10 мыңнан астам адам банкроттық рәсімі аясында өтінім берді
Бүгін Орталық комумникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер банкроттық рәсімін қолдана алатын адамдардың санын сұрады.
«Осы заң аясында 1 млн 100 мың адам қамтылуы мүмкін, яғни олар - өтініш бере алатындардың жалпы саны. Атап айтқанда, банкроттық жайында өтінішті адамдар ерікті түрде береді. Сондықтан азаматтардың көбісі «банкрот» санатының кері тұстарын ескере отырып, алдағы уақытта жан-жақты зерделенген шешім қабылдайды деген ойдамын. Себебі банкрот деп танылған адамдар 5 жыл несие ала алмайды. Сонымен бірге, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп тануға жатпайды», - деді Нұрлан Әбдірахманов
Осы орайда ол банкроттық рәсімін қолдануға өтініш беретін адамдардың нақты санын айта алмайтынын жеткізді.
«Қаңтар айындағы 25 күн ішінде келіп түскен өтінімдерге тоқталсақ, 10 мыңнан астам адам жүгінген. Олар банкроттық рәсімін қолдану жөнінде шешім жасаған. Наурыз айына қарай олардың саны артуы мүмкін», - деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қарызы жабылмаған адамдар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады.
Жеке тұлғаны банкрот деп тану тәртібі қандай? Кімдер өзін банкрот деп жариялай алады? Оның салдары қандай болмақ? Осы және өзге де сұрақтарға толығырақ жауап алу үшін ҚазАқпарат сарапшысының материалын оқи аласыздар.