10 маусым. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

10 маусым, ЖЕКСЕНБІ
Португалия Республикасының Ұлттық мейрамы - Португалия күні (1580). Қазақстан Республикасы мен Португалия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 19-да орнатылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
16 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңы қабылданды.
14 жыл бұрын (1998) Астана қаласында Қазақстан Республикасының жаңа астанасын ресми таныстыруға арналған салтанатты мәжіліс өтті. 1994 жылы ҚР Парламенті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. 1997 жылы қазанның 20-ында астананы ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы мамырдың 6-ында Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. Маусымның 10-ы 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде атап өтіліп келді. 2006 жылдан бастап шілденің 6-ы елорда күні ретінде атап өтіледі.
12 жыл бұрын (2000) Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұражайы ашылды.
9 жыл бұрын (2003) Астана - Бурабай бағытында жаңа «Оқжетпес» электрпоезі қатынай бастады.
7 жыл бұрын (2005) Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақ ұлттық музыка академиясында орган залының ашылу салтанаты өтті.
7 жыл бұрын (2005) Астанада Елбасының қатысуымен Жастар саябағы ашылды.
7 жыл бұрын (2005) Астанада бес жұлдызды «Риксос Президент Отель Астана» қонақ үйі ашылды. Не бәрі 9 айдың ішінде салынып біткен аталмыш ғимарат Rixos Group халықаралық қонақ үйлер желісі мен Түркияның Sembol İnşaat компаниясының Қазақстанның Елордасындағы алғашқы ірі жобаларының бірі. Қонақ үй астананың жаңа әкімшілік орталығында халықаралық әуежайдан 12 шақырым жерде орналасқан.
7 жыл бұрын (2005) Астанада жаңа ашылған студенттер бағы мен Ислам орталығының алдында екі субұрқақ кешені ашылды.
278 жыл бұрын (1734) Ресей патшайымы Анна Иоанновна Әбілқайырға грамота жберіп, Ор өзенінің жоғарғы ағысына қала салуға рұқсат берді. Онда: «Біз өзіміздің қоластымыздағы халықтардың тыныштығын сақтап, екі жаққа да тиімді коммерциялық жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Ор өзенінің Жайыққа құярлығындағы мекенге қала салуды ұйғардық», - делінген.
78 жыл бұрын (1934) Алматыда халық өнері өкілдерінің бірінші бүкіл қазақстандық слеті басталды. Маусымның 15-іне дейін созылған слетке Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі секілді ақындар қатысты.
43 жыл бұрын (1969) Қазақстандағы Жалаңашкөл, Тасты маңайындағы (бұрынғы Семей облысы) кеңес-қытай шекарасында қарулы қақтығыс болды.
7 жыл бұрын (2005) Жезқазғанның Достық пен халықтар мәдениеті үйі алдында ақын Тайжан Қалмағамбетовқа ескерткіш орнатылды.
Тайжан Қалмағамбетов (1879-1937) - суырып салма ақын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қатысушысы. Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туған. Сталиндік тәртіп кезінде «халық жауы» атанып 1937 жылдың 26-шы қыркүйегінде ату жазасына тартылған. Тайжан ақынның шығармалары «Қазақ халқының 1000 өлеңі», «Пернедегі термелер», «Халық ақындары» жинақтарында жарияланған. 1984 жылы «Ой ағысы» атты өлеңдер мен әндер жинағы, 2004 жылы «Сақ-сақ күлсін сырнайым» атты жинағы жарық көрді. Оның есімі Жезқазған филармониясына берілген.
Ескерткіштің авторлары - мүсіншілер Өмірхан Жүнісбеков, Шақыбәдін Сейткенов, сәулетші Асқар Сариев.
3 жыл бұрын (2009) Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор Өмірбек Байгелдінің «Табылмай келген қазына» атты ғылыми-деректі фильмінің және қытайдың ақыны Ли Бо туралы кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.
Өмірбек Байгелді өзінің жұмысында 1300 жыл бұрын дүниеге келген қытайдың ұлы ақыны Ли Бо Қазақстанның Шу өңірінде туғанын дәлелдеген.
ЕСІМДЕР
84 жыл бұрын (1928) жазушы ШОТБАЕВА Рысты дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Қарағандыда екі жылдық мұғалімдер институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін сырттай бітірген. 1958 жылдан облыстық және республикалық газеттер мен журналдардың беттерінде поэмалары, әңгімелері, пьесалары, сондай-ақ балаларға арналған өлеңдері мен әңгімелері жарық көре бастаған. Пьесалары Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Шымкент, Павлодар облыстық театрларының репертуарларынан орын алған. Жазушының «Ереймен етегінде», «Нұра - бақыт өзені», «Толқынды Нұра» атты шығармалары бар.
