10 жылда «Астана» ХҚО Азияның үздік қаржы орталығына енуге ұмтылады

«Жалпы, біз тұңғыш рет жаһандық индекстің ішінен орын алдық. Ол индекстің ішінде 100-ге тарта қаржы орталығы бар. Біз әзірге жоғары орынға қол жеткізген жоқпыз. Десе де, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі қаржы орталықтарының ішінде біз алғашқы ондыққа ендік. Ал жалпы алдағы «Астана» ХҚО-ны 10 жылдың ішінде Азияның ең дамыған 20 қаржы орталықтарының қатарына енгізу көзделуде», - деді орталықтың басқарушысы.
Қайрат Келімбетов Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына ену межесін бағындырған уақытта орталық өзінің алдына одан да жоғары мақсаттарды қоятынын атап өтті.
«Биылғы мақсат - қаржы орталығымызды әлемдік инвесторларға таныстыру болатын. Қаңтар айынан бастап, біз бұл жұмысты жүргізіп келеміз. Бұл бағыттағы шаруаның шыңы - 4-5 шілде күндері өтетін халықаралық тұсаукесер болмақ. Тұсаукесер Астанадағы ЭКСПО-ның Конгрес орталығында өтеді. 4 шілде күні дәл сол жерде Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы өткізілсе, 5 шілде күні өтетін тұсаукесер жұмысымызды ресми түрде бастап кетуге мүмкіндік береді», - деді Келімбетов.
Еске сала кетсек, аталған отырыста Қайрат Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі бес стратегиялық бағытын атаған болатын. Нақтырақ айтқанда, елордадағы қаржылық орталық Капитал нарығы, Активтерді басқару мен Private Banking, Ислам қаржыландыруы және Жаңа қаржылық технологияларға басымдық бермек.