«100 нақты қадам» - тұрақтылық кепілі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді дамытатын бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын белгілеп берді.
None
None

Бұл - ұлт болашағы үшін жасалған нақты жоспар, халықтың әл-ауқатын барынша жақсарту мен тұрмыс дәрежесін жоғары деңгейге көтеруден туған және де жан-жақты қорытындыланған тұжырымдар. Сондықтан ел дамуының 100 нақты қадамы әрбір саладағы еңбек ұжымдарына алда атқарылар қыруар шараларға барынша ықтияттылықпен және жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

Елбасы нақты қадамдарды жәй ғана ұсынып қойған жоқ, тәуелсіз еліміздің бұдан былайғы дамуына басқаша көзқараспен қараудың, оны жаңа деңгейге көтеру үшін табандылықтың аса қажет екендігін алға тартты. Осы бағытта ұсынылған басты бағыттардың атқарылу жолдарын көрсетіп, мақсатын да дәл айқындап берді. Бес институттық реформадан туындайтын 100 нақты қадам - бұл стратегиялық үлкен жоспар. VIII Астана экономикалық форумында айрықша көтерілген ауқымды шаралардың шетелдік белгілі саясаткерлерді, экономистерді, ғалымдар мен кәсіпкерлерді де таң қалдырғаны белгілі. Мысалы, Италия ғалымы, Жоғары геосаяси зерттеулер және аралас ғылымдар институтының президенті Тиберио Грацияни: «Мұндай реформалар тек Қазақстанға ғана қажет емес, оған сын үстіндегі жүз жылдықта әлемнің бүкіл елдері мұқтаж», деп ағынан жарылған еді. Мемлекет басшысы ұсынған 100 нақты қадамның «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты тарауы 35-тен 84-ке дейінгі аралығы нақты қадамдарды қамтиды. Бұл ел дамуының басты тетігі - экономикаға байланысты ең өзекті мәселелер тізбегін құрайды. Атап айтқанда, сол 35-інші қадамда: «Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. Жер кодексіне және басқа да Заң актілеріне өзгерістер енгізу» мәселесі көтерілген. Жеріміз бай, ұшы-қиыры жоқ кең дегенімізбен де, жердің сұрауы бар екендігін ұмытпауға тиістіміз. Оның ішінде халықтың дастарханына көл-көсір өнім әкелетін ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, оларды нарықтық айналымға енгізу - бүгінгі күннің басты мәселесі екендігі даусыз. Бұл мәселеде әлі де шешілмеген түйіндердің де бар екендігі рас. Соларды болдырмас үшін Жер кодексіне және басқа да Заң актілеріне өзгерістердің енгізілуін халықтың құптайтындығы анық. Осы тараудың 39-ыншы қадамында: «Кеден және салық жүйелерін интеграциялау. Тауар салық салу мақсатында Қазақстан аумағына кірген кезеңнен бастап оны сатқанға дейін бақылауға алынады» делінген. Бұл да экономикалық өсімге игі әсер ететін шара. Кеден және салық жүйелерінің жұмысына бұл қадамның да оң өзгеріс әкелері сөзсіз. Сондай-ақ, құрылыс, электр энергетикасы, жол-көлік инфрақұрылымы, өндірістік инновациялар енгізу, оларды қаржыландыру, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, еңбек қатынастарын ырықтандыру, жаңа Еңбек кодексін әзірлеуге қатысты қадамдардың да көтеріп тұрған жүктері салмақты.

Бір сөзбен айтқанда, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылу үшін елімізде жаңа индустрияландыру мен экономикалық өсімнің қарқыны жоғары деңгейде болуы шарт. Елбасы ұсынған нақты қадамдар бізді осыған бастайды және де ол баршаның көкірегіне үміт отын ұялатады.

Соңғы жаңалықтар