83 жыл бұрын (1929-2008) Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ШӘКЕЕВ Нұрғазы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып бастап, осы басылымда ұзақ жылдар бойы бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Бірнеше жыл бойы «Мектеп» баспасының, сатиралық «Ара-Шмель» журналының, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің бас редакторы және осы комитеттің алқа мүшесі, «Қазақ совет энциклопедиясының» жауапты хатшысы, «Кітап жаршысы» газетінің бас редакторы болды.
Очерктері 1965 жылы «Менің таныстарым» деген атпен жеке кітап болып шықты. Көркем әдебиет, баспасөз мәселелеріне, тіл мәдениетіне арналған әдеби сын, проблемалық мақалалары «Журналист және өмір», «Тіл мәдениеті және баспасөз» кітаптарында жарияланды. Н.Гогольдің, И.Тургеневтің, Н.Тихоновтың шығармаларын, армян жазушысы Нар-Достың, венгр жазушысы Т.Деридің, болгар жазушысы С.Продевтің, үнді жазушысы К.Чандрдың әңгіме -повестерін, молдаван жазушысы А.Лупаның «Таң сәрі» романын, Н.Лесковтың таңдамалы шығармаларын тәржімалаған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған. 1967 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген құрметті атақ берілген. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005).
66 жыл бұрын (1944) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі АРАЛБАЕВ Жоламан Аралбайұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысында туған. Алматы көркемсурет училищесін бітірген. Ақжайық ауданының Будрин орта мектебінде мұғалім, Орал қаласында суретші болған.
Бірнеше рет көрмелерге қатысқан. «Исатай-Махамбет», «Қонақ күту», «Ауылдағы үйлену тойы», «Таң», «Қалыңдық», тағы басқа да белгілі туындылардың авторы.
62 жыл бұрын (1952) жазушы, «Түркістан» газеті редакторының бірінші орынбасары ӘШІМХАНҰЛЫ Дидахмет дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Шыңғыстай мектебін бітіргеннен кейін жол құрлысы учаскесінде жұмысшы, Большенарым аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, Совет Армиясы қатарында (1969 - 71) сарбаз, Алматы үй құрлысы комбинатында тас қалаушы болған.
ҚазГУ - дің журналистика факультетінің (1972 - 78) күндізгі бөлімінде оқи жүріп, еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (1975 - 76), «Лениншіл жас» (1978) газеттерінде тілші болып бастаған ол кейін республикалық «Қазақстан пионері» (1978 - 80) «Қазақ әдебиеті» (1980 - 92) газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Заман - Қазақстан» (1992-93) газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. 1993 жылдан - қазірге дейін халықаралық «Түркістан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары. Сондай - ақ, 2003 жылдан бері «Ел - шежіре» қоғамдық қорының президенті, «Алаш» баспасының директоры.
Дидахмет Әшімханұлы 1999 жылдың ақпан - маусым аралығында арнайы шақырумен Астана қалалық «Астана ақшам» газетінде бас редактордың 1-інші орынбасары, 1993 жылдан бүгінге дейін негізгі қызметімен қоса әр кезеңде «Атамұра» баспасында редактор, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің «Отан» журналында бас редактордың орынбасары, Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы болды.
Әдеби шығармасы тұңғыш рет баспасөз бетінде 1965 жылы 8 наурызда Большенарым аудандық «Еңбек туы» газетінде жарияланған. («Шырқал ән» Өлең.)
Проза жанрында тұңғыш әңгімесі «Аққабаның толқыны» деген атпен 1975 жылы «Коммунизм туы» газетінде , «Арман қанатында» атты коллективтік жинақта (1978) жарық көрген. 1981 жылы «Аққабаның толқыны», 1987 жылы «Он бірінші күз», 1990 жылы «Каменная падь», 1997 жылы «Жер аңсаған Сарыатан», 2000 жылы « Самырсын сазы», 2004 жылы «Әңгіме емес әңгімелер» атты прозалық кітаптары «Жалын», «Жазушы», «Елорда» баспаларынан жолдама алған.
Дидахмет Әшімханұлы - әдеби көркем шығармаларымен қоса жеті жүзге жуық публицистикалық туынданың авторы
1986 жылдан СССР Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі. «Жалын» жабық бәйгесінің екі мәрте жүлдегері. Жас жазушылардың Бүкілодақтық VIII кеңесіне қатысушы. Жекелеген бірнеше шығармасы неміс, қытай, моңғол, украин мари, татар, қырғыз тілдеріне аударылған. 2005 жылы халықаралық «Алаш» сыйлығына ие болды. Сонымен қатар жазушының өзі А.Курчаткин, А.Аширов, Х.Абдуллин, Т.Минуллин, А.Лупан, Т.Пулатов, П.Пурэвсурен, Кришннабам Малл, т.б. көптеген шетел және туысқан халықтар жазушыларының жеке повестері мен әңгімелерін, Е.Шварцтың «Аждаха» пьесасын, ал соңғы жылдары ағылшын жазушысы Дж. Голсуорсидің новеллалар жинағын, Дж. Лонданның роман повестерін қазақ тілінде сөйлетті.
