«100 қадам»: Жеткіншек ұрпаққа мектеп табалдырығынан бастап, жоғары оқу орындарына дейін әлемдік деңгейде білім мен тәрбие берілуі керек
Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, Қазақстанда жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу жоспарланған. Оның басты мақсаты - даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру, қазақстандықтардың әлемдік қауымдастыққа және халықаралық процестерге еркін араласуына жол ашу. Сонымен қатар бұл жаңашылдық Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеретін болады.
Сондай-ақ, осы бағыт аясында 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту, жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру жоспарлануда.
Бұдан өзге, экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату жүргізіледі.
«Ұлт жоспарының «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында Қазақстан - ғылыми жұмыстарды өндіріске енгізуге кіріседі. Осы бағытта біздің алдымызда 2 міндет бар. Біріншісі, ғылымға негізделген экономиканы қалыптастыруға негіз болатын 2 инновациялық кластер құру. Екіншісі, ғылыми және ғылыми техникалық жұмыс нәтижелерін коммерцияландыру жүйесін құру. Ол үшін арнайы заң жобасын жасау керек. Осы екі міндетті шешу мәселесі өте өзекті.
Жалпы ғылым саласына соңғы жылдарда көп мән беріліп келеді. Осыған дейін 2 мыңнан аса ғылыми жобалар қаржыландырылды. Бүгінде 100-ден аса ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Ғалымдардың ғылыми конкурстарға қатысудағы белсенділігі артып келеді. Биыл 5 мыңға жуық өтінім қабылданды. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2 есеге артық. Қазақстан ғалымдары 1,5 мыңға жуық патент алды.
Жоғарыда Қазақстанда жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу жоспарланғанын атап өттік. Бұл жұмысты Астана әкімдігі бастап та кетті. Себебі алда ЭКСПО шарасы өтуі тиіс. Ал оған ағылшынды өз ана тіліндей жақсы білетін сапалы мамандар қажет. Алдағы оқу жылында елорданың кейбір колледждерінде білім беру ағылшын тілінде жүргізілетін болады. Мамандықтар тізіміне қонақ үй шаруашылығы менеджерлері, даяшылар мен бармендер, сондай-ақ медициналық қызметкерлер енгізілді.
Елбасының «100 нақты қадам» жоспарында қазақстандық түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор көңіл бөлінген. Біліктілігі жоғары кадрларды дайындау процесіне басымдық беріледі, сол арқылы колледждер кезең-кезеңмен ағылшын тілінде оқытуға көшеді.
Астана қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қасымхан Сенғазыев қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында мәлім еткендей, тәжірибелік жоба аясында 2015-2016 оқу жылында Астананың 4 колледжінде студенттер ағылшын тілінде білім алатын болады. Себебі елордада құрылатын жаңа қаржы орталығы мен EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу халықаралық деңгейге сәйкес дайындалған кадрлардың болуын талап етеді.
Оның үстіне Индустрияландырудың екінші бесжылдығы да басталғалы отыр. Оның аясында 2015-2019 жылдары 257 жобаны іске асыру көзделген болса, ҚР Инвестицялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес,оған шамамен 46 мыңнан астам маман қажет болады екен.
Мұндағы кадрларға деген жалпы қажеттілік 46 600 адамды құрайды. Мәселен, техникалық және кәсіптік білім саласына келетін болсақ, «Кәсіпқор» холдингімен колледждер арасында осы колледждерді дамыту бойынша тиісті шаралар жасалды. Екінші бесжылдыққа дайындайтын мамандар пысықталды.
«Кәсіпқор» холдингі 10 колледжбен әріптестік негізінде бірлесіп, 16 жаңа оқу бағдарламасын дайындаған. Биылғы жылы ілкі режімде екі колледжде, атап айтқанда, Көкшетау жоғары техникалық колледжі мен Ақтөбе политехникалық колледжінде осы бағдарламалардың 8-і енгізілетін болады.
2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу процесіне енгізілетін оқу бағдарламаларын келісу бойынша жұмыс берушілер және кәсіподақтармен жұмыс жүргізілуде. Он іріктелген колледждің алтауы Дүниежүзілік банк қарызы есебінен іске асырылатын техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту жобасына грант алушылар болып табылады. Осы жоба аясында колледжер жалпы сомасы 425 млн. теңгені құрайтын заманауи жабдықтармен жабдықталған.
Осы орайда, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспары мен 5 институттық реформаны іске асыруда «Болашақ» стипендиясының маңызы зор. Өйткені алға қойған міндеттерді сапалы орындауда бірінші кезекте әлемнің үздік жоғары оқу орындарын бітірген жоғары білікті мамандар қажет.
Үкімет осы мәселені қаперге ала отырып, «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған даму жоспарының жобасын жасақтады. Және «Болашақ» бағдарламасы бойынша Split PhD іске асыру тұжырымдамасын мақұлдады. Тұжырымдама Қазақстанның Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында елдегі жоғары оқу орындарында ғылыми кадрлар даярлаудың жаңа жүйесін енгізуді көздейді.
«Болашақ» бағдарламасының 22 жылы ішінде 8 мыңға жуық маман даярланды. Олардың 98 пайызы жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда әлемнің 25 елінде екі мыңға тарта студент оқиды. Олардың қырық пайыздан астамы техникалық мамандықтар бойынша білімін алуда. Жалпы ғылым саласына 2014 жылы 48 млрд. теңге бөлінген.
Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен ашылған Назарбаев Университетінің де қосар үлесі аз болмасы анық. Назарбаев Университетінде алғашқы түлектерге диплом тапсыру салтанатты рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы оқу орнының түлектерін Астанадағы болашақ қаржы орталығында жұмыс істеуге шақыруы да бекер емес.
«Жолдың ар жақ бетінде ЭКСПО-2017 көрмесінің ғимараттары салынып жатқанын көріп отырсыздар. Халықаралық көрме аяқталғаннан кейін бұл жерде дүниежүзілік қаржы орталығын салу туралы Жарлыққа қол қойдым. Ол әлемнің ең таңдаулы қаржы орталықтарының стандарты бойынша жұмыс істейтін болады. Іс-қағаздарының барлығы ағылшын тілінде болады, сот ісін жүргізу ағылшын тілінде болады. Ол орталық отандық экономиканың ең басты локомотивінің біріне айналады. Университеттің жанында салдырып жатқанымның да бір мәні бар. Оның жұмысын жандандыруға осы университеттің түлектері өз үлесін қосады деп сенемін»,-деді Президент түлектерге қаратып айтқан сөзінде.
«Сендер әлемдік білім ордасында оқып, әлемдік қаржы орталығында еңбек ететін боласыңдар. Біз сендердің алаңсыз білім алып, қалаған кәсіптеріңнің шыңына жетулерің үшін барлық жағдайды жасадық. Бүкіл еңбегімізді, ерік-жігерімізді ұрпақтың болашағы үшін сарп етудеміз. Тәуелсіздік жылдарындағы ең қиын кезеңге қарамай қолға алғанымыз - ол жастарға білім беру»,-деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған бұл оқу орны отандық білім берудің үздік үлгісі болып табылады. Биыл университетті 446 студент тәмамдап отыр. Таратылған мәліметтерге қарағанда, жалпы оқу орны ашылғаннан бері жеті мектептегі студенттер саны 2 800-ге дейін жетті. Жыл сайын 500 адам оқу грантына ие болуда. Магистранттар мен докторанттар да мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады.
Ағылшын тілін үйреніп, көкжиегімізді кеңейтуіміз қажеттігін Елбасы Н.Назарбаев жиі айтып отырады. Жақында ғана «Ресей 24» телеарнасына берген сұхбатында да оны қадап айтты. «Біз, қазақтар, әлемдік ғылымға, білімге орыс тілі арқылы шықтық. Қазір ағылшын тілін меңгеру арқылы көкжиегімізді кеңейтуіміз қажет», - деді ҚР Президенті Н. Назарбаев.
Кадр дайындау және бес институционалдық реформаларға тоқтала келе, Мемлекет басшысы қазір Қазақстан мектептерінде үштілділік белсенді енгізіліп жатқандығын атап өтті.
«Бұл - қазақ, орыс және ағылшын тілдері. Бұл жоғары сыныптарда толықтай ағылшын тілінде білім алуға көшуге негізделген. Кейін біртіндеп университеттерде табиғи ғылымға баса ден қойылады. Келешекке осылайша бет бұрдық. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде жастарды 22 жылдан бері оқытып келеді. 20 мыңға жуық адам шетелде білім алып, бүгінде экономика саласында еңбек етуде. Біз үшін бұл ерекше жетістік!» - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, ағылшын тілі - компьютер, әлемдік ғылым, мәдениет тілі.
Қазақстан соңғы үш жылда 4 мыңнан астам шетелдік ғылыми маман тартты. Бұл - Қазақстанда ғылым тұтқасын ұстаған, ағылшын тіліндегі мамандарға сұраныс жоғары екенін білдіреді.
Шақырылған ғалымдар саны соңғы 3 жылда 4401 адамды құрады, оның ішінде Еуропадан 1886, Оңтүстік-Шығыс Азиядан 237, АҚШ-нан 403, Канададан 11, Ресейден 1294, Беларусьтен 69.
Мемлекет қазір шетелдерде жұмыс жасап жатқан отандық қазақстандық ғалымдарды қайтарудың және таланттардың кетуіне жол бермеудің белсенді саясатын жүргізуде.
Ұлттық университеттерде және Назарбаев Университетте шетелдік ғалымдардың ел аумағына келуі үшін әлеуметтік-экономикалық шарттар қарастырылған. Оның ішінде, сақтандыру, біліктілікті арттыру, сыйақылар, материалдық көмек, баспана ұсыну, тұрғын үйге шығындарды өтеу, жатақханалар салу, спортпен айналысуға мүмкіндік қарастырылған.
«Назарбаев Университет» АҚ-да осы жылдары 350-ден астам шетелдік ғалым тартылған, оның ішінде 26 қазақстандық ғалым. Олар негізінен Ұлыбританиядан, Канададан, Франциядан, Италиядан, Нидерландыдан және басқа елдерден келіп отыр.
«Елбасы өз сөзінде: «Білім беру мен денсаулық сақтау Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына бағдар ұстанатын болады», деп атап көрсетті. Яғни біз әлемдік талаптарға сай болуымыз керек. Жеткіншек ұрпаққа мектеп табалдырығынан бастап жоғары оқу орындарына дейін әлемдік деңгейде білім мен тәрбие берілуі керек. Қазақстанды жаңғырту - біздің ортақ ісіміз.