«10 мың теңге үшін банк картасын береді»: Ақтөбелік тергеуші дропперлердің схемасын түсіндірді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Студенттер дропперлікке тартылса, егде адамдар алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Қазір полиция киберқылмысқа қатысты осындай талдау жасайды. Студент 10 мың теңгеге мәз, бірақ оның банк есепшотынан миллиондар айналады. Ал зейнеткерлер кейде полицияға сенбей, алаяқтардың айтқанын құп көреді. Ақтөбе облысы полиция департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Руслан Исмурзин Kazinform тілшісіне киберқауіпсіздік жайында айтып берді.
— Ақтөбедегі статистика қандай?
— Облыс аумағында 1 336 дроппер анықталды. Оның 258-і шетел азаматы болып шықты. Ақтөбе облыстық полиция департаменті дропперлерге қатысты 74 қылмыстық іс қозғады. 32 қылмыстық іс сотқа жетіп, жаза тағайындалды. Тағы 42 қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Дроппер деген кім? Ол банк картасын үшінші тұлғаға пайдалануға мүмкіндік беретін адам. Сол үшін белгілі бір мөлшерде сыйақы алады. Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы — «Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру» бабы бойынша жауапқа тартылады.
Тарқатып айтар болсақ, 232-1-бабының 1-бөлігіне көрсетілгендей банк шотын үшінші тұлғаға беріп, әрі қарай іске араласпаса мүлкі тәркіленіп, 160 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыпұл салынды немесе түзету жұмыстарына тартылады, тіпті 50 тәулікке дейін қамалады. Осы баптың 4-бөлігінде заңсыз аударым жасауға жауапкершілік қарастырылған, яғни сіз шотыңызға түскен ақшаны өзге шотқа аударасыз. 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу, айыру жазалары қарастырылған.
Сонымен бірге 232-1-бабы 7-бөлігі ауыр қылмыс санатына жатады. Танысының немесе досының банктегі шотын пайдаланып ақша аударады, кейін сол ақшаны өзгеге бағыттайды. Заңсыз төлем мен ақша аударымдары дәлелденсе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу, бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
— Кімдер дроппер болып жүр?
— Ең бірінші — студенттер. Биыл ғана оқуға түскен жастар алданып қалып жатыр. Ауылдың да, қаланың да баласы қармаққа ілігіп қалады. Оларды кім құрыққа түсіреді? Алаяқтардың көмекшілері. Студенттерге келіп, «банк картасын берсең криптовалютамен айналысып, ақша табамыз» деп алдайды. Сыйақыға 20 мың теңге, 50 мың теңге береміз деп сендіреді. Банк есепшотына түскен ақшаның пайызын да беруге уәде етеді. Мәселен, «10 млн теңге түссе, 1 млн теңгесі сенікі» деп арбайды.
— Екі ортада жүрген делдалдар студенттермен бетпе-бет кездесе ме?
— Иә, олар бетпе-бет кездеседі. Мәселен, бірінші курстағы Талғат есімді студентке белсенді жас Иванов келеді. «Маған картаңды бере тұр, ақшасына» деп айтады. Иванов шотты алаяқтық істерге өзі пайдаланады немесе алаяқтарға береді. Бұл жерде Талғат — дроппер, Иванов — дроппер тартушы. Иванов өзі пайдаланып, адамдарды алдап-арбау арқылы ақша иемденсе, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағымен іс қозғалады. Егер жәбірленушінің материалдық шығыны 4 млн теңгеден асып кетсе, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен жауапқа тартылады. Шығын 18-20 млн теңге болса іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі бойынша қозғалады.
Алаяқтарға көмектескен курьерлер де жауапқа тартылады. Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 190-бабы бойынша іс қозғалады. Курьерлер сәлемдеменің ішінде не бар екенін қарамайды. Ақша да, есірткі де болуы мүмкін. Қауіпсіздік үшін курьер не беріп, не алып жатқанын білуге тиіс.
— Сіз айтқан деректерге қарасақ, дропперлер арасында шетел азаматтары бар екен. Оны қалай түсінеміз?
— Алаяқтар шетелдік дропперлерді бір күнге жалдайды. Олар бір келгенінде 4-5 банктен шот ашып кетеді. Кейін сол шоттың картасын алаяқтарға береді. Тексере келе шетелдік дроппердің тек 3-4 сағатқа келіп, құжаттарды рәсімдеп кеткенін көреміз. Тарқатып айтар болсақ, шетелдік Қазақстан аумағына сағат 10:00–де кіреді. Алдымен Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ЖСН алады. ЖСН алған соң банкке барып, шот ашады. Осымен іс бітті. Әрі қарай өз еліне кетеді, Қазақстан аумағына кірмейді. Бұл дроппер де әр шотына ақша алады.
— Студент келіп, арыз жазып отыр. Ол әскерде бірге болған жолдас жігітке банк картасын ашып беріп, кейін соттан шақырту түскенде ғана алданғанын білген. Студенттер қанша ақша алады?
— Арызданушы 10 000 теңге алғанын айтты. Шын мәнінде алаяқтықпен айналысып отырған адам әр шотқа 150 000 — 200 000 теңге берсе, карта иесі соның аз ғана мөлшерін алады. Көбіне ортадағы делдалдар өз қызметін 50 000 теңгеден есептейді, яғни екі ортада пайда көретіндер көп. Барлығы кейде заңды жұмыс істеп жатырмыз деп ойлайды. Заң бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтың әр сатысында жауапкершілік көзделгенін білген жөн.
— Студенттер өз банк картасын мүлде танымайтын адамға бере ме?
— 3-4 курстарда сөзге шешен, көшбасшы балалар болады. Дәл сол белсенді топты сырттан бақылап жүретін адамдар бар. Тәжірибеде болған оқиға. Сырттан бақылап жүрген адамдар сол белсенді жігіттерді тауып, сөйлеседі. «Бірінші курс студенттерінен банк шотын, картасын алайық. Сендер де пайда табасыңдар. Балалардан жинап бере ғой» деп айтады. Сөйтіп жоғары курс студенттері 1-2 курс жігіттерінің банк картасын алады, қолына 5-10 мың теңге береді.
— Студент білместік жасады делік. Бәрі де қылмыстық жауапқа тартыла ма әлде өз кінәсіз екенін дәлелдей ала ма?
— Дроппер болған адам полицияға келіп, арыз жазады. Өзінің дроппер болғанын мойындайды. Сол жағдайда іс сотқа жетпей қысқартылуы мүмкін. Сонымен бірге дроппер тергеу кезінде көмектессе іс қысқартуға жатады, бірақ дропперлер өз еркімен келе бермейді. Көбі полиция шақырған соң келіп, жағдайды түсіндіреді. Бұл кезде тергеу жүріп, шешімін сот шығарады.
— Дропперлердің банк шотындағы ақша алаяқтарға алданған қарапайым адамдардың қаржысы. Іс сотқа жетсе жәбірленушілердің шығынын кім өтейді?
— ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабы, яғни, негізсіз байлықты қайтару міндеті анық көрсетілген. Алаяқтарға алданып қалған адамдардың ақшасын банк картасын берген дропперлер қайтарады. Себебі ақша сол дроппердің есепшотына түскен. Есте болсын, интернет алаяқтар жәбірленуші мен дропперді бір өңірден таңдамайды. Дроппер басқа, ал жәбірленуші басқа қаладан, ауылдан болады. Жәбірленуші Ақтөбеден болса, дроппер оңтүстік немесе шығыстан. Бір өңірден болса тез анықталар еді.
— Алаяқтардың алдау схемасы жиі өзгере ме?
— Қазір 1414 нөмірінен хабарлама жіберудің еш қиындығы жоқ. ЭЦҚ қолданып, сіздің телефон нөміріңізді енгіземін. Код жіберу тетігін басқанда бірден сізге хабарлама түседі. Көбі «1414 нөмірінен хабарлама келді, біттім» деп айтады. Бұл — тек ЭЦҚ ашуға арналған хабарлама. Ал бұдан бұрын сіздің телефон нөміріңізге қоңырау шалып, өзіңіз туралы ақпарат жаудырады. Оны қайдан алады? Әлеуметтік желі ашық, отбасы мүшелері жайлы ақпарат қолжетімді. Тіпті ішкен-жегеніміздің бәрін көрсетеміз. Телефон шалады, домофонды өзгерту қызметінен екенін түсіндіреді. 1414 нөмірінен код жібереді. Қай уақыттарды таңдайды? Жұмыс қызу жүріп жатқан кезде. Ол сағат 10:30–18:00 аралығы. Арада 2 минут өткенде Ұлттық банктен хабарласады. «Несие алып жатсыз ба?» деген кезде шошып кетеді.
Банк қызметкері өзінен соң полиция қызметкері хабарласатынын айтады. Видеоқоңырау кезінде полиция қызметкерінің киімін киіп отырған адам байланысқа шығады. Сенімді шығуы үшін Ту, Елтаңба ілулі тұрады. Алданбаңыз, бұл жасанды интеллект. Телефонның арғы бетінде отырған адам қимылдамайды, бетін ұстамайды, қолын қозғалтпауға тырысады. «Барлық банктен несие аласыз. Алаяқтар сіздің атыңыздан несие рәсімдемес үшін сіз бірінші барыңыз» дейді. Бұл — гипноздың түрі. Алаяқтар бірінен соң бірін тапсырма бергенде адам ойланбастан айтқанына көне береді.
Несие алған соң оған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде тағы бейтаныс адам хабарласып, ақшаның бәрін қауіпсіз шотқа аударуды тапсырады. Ол дропперлердің шоты. Қазір киберполиция мен банк арасында келісім бар. Осындай күмәнді аударымдарды хабарлап отырады. Соған қарамастан жәбірленуші банк қызметкеріне, полицияға да сенбейді. Прокурорды да қатыстырып, түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Екі сағат бойы көндіреміз, тіпті полиция бөлімінің ішін, көліктерді де көрсетіп, айтамыз.
— Алаяққа алданатындар үлкен адамдар, ал дропперлер жастар деп айта аламыз ба?
— Иә болады. Алаяққа алданып қалатын адамдардың шамамен 60% зейнеткер. Көбіне алаяқтар орысша сөйлейді. Орысша сөйлетін азаматтар арасында алаяқ құрбандары көп. Түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіледі. Мектеп, колледж, жоғары оқу орындарына барамыз, айтамыз. Мекемелерге де барамыз. Адамдар естіп, көрген кезде қорғану тәсілін басқаға да үйреткен жөн. Мәселен WhatsApp қосымшасын бұзып кіретін алаяқтар болады. Қосымшаны ашқан кезде оң жақ бұрышта үш нүкте тұр. Әрі қарай баптау, QR кодты жаңарту. Сол кезде QR өзгереді, қосымшаны қолданып отырған алаяқты желіден шығарып жіберуге болады. Web WhatsApp қолданады көбі. Олар жұмыс уақыты аяқталған соң шығу тетігін баспайды. Алаяқтар сол сәтті пайдаланады, хабарламаларды оқып, танысады. Бұған дейінгі хабарламаларға ұқсас жазба қалдырып, ақша сұрайды. Банктің картасын жібереді, түсі қара болады. ChatGPT арқылы адамның аты-жөнін өзгертеді. Скрин жасап, карта нөмірі арқылы аударуды сұрайды. Карта нөміріне аударғанда тек соңғы 4 саны көрінеді, аты-жөні емес.
— WhatsApp арқылы алдау тәсілі шыққан. Оны да нақтылап берсеңіз…
— Мен 20-ға жуық SIM-карта сатып аламын, WhatsApp ашамын. Алаяқ әр SIM-картаға 8 доллар төлейді. Алаяқ сол нөмірлерді алған соң ІІМ, eGov эмблемаларын қойып, адамдарға хабарласады. Адамдар өзге елден емес, қазақстандық нөмірлерден хабарласқан соң сенеді. Шын мәнінде алаяқтар шетелде отыруы мүмкін. Адамдар «нөмірі бар, қазақстандық, неге ұстамайсың» деп айтады. Нөмірді алған адам оны сатып жіберді, алаяқ өзге елде отыр. Банк шотын да көрсетеді. Ол алаяқтың емес, дропперлердің банк шоты. Банк картасын алаяққа сеніп берген дроппер қосымшаға кіріп, шотындағы ақша айналымын қарамайды. Ол кезде алаяқтар кіре алмай, келіскен ақшаны бермеуі мүмкін. Биыл дропперлердегі қаржы айналымы 1,6 млрд теңгеге жетті.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны оңай жолмен ақша табу үшін 10 мың теңгеге банктік шотын алаяқтарға бергенін хабарлағанбыщ. Салдарынан оның шоты қылмыстық схемаға пайдаланылып, өзі қылмыстық жауаптылыққа тартылды.