10 өңір әкімдігі азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру құқығын пайдаланбай отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Өңірлік әкімдіктер азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыруға құқылы. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жауабында айтылған. 

жалақы
Фото: Kazinform

— Үкімет мемлекеттік мекеме мен қазыналық кәсіпорындардың техникалық жұмыскерлерінің жалақысы деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022-2025 жылдары азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының (оның ішінде техникалық жұмыскерлердің — тазалаушы, жүргізуші, электрик, тазалаушы, күзетші, вахтер) еңбекақысы жыл сайын орта есеппен 20 пайызға ұлғайтылып келді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай олардың жалақысы 2 есе өсті, — деді вице-премьер.

Оның атап өтуінше, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар үшін бірыңғай. Техникалық жұмыскерлер экономиканың барлық саласында жұмыс істейді және олардың қызметі барлық сала үшін ортақ.

— Осыған байланысты, жұмыскерлер жалақысын көтеруді барлық сала үшін кешенді түрде қарастырған жөн. Себебі, бір саладағы жұмыскердің бір санатының жалақысын көтеру басқа саладағы жұмыскердің наразылығын тудырып, олардың тарапынан осындай талапқа әкеледі, — деді вице-премьер.

Ермек Көшербаев «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкімет қаулысы аясында 2022 жылдан бастап, жергілікті атқарушы органдарға (тиісті жергілікті өкілді органның шешімімен) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлық ақысына ынталандырушы үстемеақылар белгілеу құқығы берілгенін айтады.

— Оның тәртібі мен шарттарын тиісті жергілікті атқарушы орган айқындайды. Бүгінде аталған норманың негізінде өңірлік әкімдіктер азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыруға құқылы. 2024 жылы үстемақыларды 10 әкімдік (Астана қ., Алматы қ., Шымкент қ., Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Жетісу, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары) белгіледі. Осыған байланысты, қалған облыстар осы норманы негізге ала отырып, жергілікті бюджеттен үстемақыны төлеуге толықтай құқығы бар, — деді Үкімет басшысының орынбасары. 

Айта кетелік су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін өсетіні туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар