100 долларлық купюраларда Трамптың қолтаңбасы пайда болады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай шығарылатын 100 долларлық банкноттарда қазынашының қолтаңбасының орнына президент Дональд Трамптың қолтаңбасы болады, деп хабарлайды DW.

100 долларлық купюраларда Трамптың қолтаңбасы пайда болады
видеодан алынған скрин

Бұл соңғы 165 жыл ішінде алғаш рет болып отырған жағдай болмақ.

АҚШ Қаржы министрлігі бейсенбі, 26 наурыз күні хабарлағандай, АҚШ-тың тәуелсіздігінің 250 жылдығына арнап шығарылатын жаңа 100 долларлық банкноттарда ел президенті Дональд Трамптың қолтаңбасы болады. Бұл өзгеріс банкноттардағы қазынашы қолтаңбасын алмастырады және соңғы 165 жылда алғаш рет жүзеге асқалы отыр.

— Президент Трамптың басшылығымен біз бұрын-соңды болмаған экономикалық өсімге, доллардың ұзақ мерзімді үстемдігіне, сондай-ақ қаржылық қуат пен тұрақтылыққа қарай жылжып келеміз. Еліміздің және президент Дональд Трамптың тарихи жетістіктерін атап өтудің ең айқын жолы — оның есімін доллар банкноттарына жазу, — деді АҚШ Қаржы министрлігінің басшысы Скотт Бессент.

Бұған дейін АҚШ-тың Бейнелеу өнері жөніндегі федералдық комиссиясы елдің 250 жылдығына орай қазіргі президент бейнеленген, жұдырығын түйіп тұрған 24 караттық алтын монетаны шығаруды бірауыздан мақұлдаған болатын. Монетада «Бостандық» (Liberty) деген жазу бар.

2025 жылдың қазан айында Трамп әкімшілігі Бейнелеу өнері комиссиясының барлық мүшелерін қызметтен босатып, олардың орнына Ақ үй басшысына адал адамдарды тағайындаған.

Соңғы уақытта Трамптың есімі қай жерлерде пайда болды

Желтоқсан айында АҚШ Мемлекеттік департаменті АҚШ Бейбітшілік институтына Трамптың есімін берді. Бұл шешім оны «ел тарихындағы ең ұлы келіссөз жүргізуші» ретінде мәңгі есте қалдыру мақсатында қабылданғаны айтылды. Сонымен қатар Вашингтондағы Джон Ф. Кеннеди атындағы Орындаушылық өнер орталығының атауы өзгертіліп, ол «Дональд Дж. Трамп және Джон Ф. Кеннеди атындағы Мемориалдық орындаушылық өнер орталығы» деп аталды.

Сол айда АҚШ президенті Әскери-теңіз күштері үшін «Трамп» деп аталатын жаңа үлгідегі екі әскери кеме салу жоспарын жариялады. Ақ үй басшысының айтуынша, бұл кемелер гипердыбыстық зымырандармен, электрлік рельстік зеңбіректермен, қуатты лазерлік жүйелермен және қазіргі уақытта әзірленіп жатқан ядролық оқтұмсығы бар қанатты зымырандармен жабдықталады.

Сонымен қатар, 2025 жылдың басында президенттік қызметке қайта оралғаннан кейін Дональд Трамп алғашқы күні-ақ Мексика шығанағын «Америка шығанағы» деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойған. Associated Press агенттігі бұл атауды қолданудан бас тартқаннан кейін, оның тілшілеріне Ақ үйдің Овальды кабинетіне және президенттік ұшақ Air Force One-ға кіруге шектеу қойылған. Ал Google Maps бұл өзгерісті өз карталарында енгізген.

Соңғы жаңалықтар