100 келі зілтемірді еңсерді: елордалық мұғалім 54 жасында әлем чемпионы болды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының  Райымбек батыр атындағы №50 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Ержанова Мысырда пауэрлифтинг спортынан өткен ашық әлем чемпионатында екі алтын медаль иеленді. 

Елордалық мұғалім пауэрлифтингтен Мысырда өткен әлем чемпионатында топ жарды
Фото: Астана қаласының Білім басқармасы

Мысыр астанасында өткен ашық біріншілікте елордалық ұстаз зілтемірді жерден іліп тік көтеру сайысында 100 келіні оңай бағындырып, рекорд тіркеді. Аталған жарысқа 23 мемлекеттен 2 000-ға жуық спортшы қатысты. 

100 келі зілтемірді еңсерді: елордалық мұғалім 54 жасында әлем чемпионы болды
Фото: Астана қаласының Білім басқармасы

Айгүл Ержанова спорттың бұл түрімен 52 жасында кәсіби тұрғыда айналыса бастаған. Ал оған дейін қолкүреспен, жеңіл атлетикамен айналысқан. 

— Қазақстан бұл жарысқа бірінші рет қатысып отырған соң мені ұйымдастырушылар басында қытайлық деп ойлапты. Кейін рекорд орнатқанымда Қазақстаннан келгенімді біліп, құрмет көрсетті, - дейді чемпион.

Айта кетейік, астаналық мұғалім былтыр «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған. 

Бапкері өзінің інісі — Айбар Ержанов. Ол ауыр атлетикадан әлем чемпионаты, Азия, Еуропа біріншіліктерінде жеңіске жеткен. 

Соңғы жаңалықтар