10 қыркүйек. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР
124 жыл бұрын (1894-1938) мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, көркемсөзші, ұстаз, ғалым, публицист ҚОЖАНОВ Сұлтанбек Қожанұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Ақсүмбе ауылыда туған. Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін (1910), 3 сыныптық қалалық мектепті (1913), Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Мәскеуде БК (б) П ОК Марксизм-ленинизм курсын (1927) бітірген.
Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ. Қожықов, Қ. Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдау танытып, оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқасты ету деп бағалады.
Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылғы қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1919 - 1920 жылдары Сырдария уезі төрағасының орынбасары, Түркістан уездік-қалалық атқару кентінің, Сырдария облыстық революциялық кентінің төрағасы болды.
1920 жылдың соңына қарай Түркістан Республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті.
Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. «Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан Республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды.
1922 - 1924 жылдары Түркістан КП кентінің хатшысы, атқару кенті төрағасының орынбасары, РК (б) П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Орталық Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде (1924) айрықша танылды. 1924 жылы қарашада РК (б) П Қазақ обкомының (1925 жылы ақпаннан - Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына - «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті.
1925 жылы қарашада БК (б) П орталық кентіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға, 1928 жылы Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшы болды. Бүкілодақтық ауыл шаруа-шылығы ҒА-ның (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929 - 1931 жылдары Орта Азия мақта кентінің директоры қызметін атқарды. 1931 - 1932 жылдары БК (б) П ОК аппаратында істеді. Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы (1924), «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шыққан. РК (б) П ОК ұлт қызметкерлерімен өткізген Төртінші кеңесінде (1923), РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ И. В. Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында Қожановтың саяси көзқарастары мейлінше айқын тұжырымдалған. Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.
79 жыл бұрын (1939) философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы АЙТАЛЫ Амангелді Әбдірахманұлы дүниеге келді.
Ресейдің Астрахань облысы, Володарск ауданына қарасты Болдырево ауылында туған. 1964 жылы Атырау педогогикалық институтын, 1967 жылы ҚАЗҰУ-дың аспирантурасын тәмәмдаған.
Орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Философия ғылымдарының докторы, профессор. Ұзақ жылдар білім және ғылым саласында қызмет еткен. 1999-2004 жылдар аралығында екінші шақырылымдағы және 2004-2007 жылдардағы үшінші шақырылымдағы Парламент депутаты. Бірнеше ғылыми-көпшілік кітаптардың және жүздеген ғылыми мақалалардың авторы.
«Құрмет белгісі, «Парасат» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің гамотасымен марапатталған.
69 жыл бұрын қоғам қайраткері, «Дос-Мұқасан» тобының негізін қалаушылардың бірі әрі оның мүшесі ОМАРОВ Шәріп (1948-2007) дүниеге келді.
61 жыл бұрын (1957) Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы аппаратының басшысы КАМАЛОВ Бахтияр Камалұлы дүниеге келді.
Ол Хожейлі қаласында (Қарақалпақ АССР) туған. Филолог, экономист және заңгер мамандықтары бойынша үш жоғары білім иесі.
Еңбек жолы: орыс тілі мұғалімі (1980-1981); Алматы қаласы комсомол ұйымдарының бөлім инструкторы, Техникалық училище Комсомол комитетінің хатшысы (1981 жылдан); комсомолдардың Алматы обкомында бөлім инструкторы, Алматы облыстық атқару комитетінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы (1984-1987); Саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, Алматы қаласы Мәскеу аудандық комитеті комсомол ұйымдары, аудандық партия ұйымы бөлімінің меңгерушісі (1987-1991); Алматы қаласы жұмыспен қамту аудандық орталығының директоры (1991-1992); жұмыспен қамту бас басқармасы басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінің жұмыспен қамту департаменті төрағасының орынбасары (1992-1994); Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы бақылау бас инспекциясының сарапшысы (1994-1995); «Промстройпроект» АҚ директорының коммерция және кәсіпкерлік жөніндегі орынбасары (1995-1996); ҚР Экономика және сауда министрлігінің құрылымында басшылық қызметтер атқарған (01.1997-12.1997); Алматы қаласы тәртіптік кеңесінің меңгерушісі (1997-2008); ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетінің қаржылық бақылау инспекциясы бөлімінің бастығы (2008-2009); ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі Алматы қаласындағы ұйымдастыру басқармасының бөлім бастығы (2011-2012); ҚР Әділет министрлігі Алматы қаласындағы Кадрлар департаментінің директоры (2012-2013); ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі министрлігі Алматы қаласы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы (2013-2014); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігінде Алматы қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары - Алматы қаласы Әдеп кеңесінің төрағасы (2014-2016); Мемлекеттік қызмет министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы - Әдеп кеңесінің төрағасы (2016); ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы (2016-2017).
Қазіргі лауазымын 2017 жылдың мамырынан бері атқарып келеді.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен ҚР тәуелсіздігінің 10 жылдығы мерейтойлық медалімен марапатталған.
57 жыл бұрын (1961) ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары ҚОЛҚАБАЕВ Марат Өмірбекұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Алматы энергия құрылыс техникумын, КСРО МҚК Жоғарғы курсын тәмәмдаған.
