«100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасына бөлінген қаржыны лауазымды тұлғалармен қатар мердігерлік ұйымдар да жымқыруда - апталық брифинг

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол келтірген мысалдарға қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Леңгір ауданында мектеп құрылысына бөлінген 120 миллион теңгені ұрлаған «Сәулет Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры жауапқа тартылуда. Аталмыш серіктестік құрылыс жұмыстарына қажетті техникасы мен мамандары болмағандықтан құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруға мердігерлерді жалдаған. Олар құрылыс нысанының фундаментінің орнын қазып, оны дуалмен қоршаған. Одан кейін нысанға мүлде келмеген. Ал Атырау облысында «Құрманғазы сәулет орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорының ісі сотқа берілген. Ол Құрманғазы ауданының Орлы ауылындағы орта мектептің құрылыс-монтажжұмыстарына қатысты жалған актілерге қол қойып, мемлекеттің 6 миллион 800 мың теңге қаражатын жымқырған.