Молдаван драматургы А.Кирийдің «Зона» пьесасы Дидахметтің тәржімалауымен 1998 жылдан бері Ғ. Мүсрепов атындағы жасөспірімдер театрында қойылып келеді.
Дидахмет Әшімханұлы - қалың оқырман мен әдеби ортада әңгіме жанрының шебері, стилист, талантты журналист ретінде танылған қаламгер.
37 жыл бұрын (1975) математика ғылымдарының кандидаты, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы ЕСЕКЕЕВ Қуанышбек Бақытбекұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.
«Қазақойл» ЖАҚ-ның, «Қазақстан темір жолы» РМК-ның ақпараттық технологиялар департаменті жетекшісі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. Аталған қызметінде - 2010 жылдың наурыз айынан.
106 жыл бұрын (1906-1996) эпидемиолог дәрігер, медицина ғылымының кандидаты, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері ТІЛЕУҒАБЫЛОВ Мұхамедрақым Қуандықұлы дүниеге келді.
Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. Орынбор қаласындағы Аймақтық медицина техникумын бітірген. 1938-1941 жылдары - Павлодар облысы ауылдық ауруханалардың дәрігері, Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі. 1941-1944 жылдары - Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау халық комиссарының орынбасары. 1944-1946 жылдары - Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау халық комиссарының бірінші орынбасары. 1946-1947 жылдары - Қазақ КСР-і Денсаулық сақтау министрінің орынбасары. 1947-1949 жылдары - Алматы обаға қарсы стансасының дәрігері, Алматы медициналық университетінің Эпидемиология кафедрасының ассистенті. 1949-1978 жылдары - Орталық Азиялық обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, директоры. 1978 жылдан зейнеткерлікте болған.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапаталған.
76 жыл бұрын (1936) қоғам қайраткері, генерал-майор КАМАЛИДЕНОВ Закаш Камалиденұлы дүниеге келді.
Атырау облысының Новобогат ауданында туған. Мәскеу мұнай институтын, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген. 1959-1964 жылдары - Жылой аудандық, Атырау облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1964-1970 жылдары - Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1970-1978 жылдары - Атырау облыстық Кәсіподақ кеңесінің төрағасы, Қазақстан ЛКЖО ОК-інің бірінші хатшысы. 1978-1979 жылдары - Қазақстан коммунистік партиясы Целиноград облыстық комитетінің екінші хатысы. 1979-1980 жылдары - КСРО МҚК-інің аға инспекторы. 1980 жылы - Қазақ КСР МҚК төрағасының орынбасары. 1980-1982 және 1985-1988 жылдары - Қазақстан КП ОК-інің хатшысы. 1982-1985 жылдары - Қазақ КСР МҚК-інің төрағасы. 1988 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы - КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болған. 1988 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан.
Ленин, Қазан Революциясы, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
76 жыл бұрын (1936) тарих ғылымының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Қазақ КСР-і Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, Хошимин (Сайгон) қаласының құрметті азаматы ЕРМҰҚАНОВ Бейімбет Бәбіктіұлы дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Астрахань облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. Алматы Жоғары партия мектебінде аға оқытушы, доцент, профессор болып қызмет атқарған. 1987-1992 жылдары - Алматы шет тілдер педагогикалық институтының (қазіргі Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті) ректоры. 1992 жылдан - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, 2000 жылдан - аталмыш университеттің профессоры.
100-ге жуық жарияланымның авторы.
КСРО және Вьетнам медальдарымен марапатталған.
46 жыл бұрын (1966) танымал журналист, жаңалықтар қызметі бөлімінің продюсері және «Хабар» агенттігі «Ән сал!» әуезді тележобасының жүргізушісі ХАНГЕЛДИНА Қымбат Садықбекқызы дүниеге келді.
Қызылорда қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтында жұмыс істеген. 1992-1998 жылдары - «Қазақстан», «Ақшам», «Шапағат» бағдарламаларының жүргізушісі, тілші, таңертеңгілік көңіл көтеру бағдарламасының аға редакторы. 1998 жылдан - ақпараттық бағдарламалар дирекциясының жүргізуші редакторы, «Дилемма» ток-шоуының жүргізушісі, «Хабар» агенттігі Ақпараттық бағдарламалар бөлімінің атқарушы продюсері.