10 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

ЕСІМДЕР
128 жыл бұрын (1894-1938) мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист, ұстаз Сұлтанбек Қожанұлы ҚОЖАНОВ дүниеге келген.
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Ақсүмбе ауылында туған. Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін (1910), 3 сыныптық қалалық мектепті (1913), Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған.
Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ. Қожықов, Қ. Болғанбаев, С. Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдау танытып, оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқасты ету деп бағалады. Өлкеде кеңестік билік тұсында болған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылғы қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1919-1920 жылдары Сырдария уезі төрағасының орынбасары, Түркістан уездік-қалалық атқару кентінің, Сырдария облыстық революциялық кентінің төрағасы болды. 1920 жылдың соңына қарай Түркістан Республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтың тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. «Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды.
1922 жылы Түркістан Республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды. 1922-1924 жылдары Түркістан КП кентінің хатшысы, атқару кенті төрағасының орынбасары, РК (б) П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Орталық Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде (1924) айрықша танылды. 1924 жылы қарашада РК (б) П Қазақ обкомының (1925 жылы ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберілді.
Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсында бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. 1925 жылы қарашада БК (б) П орталық кентіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға, 1928 жылы Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді.
Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшы болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ҒА-ның (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды.
1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929-1931 жылдары Орта Азия мақта кентінің директоры қызметін атқарды. 1931-1932 жылдары БК (б) П ОК аппаратында істеді.
Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы (1924), «Түркістанның Советтік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шыққан. РК (б) П ОК ұлт қызметкерлерімен өткізген Төртінші кеңесінде (1923), РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ И.В. Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында Қожановтың саяси көзқарастары мейлінше айқын тұжырымдалған.
Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.
83 жыл бұрын (1939) философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Амангелді Әбдірахманұлы АЙТАЛЫ дүниеге келді.
Ресейдің Астрахань облысы Володарск ауданына қарасты Болдырево ауылында туған.
1964 жылы Атырау педогогикалық институтын, 1967 жылы ҚазҰУ-дың аспирантурасын тәмәмдаған. Орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Философия ғылымдарының докторы, профессор. Ұзақ жылдар білім және ғылым саласында қызмет еткен.1999-2004 жылдар аралығында екінші шақырылымдағы және 2004-2007 жылдардағы үшінші шақырылымдағы Парламент депутаты.
Бірнеше ғылыми-көпшілік кітаптың және жүздеген ғылыми мақаланың авторы.
«Құрмет белгісі, «Парасат» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің гамотасымен марапатталған.
74 жыл бұрын (1948-2007) қоғам қайраткері, «Дос-Мұқасан» тобының негізін қалаушылардың бірі әрі топ мүшесі Шәріп ОМАРОВ дүниеге келді.
Жамбыл облысы Талас ауданы Тамды ауылында туған. 1970 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. 1972 жылы осы оқу орнының аспирантурасын бітірген.
1988 жылы Алматы жоғарғы партия мектебін, 1997 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолы: 1970-1972 жылдары Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің инженері, ассистенті, комсомол комитеті хатшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 1972-1977 жылдары Алматы қаласы Совет ауданы комсомол комитетінің хатшысы, Алматы қаласы комсомол комитетінің хатшысы. 1977-1985 жылдары Алматы қаласы Совет ауданы партия комитетінде бөлім меңгерушісі, Алматы қаласы партия комитетінде бөлім меңгерушісі. 1985-1987 жылдары Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің шетелдік туризм КП ОК-інде бөлім меңгерушісі. 1987-1990 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты. 1988-1989 жылы Алматы қаласы партия комитетінің 2-хатшысы. 1989-1990 жылдары КПСС ОК-нің идеологиялық бөлімінде жауапты ұйымдастырушы. 1990-1991 жылдары Алматы облысы партия комитетінің хатшысы. 1991-1993 жылдары ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары. 1993-1994 жылдары мемлекеттік «Қазақстан» телерадио компаниясы төрағасының орынбасары. 1994-1995 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 1996-1999 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағасы болған. 1999-2004 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағасы. 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.