Еңбек өтілі: Алматы ЖЭО-1 жоғары қысым қазандықтарының машинисі (1982-1984); КСРО МҚК Жоғары курсының тыңдаушысы (1984-1989); Қазақ КРО МҚК тергеу бөлімінің тергеушісі (1989-1995); ҚР ҰҚК басшы лауазымдарда жұмыс істеді (1995-2003); ҚР ҰҚК 9-шы тергеу департаментінің бастығы (2003-2009); ҚР ҰҚК Департамент бастығы (2003-2009); ҰҚК Астана қаласы бойынша департамент бастығы (2009-2011); ҰҚК 9-шы тергеу департаментінің бастығы (2011-2013).
Қазіргі лауазымында 2013 жылғы қазаннан бастап.
52 жыл бұрын (1966) Қазақстанның «Атамекен одағы» ҰКП президиумының төрағасы, кәсіпкер, Қазақстандағы энергетикалық секторлар мен мұнай-газ кәсіпорындарын біріктіруші KAZENERGY қауымдастығының төрағасы, экономика ғылымының кандидаты ҚҰЛЫБАЕВ Тимур Асқарұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1988-1990 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Жоспарлау және нормативтер ғылыми-зерттеу экономикалық институтының экономисі, кіші ғылыми қызметкері. 1990-1992 жылдары - Қазақстанның Мәдени, әлеуметтік және ғылыми-техникалық даму қоры Ғылыми-консультациялық орталығының директоры. 1992-1997 жылдары - «Алтын Алма» Концерні» АҚ бас директоры, президенті, Қазақстанның халықаралық даму қорының бас директоры, «Altyn Alma» сауда үйінің президенті, «Алтын Алма» жабық үлгідегі акционерлік қоғамының президенті. 1995-1997 жылдары - «Алматы сауда-қаржы банкі» ЖАҚ Бақылау кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеті Жобаларды бағалау және келіссөздер жүргізу дирекциясының директоры. 1997-1999 жылдары - «Казақойл» Ұлттық мұнайгаз компаниясы» ЖАҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті. 1999-2001 жылдары - «ҚазТрансОйл» Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы» ЖАҚ президенті, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ бас директоры. 2001-2002 жылдары - «Мұнай және газ тасымалдау» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бас директоры. 2002 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бірінші вице-президенті болған. 2002 жылдан бері «ҚазТрансОйл» ЖАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. 2006-2007 жылдары - «Самұрық» Ұлттық холдингтік компаниясы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. 2008 жылдың қазанынан - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. 2009 жылдың қаңтарынан - Қазақстан бокс федерациясының президенті. 2010 жылдан - Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитеті атқару комитетінің мүшесі. 2010 жылдың наурызынан Қазақстан Республикасы кәсіпкерлер бірлестігі үйлестіру кеңесінің мүшесі. 2010 жылдың сәуірінде «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы төралқасының төрағасы болып сайланған. 2010 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің құрамына кірген. 2011 жылдың 12 сәуірінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған. «ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. «Қазатомөнеркәсіп ұлттық атом компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Қазақстанның «Атамекен одағы» ҰЭП президиумының төрағасы (2010 жылдан). Қазақстан Республикасы бокс федерациясының төрағасы. «Газпром» ААҚ директорлар кеңесінің мүшесі (2011 жылдың маусымынан)
ІІІ дәрежелі «Барыс», «Құрмет», Достық, ІІ дәрежелі князь Даниил Московский ордендерімен, медальмен марапаттаған. Seimar Open 2000 гольфтан 3 жыл сайынғы қазақстандық турнирде 1 орынды жеңіп алған.
43 жыл бұрын (1975) қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Айдос САРЫМ Әміроллаұлы дүниеге келген.
Ол Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Тарих» мамандығымен бітірген.
Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Архивтер және құжаттамалар бас басқармасының бас инспекторы, кеңесшісі; Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері; Атырау облыстық Ішкі саясат департаментінің директоры; Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі; «Ақ жол» партиясының баспасөз хатшысы, кеңесшісі; «Нағыз Ақ жол» партиясы теңтөрағасының кеңесшісі; «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары; Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы директорының кеңесшісі (05.2017-08.2018).
Қазіргі лауазымын атқаруға 2018 жылдың тамызында кірісті.
42 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі кеңсесі басшысының орынбасары АЙТАЕВ Ренат Құрметжанұлы дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Д.М.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген, инженер-экономист, заңгер.
1999-2000 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық статистика басқармасында өнеркәсіп кәсіпорындарына мониторинг бөлімінің бас маманы. 2000-2002 жылдары - ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінің талдау және болжау департаментінің жетекші, бас маманы. 2002-2003 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің кірістер мен келісімшарттар департаментінің кедендік кірістер бөлімінің бастығы. 2003-2008 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитетінің басқарма бастығы. 2008-2009 жылдары - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық қамтамасыз ету департаменті директорының міндетін атқарушы, директоры. 2009-2010 жылдары - ҚР Индустрия және сауда министрлігінің индустриялық-инновациялық дамуды салааралық үйлестіру департаментінің директоры. 2010 жылғы сәуір-маусым айларында - ҚР Индустрия және сауда министрлігінің индустриялық саясат департаментінің директоры. 2010 жылғы маусым-қазан айларында - ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары; ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі (2010-2017).
Қазіргі лауазымын 2017 жылғы қаңтардан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен (2013); ІІІ дәрежелі «Еуразия экономикалық одағын құруға қосқан үлесі үшін» медалімен (2015) наградталған.