«100 қадам»: Заңның мүлтіксіз орындалуы сот жүйесінің деңгейін нығайта түседі
Қазақстанның сот жүйесі Тәуелсіздік жылдарынан бері терең реформаларды басынан өткеріп келгені белгілі. Бүгінгі таңда елімізде сот жүйесінің өзіндік заңдық базасы қалыптасты. Әділ сот жүйесінің жұмысы әлемдік стандарттарға сәйкестендіріп, соттың тәуелсіздігін кепілдендіретін құқықтық тетіктер енгізілуде. Ендігі күні Елбасының бастамасы аясында сот жүйесі одан әрі реформаланып, тәуелсіз сот қалыптасады, әділ сот үдерістеріне халықтың қолжетімділігі арта түседі. Айта кетерлігі, биылғы жылдың өзінде осы бағыттар бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жыл басынан бері сот органдарының автоматтық жүйесі жұмыс жасай бастаған. Ақпараттық технологиялар да сот өндірісіне енгізілуде, ал бұл дегеніңіз бюрократиялық кедергілерді жоюға ықпал етеді, сот жүйесінің ашықтығын қамтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізбек деген сөз.
Тоқтала кететін жайт, Елбасы айқындаған бес институционалдық реформаның екіншісі тұтастай заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Сондықтан да, бұл бағытта қыруар жұмыстар күтіледі. «Бес реформаның екіншісін жүзеге асыру аясында бірқатар ауқымды шаралар жоспарланып отыр. Соның ішінде әділ сот жүйесіне азаматтардың қолжетімділігін арттыра түсу үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру көзделеді. Бұл ретте әділсоттың бес сатылық жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалаушы және қайталама қадағалаушы) - үш сатылық жүйеге (бірінші саты, апелляциялық, кассациялық сатылар) көшу көзделеді. Енгізіліп жатқан үш сатылық сот жүйесі әлемнің дамыған елдеріне тән тәсіл», - дейді Астана қалалық Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Шолпан Нүсіпова. Шындығында, сот жүйесінің бес сатылық үлгісі Кеңес Одағынан бері келе жатқан әрі әлем елдерінде қолданудан қалып бара жатқан ескі үлгі. Ал дамыған әлем елдерінің басым бөлігі үш сатылы жүйеде қызметті жандандырып отыр. Яғни, Қазақстан сот жүйесіндегі осындай оң өзгерістер арқылы халықаралық стандарттарға бір қадам жақындай түспек.
Судья Шолпан Нүсіпованың айтуына қарағанда, жаңа реформаға сәйкес, облыстық соттарда (Астана қалалық сотында) тек апелляциялық сатылар ғана қалады, ал кассациялық саты Жоғарғы Соттың құзырына енеді. Апелляциялық сатыда істер алқаларда қаралатын болады, ал жалғыз судьяларда - жеңілдетілген өндірістегі тәртіппен қаралатын істер беріледі.
Реформа аясындағы екінші бір басты мәселе - кәсіби сот жүйесін дамыту. «Азаматтардың сот жүйесіне сенімділігін арттыру көп жағдайда судьялардың кәсібилік деңгейіне байланысты болып табылады. Сондықтан да, Елбасы судьяларға қатысты қойылатын біліктілік талаптарын күшейтіп, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетігін қатайтуды жүктеді», - дейді Шолпан Нүсіпова. Бұл ретте оның айтуынша, судьяларға кандидаттар үшін жас шектеулері 30 жасқа дейін ұлғайтылады, соның ішінде кандидаттың сот процесстеріне қатысуы бойынша 5 жылдық жұмыс өтілі міндетті түрде болуы талап етілмек. Сонымен қатар, кандидаттардың кәсіби дағдылары мен біліктілігін тексеру үшін ситуациялық тест жүйесі енгізіледі. Ал ол тесттен өткен кандидаттар бір жыл бойы стипендия ала отырып, соттарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Бір жылдық тәжірибесі аяқталғаннан соң жас судьяларға тағы бір жыл сынақ мерзімі ретінде белгіленеді.
Соттарда жаңа келген жұмыс өтілі үш жылға дейінгі жас судьяларға көмекшілер институты енгізіледі, олар сот талқылауларына істерді дайындаумен, сот актілерінің жобаларын әзірлеумен айналысатын болады. Бұдан бөлек, ендігіде Әділсот институты Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жанында қызмет ететін болады. Аталған институт тұрақты түрде судьялардың біліктілік талаптарын арттыруды қамтамасыз етеді. Судьялар бойынша қолданыстағы тәлімгерлік жүйесі жетілдіріледі, кепілгерлік институты енгізіледі.
«Айта кетерлігі, бүгінгі күні Астана қалалық Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының құрамында үш жас судья қызмет етеді. Сот төрағасының бұйрығымен оларға жұмыс тәжірибелері бар тәлімгерлер бөлінген, олар практикалық көмектерін беріп тұрады. Жұмыс жоспарына сәйкес, жас судьялар қалалық сотта тәжірибеден өтіп, біліктілікті арттыру институтынан білім алулары керек», - дейді судья Шолпан Нүсіпова.
