100 елді аралап шыққан ЭКСПО туын Астанаға уақытында жеткіземін - байкер Петрухин

 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлемді мотоциклімен аралап шыққан байкер Дмитрий Петрухин ҚазАқпарат агенттігіне апаттан кейінгі ахуалы туралы айтып берді.
None
None

Байкер ЭКСПО туын Астанаға қайтсем де уақытында жеткізем деп отыр.

«Мен бұған дейін де апатқа ұшырағам. Бірақ ондайды жарнамалауды білмеймін. Хакасияның жол полициясы сондай жаңалықтарды таратқанды жақсы көреді екен. Сондықтан, елге жайып жіберген. Артынан маған ауруханаға полиция қызметкерлері келіп кешірім сұрады. Қазір өз-өзіме келіп қалдым. Ақырындап жүріп жүрмін. Мойныма зақым келді деген күдік болды. Алайда дәрігерлер ол күдігімді сейілтті. Осындай апатта тек қабырғамның сынғаны таңқаларлық жағдай болды дейді олар. Отандастарыма көрсеткен қолдауы үшін үлкен алғыс білдіремін. Астанаға өз мотоцикліммен барамын. ЭКСПО туын Мемлекет басшысына тапсырамын», - деді ол.

Егер Хакасияда апат болмаса байкер Омск, Челябинск, Қорған қалаларында ЭКСПО туына автограф жинап келетін еді.

Одан соң Астанадағы жабылу салтанатына қатысар еді.

Ал 100 елді аралап келген ту Астанадағы музейлердің бірінен орын тебер еді.

Қазақстандық байкер Дмитрий Петрухин Қазақстанды таныту мақсатында әлемді мотоциклімен саяхаттап шыққан.
2004-2014 жыл аралығында Қазақстанның көк байрағын 150 мемлекетті аралатып, 250 мың шақырымды бағындырды.

Осы жолғы саяхаты 2012 жылдан басталған. ЭКСПО-ға арналған саяхатын байкер әдейілеп Кариб бассейніндегі елдерден бастаған.

Аталған елдердің лауазымды тұлғаларына Астана үшін дауыс беруге шақырған.

«Багам аралдарының сыртқы істер министрі менімен кездесуден соң Қазақстан туралы біраз мағлұмат алып, Астанаға дауыс беретіндерін айтқан. Сайлаудан соң Кариб бассейніндегі 15 мемлекеттің барлығы даусын Астанаға бергені анықталды. Мен шақырған бизнесмендер мен лауазымды тұлғаларды ЭКСПО-ның ашылу салтанатында көрдім. Оларға біздің Астана қатты ұнаған», - деді саяхатшы.

ЭКСПО ресми ашылған соң да Д.Петрухин көршілес елдерді аралап маңызды шараға адам шақырумен айналысты.

24 тамызда Хакасияда байкер апатқа ұшырап қабырға сынығымен ауруханаға түскен болатын.

Соңғы жаңалықтар