10 мамыр. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 10 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
77 жыл бұрын (1948) география саласындағы ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор, 2016 жылы Ресей әлеуметтік географтары қауымдастығының (АРГО) құрметті шетелдік мүшесі атағын алған тұңғыш қазақстандық экономикалық географ Шеріпжан Марупұлы НАДЫРОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын жаратылыстану-география факультеті бойынша бітірген. 1981 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің мамандандырылған кеңесінде «Рудно-Алтай аумақтық өндірістік кешенінің қалыптасуы мен дамуының экономикалық-географиялық мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. География институтының мамандандырылған кеңесінде «Қазақстан Республикасы мен Қытай Автономиялық Республикасының халық шаруашылығындағы аумақтық құрылымдардың трансформациясының экономикалық-географиялық мәселелері және интеграциялық процестердің дамуы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.
Еңбек жолы: 1971-1982 жылдары Қазақ КСР ҒА География секторында аға инженер, кіші ғылыми қызметкер, 1977-1980 жылдары Қазақ КСР ҒА География институтының аспиранты, 1982-1985 жылдары Қазақ КСР ҒА География секторының (институтының) аға ғылыми қызметкері, 1985-1989 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің экономикалық география кафедрасының аға оқытушысы, 1989-1996 жылдары ҚР Ұлттық ғылым академиясының Шығыстану институтының экономикалық және саяси қатынастар бөлімінің аға ғылыми қызметкері, 1996-1998 жылдары Экономикалық және саяси байланыстар бөлімінің меңгерушісі, ҚР ҰҒА Шығыстану институты директорының орынбасары, 1998-2000 жылдары ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының экономикалық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі, 2000-2003 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі География институтында бас ғылыми қызметкер, 2003-2005 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экономикалық және әлеуметтік география кафедрасының профессоры, 2008-2010 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география факультетінің деканы, 2010 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультеті география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының профессоры.
36 жыл бұрын (1989) Astana Hub негізін қалаушы және бас директоры Мағжан Дінмұхаммедұлы МӘДИЕВ дүниеге келді.

2013 жылы Алматы қаласында туған. Шанхай қаласындағы Фудан университетін бітірген.
Еңбек жолы: 2013 жылы Интернет-маркетинг саласындағы кәсіпкер; Naimi.kz стартапын құрды, 2016-2018 жылдары «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі стратегиясының авторы; технопаркті іске қосуға қатысты, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі; Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі жанындағы Цифрлық кеңсесінің сарапшысы.
115 жыл бұрын (1910-1970) мемлекет қайраткері, ғалым Махмұд САПАРҒАЛИЕВ дүниеге келген.

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған.
РКФСР халық ағарту халкомының бір жылдық курсын бітірген.
Орал облыстық оқу бөлімінде инспектор әрі медицина техникумында оқытушы, облыстық жер басқармасы бастығының орынбасары, облыстық атқару комитетінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Кейін Ембі мұнай кәсіпшілігін, Мақат аудандық партия комитетін басқарған. 1944 жылы Республикалық жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1945-1953 жылдары сауда министрі қызметін атқарған. 1955-1959 жылдары — Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облысы комитетінің бірінші хатшысы, 1959-1965 жылдары — Қазақ КСР Ішкі істер министрі. Өмірінің соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының сектор басшысы, Философия және құқық институтының аға ғылыми қызметкері болды. «Қазақ КСР тарихын» шығаруға атсалысқан.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
96 жыл бұрын (1929-1989) жазушы-аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Кәкімжан ҚАЗЫБАЕВ дүниеге келген.

Алматы облысы Сарқан ауданындағы Ағарту кеңшарында, қазіргі Кәкімжан Қазыбаев ауылында туған. Еңбек жолын Ұлы Отан соғысы жылдарында ұжымшарда есепші болып бастаған. 1952 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін үздік аяқтады. Әр жылдарда республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде редактордың орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, хатшысы, Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары болды.
1974-1982 жылдары аралығында ҚазТАГ (қазіргі «ҚазАқпарат» ХАА) директоры қызметін атқарды. Бұдан соң, Қазақстан Компартиясының хатшысы болып сайланып, ҚКПОК Бюро мүшесі болған. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған. Оның қаламынан туған көптеген мақалалар мен очерктер, көркем әдеби және публицистикалық туындылар, «Кернеген кек», «Құпия», «Ызғар», «Сұрапыл», «Октябрь өрендері», «Ақиқатқа ар серік», «Аманат», «Қышыма» атты романдары мен повестері оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған. Орыс тілінде «Изморозь», «Наказ», «Советский Казахстан» және «Қара сел» атты үш актілі пьеса жазған. Қаламгер жайында «Көзден кетіп, көңілде қалған», «Азамат еді еңселі» деген атпен естелік кітаптар шыққан.