған «D10 WORLD» көрмесі ашылды. Жалпы ауданы 400 шаршы метрден асатын аумақта авторлық фотожұмыстар, Олимпиада чемпионына тиесілі заттар қойылған. Онда маңызды спорттық сайыстарда түсірілген суреттермен, әріптестері мен достары ұсынған видеожобалармен, сонымен қатар Денистің шығармашылық бағыттағы жеке жұмыстарымен танысуға болады.
2020 жылы Халықаралық Түркі академиясы бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнаған, венгриялық түркітанудың негізін қалаушылардың бірі, ұлы ғалым, танымал шығыстанушы, түркітанушы Дьюла Неметтің 130 жылдығына арналған «Венгриялық түркітану» халықаралық онлайн-конференциясын өткізді. Конференция аясында Венгрияның танымал ғалымы Конгур Иштван Мандокидің «Ажырамас тамырлар» атты кітабының алғаш рет қазақ тілінде басып шығарылған нұсқасы таныстырылды. Кітапта Венгриядағы құман қыпшақтардың тілі мен ежелгі атауларына қатысты көптеген материалдар мен зерттеулер бар.
2020 жылы қазақстандық кинорежиссер Арман Баймұратовтың «Өзгеріс» кинокартинасы Қытайда өткен VIII Азиялық қысқаметражды фильмдер фестивалінде (Asia Microfilm Art Festival) Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің арасында қысқаметражды фильмдер номинациясында үздік танылды.
2022 жылы Астанада «Asia Grains & Oils Conference in Qazaqstan 2022» халықаралық конференциясы өтті, онда Орталық Азияның астық және майлы дақылдар нарығының ірі қатысушылары: экспорттаушылар, өңдеушілер, инвесторлар, логистер, сарапшылар, заңгерлер бас қосты. Өз сөзінде ҚР Астық өңдеушілер одағының басшысы Әлихан Талғатбек 2022 жылы Қазақстан 1,85 миллион тонна ұн экспорттайтынын мәлімдеді. Қайта өңдеушілер одағының президенті үкіметті астық емес, ұн экспортына жіті назар аударуға шақырды.
2023 жылы Анталияда (Түркия) өткен көппәндік халықаралық олимпиадада Алматы қаласының №144 мектеп-гимназиясының оқушылары жүлделі орындарға ие болып, 24 жүлдені жеңіп алды, оның ішінде зияткерлік сайыстың бас жүлдесі – Туризм академиясында оқуға грант берілді. Олимпиадаға 14 елден 750 оқушы қатысты. Турнирге Алматы қаласының №144 мектеп-гимназиясынан 12 оқушы аттанды.
2023 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді.