10 наурыз. Тұлғалар туған күн
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін, яғни 10 наурызда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
78 жыл бұрын (1947) ІCTMD дәстүрлі музыка және би бойынша халықаралық кеңестің елшісі Дүйсен Қорабайұлы ҚАСЕЙІНОВ дүниеге келді.

Құрманғазы атындағы мемлекеттік өнер институтын бітірген. Еңбек жолын Қазақ радиосы мен телевизиясы камералық оркестрінің әртісі болып бастады. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аға оқытушысы, Мехико филармониясы оркестрінің әртісі, Алматы мемлекеттік консерваториясы доцентінің міндетін атқарушы, скрипка кафедрасының меңгерушісі болды. 1984-1987 жылдары — Қазақстан Компартиясы ОК нұсқаушысы. 1987-1997 жылдары — Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ректоры. 1997-2002 жылдары — ҚР білім және мәдениет министрлігінде мәдениет департаментінің директоры, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінде мәдениет комитетінің төрағасы, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде мәдениет комитетінің төрағасы, вице-министр. 2002-2003 жылдары — «Дегдар» гуманитарлық қорының президенті. 2003-2004 жылдары — ҚР Мәдениет министрі. 2004-2008 жылдары ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Қазіргі қызметінде 2018 жылдың мамыр айынан бастап. Профессор. Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, «Тарлан» сыйлығымен марапатталған. «Құрмет», «Парасат», Ресейдің «Достық», Польшаның «Поляк мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
52 жыл бұрын (1973) Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Айдар Әскербекұлы СМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған.
Еңбек жолы: Петропавл қалалық сотының судьясы (2003); Петропавл қаласының № 2 сотының судьясы; М.Жұмабаев ауданының аудандық сотының төрағасы; Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы; Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы (2017-2023 жж.).
2023 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
44 жыл бұрын (1981) «ҚазМұнайГаз» АҚ Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Шолпан Қаниқызы ЖҰМАҒАЗИЕВА дүниеге келді.
Қазақ гуманитарлық-заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген (2003).
Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Маңғыстау аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ-де бас заң кеңесшісі, мемлекеттік мүлікті жекешелендіру және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы (2004); «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ құқықтық қамтамасыз ету және корпоративтік басқару департаментінің директоры (2006 ж.); «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ құқықтық қамтамасыз ету және келісімшарттық қамтамасыз ету бөлімінің бас заңгері, заң қызметінің басшысы, құқықтық қамтамасыз ету және активтерді басқару департаментінің директоры (2010); Құқықтық қамтамасыз ету және келісім-шарттар департаментінің директоры (2014-2015); «ҚазМұнайГаз» Өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институтының құқықтық және кадрлық қамтамасыз ету департаментінің директоры (2015-2017); «ҚМГ-Инжиниринг» ЖШС құқықтық және кадрлық қамтамасыз ету орталығының басшысы (2017-2022).
Қазіргі қызметінде 2024 жылдың мамырынан бері.
42 жыл бұрын (1982) қазақстандық кәсіпкер және меценат Ғалымжан Шахмарданұлы ЕСЕНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. «Еуразиялық нарық институты» Экономика және басқару академиясын «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: «Алтын дән» агроөнеркәсіп кешенінде жабдықтарды пайдалану және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі (1999-2002); «Алтын дән» директорының орынбасары (2002-2003); «Сеймар» инвестициялық тобының жоба жетекшісі (2003-2007); Delta Bank директорлар кеңесінің төрағасы (2007-2011); «KNG Finance» ЖШС бас директоры (2011-2013); «АТФБанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы (2013-2020); «Қазфосфат» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы (2018-2021); «First Heartland Jusan Bank» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы (2023 жылдан бастап).
102 жыл бұрын (1923-1988) кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы ҚОЖЫҚОВ дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Соғыстан оралғаннан кейін мерзімді басылымдарда карикатуралары мен саяси тақырыптағы суреттерін жариялай бастаған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін бітірген соң, 1952 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында режиссер, көркемдік жетекші болып істеген. 1955 жылы өзінің сценарийі бойынша, жас ұрпақ тәрбиесі мәселесін қозғайтын «Ана мен бала» атты тұңғыш көркем фильмін түсірген. Тарихи және заманауи тақырыптарда «Біз Жетісуданбыз», «Егер біздің әрқайсымыз», «Шыңдағы шынар» фильмдерін, 1970 жылы өзінің басты жұмысы — «Қыз Жібек» фильмін қойған. 1985 жылы Қажымұқан жайлы «Бізді танып қойыңдар» көркем фильмін түсірген. «Қызыл Жұлдыз» орденімен және медальдармен марапатталған.
89 жыл бұрын (1936-2004) Қазақстанның саяси және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерік Мағзұмұлы АСАНБАЕВ дүниеге келді.

Қостанай облысының Амангелді ауданында туған. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), КСРО Ғылым және техника жөніндегі меммлекеттік комитеті жанындағы Халық шаруашылығын басқару институтын, Мәскеу қаржы инстититуының аспирантурасын бітірген. 1958-1959 жылдары Қазақ КСР Қаржы министрлігінің экономисі. 1959-1960 жылдары С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы. 1960-1963 жылдары Мәскеу қаржы инстититутының аспиранты. 1964-1967 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Жоспарлау және нормативтік ғылыми-зерттеу экономикалық институтының бөлім меңгерушісі. 1967-1973 жылдары — Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бөлім бастығы. 1973-1975 жылдары Қазақ КСР Қаржы министрінің орынбасары. 1975-1979 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің бөлім меңгерушісі, іс басқарушысының орынбасары. 1979-1983 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті сауда, жоспарлау және қаржы органдары бөлімінің, сауда және тұрмыстық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі. 1983-1986 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі іс басқарушысының орынбасары. 1986-1988 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ғылым және оқу орындары бөлімінің, экономика бөлімінің меңгерушісі. 1988-1989 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары. 1989-1990 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы — Әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы. 1990-1991 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы. 1991-1996 жылдары — Қазақ КСР-інің вице-президенті. 1996-2000 жылдары — Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2000 жылы зейнет демалысына шыққан. «Құрмет белгісі», «Отан», екінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
80 жыл бұрын (1945-2017) актер, Қазақстан Республикасының халық әртісі Құман Нұрмағанұлы ТАСТАНБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын (Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген. М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. Оның алғаш ойнаған рөлі — «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген. Бұдан кейін «Махамбет», «Ағам менің», «Ерекше күн», «Аққулар ұшып келеді», «Махаббат жаңғырығы», «Ағама арналған қалыңдық», «Қараша қаздар қайтқанда», «Провинциялық хикая», «Алаң шеті», «Өрнек» фильмдеріне түсті. Театр сахнасында Қасым, Құлбек (Ш. Айтматов «Ана — Жер-ана» мен «Ақ кемесі»), Әлібек, Нарша, Абыз, (М. Әуезов «Айман — Шолпан», «Қарагөз», «Еңлік — Кебек»), Тәңірберген (Ә. Нұрпейісов «Қан мен тер»), Жан (О. Бөкеев «Құлыным менің»), Айдар (М. Әуезов пен Л. Соболев «Абай»), Маздақ (М. Шаханов «Сенім патшалығы»), Орест (Л. Дюрко «Электра, сүйіктім менің»), Флоридор (Ф.Эрве «Түлкі Бикеш»), Фархад (Назым Хикмет «Фархад — Шырын») секілді әр алуан рөлдерді орындап, қызғылықты мінез-кейіптер жасады. «Құрмет» орденімен марапатталған.