10 шілде. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 10 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Ветеринариялық қызметкер күні

Бұған дейін Қазақстан Республикасының ветеринарлары өздерінің кәсіби мерекесін өткізбеген және кәсіби қоғамдастықтың бірыңғай саласына жататындығын сезіну мүмкіндігінен айырылған. 2002 жылғы 10 шілдеде № 339-II «Ветеринария туралы» ҚР Заңы бекітілді. Бұл мереке корпоративтік мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал етеді. Кәсіби мерекені бекіту ел экономикасындағы ветеринарияның стратегиялық маңыздылығын мойындауға түрткі болды.

Халықаралық ветеринар дәрігері күні жыл сайын әлемнің көптеген елдерінде бүкіл әлем бойынша ветеринарлар жұмысының әртүрлі аспектілерін көрсету және олардың жануарлардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтауға қосқан үлестері туралы хабардар ету мақсатында мерекеленеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1965 жылы Маңғыстау мұнайының бірінші эшелоны мұнай өңдеу өнеркәсібіне жөнелтілді.

1992 жылы ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен Алматы қаласындағы Қазан төңкерісінің 50 жылдығы атындағы спорт сарайына ақын, композитор, батыр Балуан Шолақтың есімі берілді.

2009 жылы Алматы облысындағы Талғар ауданы Еламан ауылында «Қазақстан-Қытай» газ желісі алғашқы бөлігінің дәнекерлеу жұмыстары аяқталды. Бұл жоба Түрікменстанның табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жеткізу мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар Қазақстанның батыс өңіріндегі табиғи газды Қытайға, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласына тасымалданды. Газ құбыры Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан басталып, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағынан Қытаймен шекаралас Қорғас бекетіне дейін жеткізіледі. Құбыр желісінің жалпы ұзындығы — 1304,5 шақырым.

2013 жылы Батыс Қазақстан облысының археологтары Қазақстанда ортағасырлық қалалық мәдениет болғанын айғақтайтын заттар тапты. Табылған «Тас оба» қалашығы Ақжайық ауданы Есенсай кентінің маңында орналасқан. Біздің заманымыздың XIII ғасырында болған деп есептеледі.

2013 жылы елімізде алғаш рет А.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығында бір донордың бірнеше органын (жүрегін, бауырын және екі бүйрегін) төрт науқасқа беру отасы жасалды. Процеске 100-ге жуық медицина қызметкері, соның ішінде 22 хирург жұмылдырылды. Операция жалпы 28 сағат жүргізілді. Ең күрделісі — бауыр трансплантациясы 17 сағатқа созылды.

2014 жылы Astana Opera балетінің әртістері Айгерім Бекетаева мен Еркін Рахматоллаев Миланда Expo-2015 аясында «Ла Скала» театрында өтетін екі гала-концертке қатысуға шақырылды.

2017 жылы Берлин қаласында жүзуден Германия ашық чемпионатында Рио-де-Жанейродағы Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Ғабидуллина 200 метрге еркін жүзуден ақтық сында 03:26,65 көрсеткішімен жаңа әлемдік рекорд орнатты.

2018 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан «Прогресс МС-09» жүк тасымалдаушы ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясымен сәтті түйісті. Ғарыш кемелерінің тарихында алғаш рет «Прогресс» қысқа екі айналымды схема бойынша ұшты. Зымыран табаны ғарыш айлағынан үзілгеннен орбиталық станциямен түйіскенге дейін 3 сағат 40 минут уақыт жұмсалды.

2018 жылы Кембриджде (Ұлыбритания) «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия мен Кембридж университеті баспаханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі заманғы қазақ әдебиеті антологиясы жинағын БҰҰ-ның алты тіліне аудару жұмысы «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

2019 жылы Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауында Патша қорғанынан алтынмен апталған бұғының бастары шықты. «Патша қорғанынан» табылған жәдігерлердің арасында мүйізі алтын сымнан өрілген бұғы басының ұсақ пішіндері бұл өлке үшін тың туынды.

2020 жылы Күлтөбе қалашығына жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында ертедегі халықтың жаңа жәдігерлері табылды. Түркістан қаласындағы археологиялық зерттеу жұмыстарын Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жүргізді. Ол жерден Оңтүстік Қазақстандағы ескерткіштердің сирек кездесетін санатына жататын және қазақтың ертедегі дәстүрлі зергерлік бұйымын зерттеуде ерекше маңызы бар зергерлік құралдар табылған.

Күлтөбе қалашығының зергерлік бұйымдарының коллекциясы жеткілікті деңгейде бірегей. Онда қаңлылар дәуіріне жататын ертедегі полихромды стильдегі үлгілер бар. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде коллекция ежелгі және кейінгі орта ғасырлардағы зергерлік өнер жәдігерлерімен толықтырылып отырады. Бұл алтын, күміс, қола мен мыстан жасалған бұйымдар — этностың ұлттық ерекшелігін терең көрсете отырып, өзін-өзі шығармашылық тұрғыда таныту түрі.

2021 жылы Қарағандыда Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңіндегі көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі Сұлтан Досмағамбетовтың бюсті орнатылды. Көрнекті ғалым және қоғам қайраткері туралы естелік Абай көшесіндегі саябақта орнатылды.

2022 жылы «Қазақстан» павильоны реставрацияға қосқан үлесі және оқиғалық күн тәртібіне белсенді интеграция үшін ВДНХ Алтын белгісімен марапатталды. Салтанатты рәсім Мәскеуде өткізілген «Халықтар достығы» ұлттық қонақжайлылық фестивалі аясында өтті.

2023 жылы Мемлекет басшысы «онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» ҚР Заңына қол қойды. Құжат онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама саласындағы мемлекеттік реттеу тәртібін белгілейді, онлайн-платформалардың жұмыс істеуінің құқықтық режимін және онлайн-жарнамаға қойылатын талаптарды айқындайды, онлайн-платформаларды пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін регламенттейді. Заңмен «онлайн-платформаны пайдаланушы» және «инфлюенсер (блогер)» анықтамаларымен қатар басқа да терминдер енгізіледі. Заң нормалары мемлекеттік тілдегі онлайн-платформалар интерфейсін дамытуға бағытталған.

2024 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының 50 жылдық мерейтойына еліміздің арнаулы органдарына арналған кадрлар ұстаханасының тарихы мен даму тарихын баяндайтын деректі фильм түсірілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясы барлау, қарсы барлау, сондай-ақ аналитикалық-техникалық бөлімшелер мамандарын даярлайтын бірегей оқу орны. Еліміз егемендік алғаннан бері білім ордасын мыңдаған офицерлер бітіріп, бүгінгі күнге дейін қызмет етіп келеді.

2024 жылы Өзбекстанда ұлы ойшыл ғалым Әбу Наср әл-Фарабидің кітаптары табылды. Үш сирек кітапта ғылымға, философияға және тарихқа қатысты бірегей білім бар. Кітаптардан басқа 11-14 ғасырларға тән көне қылыштар да табылды. Наманғаннан табылған қылыш, мамандардың айтуынша, 11 ғасырға тиесілі. Ол шайқастан кейін қалған күйінде сақталған. Оның жасалуы әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Екінші қаруды 14 ғасырда Әмір Темірдің жауынгерлері қолданған.

Соңғы жаңалықтар