65 жыл бұрын (1957) Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Теміртай Рымтайұлы Ізбастин дүниеге келді.
Павлодар облысында туған. 1980 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын, 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «заңгер» мамандығы бойынша, 1999 жылы Ресей СІМ Дипломатиялық академиясының халықаралық дипломатиялық курсын, 2015 жылы София университетін (Болгария) бітірген.
Еңбек жолы: 1994-1997 жылдары Мажарстандағы және Қытайдағы Қазақстан елшіліктерінде жұмыс істеді. 1997-2001 жылдары – Дюссельдорф-Мейрбуше қаласындағы (ГФР) ҚР консулы. 2002-2005 жылдары – Австриядағы ҚР елшілігінің консулы, кеңесшісі.
2005-2009 жылдары ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінде басқарма бастығы, директордың орынбасары және департамент директорының міндетін атқарды.
2009-2019 жылдары – Болгариядағы Қазақстанның Дипломатиялық миссиясының басшысы.
Қазіргі қызметінде 2019 жылдың қараша айынан бастап.
47 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Айдос Әміроллаұлы САРЫМ дүниеге келген.
Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Тарих» мамандығымен бітірген.
Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Архивтер және құжаттамалар бас басқармасының бас инспекторы, кеңесшісі; Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері; Атырау облыстық Ішкі саясат департаментінің директоры; Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі; «Ақ жол» партиясының баспасөз хатшысы, кеңесшісі; «Нағыз Ақ жол» партиясы теңтөрағасының кеңесшісі; «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары; Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы директорының кеңесшісі (05.2017-08.2018). ҚР Қоғамдық даму министрінің кеңесшісі (2018 жылғы тамыздан).
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі (07.2019 жылдан бастап).
46 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппаратының басшысы Ренат Құрметжанұлы АЙТАЕВ дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Д.М. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Инженер-экономист, заңгер.
Еңбек жолы:1999-2000 жылдары – Шығыс Қазақстан облыстық статистика басқармасында өнеркәсіп кәсіпорындарына мониторинг бөлімінің бас маманы. 2000-2002 жылдары – ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігінің талдау және болжау департаментінің жетекші, бас маманы. 2002-2003 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі кірістер мен келісімшарттар департаментінің кедендік кірістер бөлімінің бастығы. 2003-2008 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің басқарма бастығы. 2008-2009 жылдары – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық қамтамасыз ету департаменті директорының міндетін атқарушы, директоры. 2009-2010 жылдары - ҚР Индустрия және сауда министрлігінің индустриялық-инновациялық дамуды салааралық үйлестіру департаментінің директоры. 2010 жылғы сәуір-маусым айларында – ҚР Индустрия және сауда министрлігінің индустриялық саясат департаментінің директоры. 2010 жылғы маусым-қазан айларында – ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары; ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі (2010-2017). Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Әдеп жөніндегі уәкілі – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары (2017-2019). Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы хатшылығының меңгерушісі (2019-2022).
Қазіргі лауазымын 2022 жылдан бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен (2013); ІІІ дәрежелі «Еуразия экономикалық одағын құруға қосқан үлесі үшін» медалімен (2015) наградталған.
45 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Жарылқасынұлы ҮМБЕТОВ дүниеге келді.
Өзбекстан Республикасы Тәшкент облысы Шыршық қаласында туған. 1994 жылы Шыршық жоғары танк басқару-инженерлік училищесін, Ұлттық қорғаныс университетін бітірген.
Еңбек жолы: Шымкент қаласында рота командирі, штаб бастығы, батальон командирі, Павлодар, Өскемен, Қарағанды қалаларында әскери қызметте, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары болған.
Қазіргі қызметінде 2022 жылдың мамыр айынан бастап.
«Отан» орденімен, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін медальдарымен, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 20 жыл» мерейтойлық медальдармен марапатталған.
«Алтын жұлдыз» айрықша белгісімен бірге Қазақстанның Халық қаһарманы құрметті атағын иеленді.