Оның айтуына қарағанда, алдағы реформалар аясында соттардың есептілігі де күшейтіле түседі. Бұл ретте судья этикасына арналған жаңа кодекс әзірленбек, оның негізінде ҚР Жоғарғы Сотының жанынан құрылатын арнайы сот алқасына судьялардың әрекеттеріне шағымдану үшін заңды және жеке тұлғалардың құқықтары кеңейтіле түседі. Жалпы, Жоғарғы Сот жағында екі комиссия жұмыс істемек. Оның біріншісі судьялардың тәртіптік әрекеттерін, жауапкершіліктерін қарап, қадағалайтын болса, екіншісі - біліктілік талаптарына назар аударады. Оның аясында судьялардың кәсібіне жарамсыздығын тану, соттардың әрекеттеріне қатысты шағымдарды қарау мәселелері жатқызылады.
«Сот отырыстарының хаттамаларын жүргізу тәртібін бұзу судьяларға сенімділік деңгейін төмендетуі ықтимал себептердің бірі ретінде қаралатын болады. Сондықтан да, барлық сот процесстерінде аудио-бейне жазбаларды енгізу қажеттігі туындады деп ойлаймын. Бұл ретте аталмыш жоспар орындалып бітті деп айтуға болады, өйткені, қазіргі таңда сот отырыстарының барлық залдары аудио-бейне жазбалар құрылғыларымен толық жабдықталды», - дейді Астана қалалық Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Шолпан Нүсіпова.
Айта кетерлігі, алдағы уақытта сот жүйесіндегі реформалар бойынша инвестициялық дауларды қарастыратын жеке сот өндірісін құру көзделіп отыр. Бұл ретте Парламент жақында ғана қабылдаған Азаматтық процестік кодексінде Астана қалалық сотынан инвестициялық алқа құру туралы норма қарастырылған болатын. Екіншіден, ҚР Жоғарғы Сотының жанынан мамандандырылған сот алқасын құру көзделеді. Жаңадан құрылатын алқаның құзыретіне ірі инвесторлардың дауларын бірінші сатыда қарау енгізіледі. Сонымен қатар, ҚР Жоғарғы Соты жанынан Халықаралық кеңес құру да заңдық негізде белгіленген. Бұл Халықаралық кеңес - жаңа консультативтік орган болып табылады. Ал шетелдік және отандық мамандар қатысатын сол Халықаралық кеңестің инвестициялық дауларды қараудағы консультациялары жалпылама ұсыным сипатында болады. Бұдан бөлек, Астана қаласында Дубай қаласының тәжірибесі негізіндегі Халықаралық төрелік орталығын құру жоспарланады. Осылайша, ҚР Жоғарғы Сотының жанынан шетелдік беделді судьялар мен сарапшыларды, заңгерлерді қатыстыра отырып құрылатын Халықаралық кеңес Қазақстанда озық әлем мойындаған стандарттардың қолданысқа енуіне ықпал етпек. Тұтастай алғанда Кеңес қазақстандық әділсот жүйесін жетілдіре түсуге қатысты мәселелер бойынша кеңестер береді.
Тағы бәр мәселе, реформа аясында азаматтық-құқықтық даулар бойынша соттарда сот үдерістерін жеңілдету және сот үдерісін жеделдету үшін прокурорлардың қатысуын қысқарту шаралары да қарастырылады. Бұл бағыттағы жаңа нормалар да Азаматтық процестік кодекске енгізілген. Судья Шолпан Нүсіпованың айтуынша, қазірдің өзінде соттарда азаматтық-құқықтық даулар бойынша прокурордың қатысуын төмендетуге бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, биылғы жыл басынан бері соттарда мемлекеттік сатып алулар бойынша әділ емес қатысушыларды тану бөлігіндегі дауларға прокурорлардың қатысуы міндетті болып табылмайды, ал 2015 жылға дейін прокуратура органдары дәл осындай дауларға міндетті түрде қатысып келген болатын.
«Айта кетерлігі, тұтастай алғанда Елбасы айқындаған реформаларды ретімен сауатты түрде жүзеге асыру азаматтық-құқықтық қатынастарда субъектілер құқығын қорғау үшін жағдайлар жасайды, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайта түседі», -деді Шолпан Нүсіпова.
Түйіндей айтсақ, Мемлекет басшысы заңның үстемдігі, әділдік пен баршаның заң алдындағы теңдігі қағидаттарының сақталуы гүлденген мемлекеттің негізі және экономикалық өсудің кепілі болып табылатынын айтқан еді. Ендеше, алдағы реформаларды сауатты атқару Қазақстанның жан-жақты дамуына да септігін тигізетін болады.