«100 қадам» Ұлт жоспарын сапалы орындау Конституцияның әлеуетін кеңірек ашуға септігін тигізеді

Заң сақталған жерлерде ғана тұрақты да орнықты даму болады. Заңнама сақталмайтын, конституциялық өзегі орнықсыз мемлекеттің ертеңі де бұлыңғыр. Тіпті қазақтың ұлы даласында ықылым заманнан хандықтардың сақталып келуі, содан барып бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы сол бір кездегі дала заңдарының беріктігі негізінде ғана орын алды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның Жеті Жарғысы» хандық ішіндегі тәртіпті бекемдеп қана қойған жоқ, мемлекеттілікті нығайтты, елдіктің өміршеңдігін танытты. Яғни, хандар заманындағы қазақ қауымдастығының дамып, өрлеуі де негізінен заңдылықты сақтаудың арқасында ғана мүмкін болған. Бір кездері бұл солай болса, бүгінгі шапшаң өзгеріске ұшырап жатқан ғасырда конституциялық қағидаттарды берік ұстану дамудың бірден-бір кепіліне айналып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның өз ұстанымын бекітіп, болашағын айқындаған 1995 жылғы Конституция елдік тарихымыздың жаңа парағына айналды десе де болады. Сонымен бірге, Елбасы айқындаған бес институттық реформаны жүзеге асыру да Ата Заңымыздағы әлеуетті арттыра түсетіні айдан анық.
Айта кетерлігі, Ата Заңның 20 жылдығы қарсаңында Конституцияға арналған халықаралық конференция өткен еді. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылғы Конституцияның қабылдануын ұлт тарихындағы ұлы оқиғаның біріне жатқызған болатын. «Біріншіден, Ата Заң біздің жас мемлекетіміздің өмір сүруіне қатер төндірген жүйелі дағдарысты еңсеруге объективті түрде алғышарт жасады. Батыл іс-қимылдармен, халқымыздың топтасқандығымен және бірлігімен біз ол қатерді еңсердік. Екіншіден, елдің мемлекеттік құрылымының бүкіл жүйесі түбегейлі ауысты. Ол кеңестік кезден қалған инерциялық формадан түпкілікті арылды. Үшіншіден, ұлттық экономиканың басымдықты үлгісі әкімшіл-әміршіл тәсілден нарықтық тәсілге қарай бұлжымастай өзгерді. Осынау тамаша тәжірибені өзіміздің дамуымыздың жаңа сатысына аяқ баса отырып, бүгінде де пайдаланудамыз», - деді Елбасы Н. Назарбаев. Бұдан бөлек, Конституцияның арқасында 1995 жылы Қазақстандағы саяси жүйе қағидатты түрде жаңаруға бет бұрған болатын. Мәселен, жаңа Ата Заң арқылы қоғамда партияның, азаматтық сектордың жаңа Үкіметтік емес ұйымдардың, тәуелсіз БАҚ-тардың дамуы үшін қолайлы жағдайлар пайда болды.
Ал бүгінгі елдік даму жағдайына келсек, Мемлекет басшысының айтуынша, Конституция Қазақстанның тұрақты дамуына барлық тетіктерді қамтып отыр. Соның ішінде Негізгі Заңымызда табысты даму үшін де, Ұлттың өзді-өзінен жаңаруы үшін де барлық құқықтық құралдары баршылық. Соған да Елбасы конференция барысында назар аударған болатын.
«Біз алдымызға жаһандық мақсат - ғасырдың ортасына қарай, 2050 жылға дейінгі кезеңге әзірленген стратегиялық бағдарлама негізінде Қазақстанды әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің біріне айналдыру мақсатын қойдық. Барлық көшбасшы елдерде табыстың екі басты құрамдасы бар екенін тарих көрсетіп отыр. Біріншісі - серпінді экономика және жаңғыру. Екіншісі - тұрақты конституциялық жүйе және орнықты мемлекет. Осынау екі фактор ХХІ ғасырда Қазақстанға да толық дәрежеде қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл ретте Елбасы Бес институттық реформа аясындағы «100 қадам» Ұлт жоспарының маңызды болатынын алға тартады. Ал Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның аясында Ұлт жоспарын орындау тұтастай алғанда Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан да кеңірек ашуға септігін тигізеді. Осыған орай, Мемлекет басшысы Ұлт жоспары төңірегіндегі пайымын да айтып өткен болатын.
«Біріншіден, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі халық болса, Ұлт жоспарының кәсіби мемлекеттік аппарат пен есеп беретін мемлекет құру жөніндегі шаралары да осыған бағытталған. «Азаматтар үшін ашық Үкімет», жемқорлыққа қарсы батыл күрес, мемлекеттік органдар мен қызметшілердің жұмыстарын нақты нәтижелер бойынша бағалау, сондай-ақ, өзге де шаралар - осылардың бәрі ел мүддесі үшін. Екіншіден, азаматтық тең құқылық туралы конституциялық постулаттар Бес реформаның заң үстемдігін қамтамасыз ету сияқты бағытында біртіндеп ашылып отыратын болады. Үшіншіден, индустрияландыру және экономикалық өсу бағыттары аясында бүкіл халық игілігі үшін экономикалық дамудың конституциялық қағидаты толыға түседі. Төртіншіден, әлеуметтік мемлекеттің конституциялық қағидаты білім беру, денсаулық сақтау, азаматтардың әлеуметтік жұмыспен қамтылуы салаларын жаңғырту жөніндегі шаралармен біртіндеп кеңейе түсетін болады. Бесіншіден, біздің Конституциямызда «қазақстандық патриотизм» ұғымы бекітілген. Оның мағынасы біздің азаматтық Ұлтымызға адал қызмет етуге, азаматтың міндеттерін сөзсіз орындауына келіп тіреледі. Шынайы патриотизм Конституцияға адалдықтан, мойындау мен қатаң орындаудан басталады», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тұтастай алғанда Мемлекет басшысы айқындаған бес институттық реформаны жүзеге асыру тетіктері келер жылдың 1 қаңтарында іске қосылатын болады. Ал бұл үшін 78 заңнамалық акт қабылданып, Конституцияға да өзгерістер енгізілетіні күтіледі. «Сондықтан, бүгіннің және болашақтың мемлекетін құру арқылы біз жаңа өзгерістердің табалдырығында тұрмыз. Біз барын бағалап, қымбатын қадірлей білген елміз. Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң - тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құндылықтар жинағы. Мемлекеттігіміздің алтын қазығын қастерлеу - әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Конституцияның әрбір сөзін мүлтіксіз орындап, бұлжытпай сақтасақ, алар асуымыз әрдайым асқақ болады. Сол арқылы Мәңгілік Елдің тұғырын нығайтып, шаңырағын биіктете түсеміз», - деп түйіндейді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте айта кетерлігі, Парламент Елбасының алға жүктеген міндеттерін қамтамасыз ету бағытында Үкімет әзірлеген заңдардың басым бөлігін қабылдады. Президент оның біразына қол қойып, күшіне енгізді. Ендеше, алдағы уақытта, нақтырақ айтқанда 2016 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа құқықтық өзгерістер алаңы іске қосылады деген сөз. Осылайша, Конституция берген басымдықтар аясында тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болатын реформалар үздіксіз жалғасады деген сөз.