«100 нақты қадам»: Жаңа қазақстандық патриотизм негізі - мемлекеттік тіл, Б.Жексенғалиев, БҚО

- Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланған 2015 жыл «Мәңгілік елдің» өткенін таразылаумен бірге болашағын бағдарлайтын, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бастайтын шешуші қадамдар жылы болуы тиіс, деп бастады сөзін Б.Жексенғалиев. Жаңа қазақстандық патриотизм туралы сөз қозғағанда, біз «Мәңгілік ел» ұлттық идеясынан туындайтын міндеттерді алдымен айтамыз. Ал ұлттық идея - жаңа қазақстандық патриотизм десек, сол ұлттық идеяның тұғыры - ұлттық тіл. Басқаша болуы да мүмкін емес. Бұл туралы ҚХА-ның XXII сессиясында Елбасы нақты айтты: «Кез келген ұлт - мемлекет - бұл, бірінші кезекте, оның бірегей мемлекеттік тілі».
Қазіргі кезең - ұлт пен тіл тағдыры, болашағы үшін шешуші кезең. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясымен бірге қазақ тілі де даму мен өрістеуге жаңа мүмкіндіктер алды. Мәселен, біздің осы уақытқа дейін тіл саясатын жүргізуде қолданып келген әдістемеміз қаншалықты тиімді? Сұрақ бекер қойылып отырған жоқ. Осы кезге дейінгі біз қолданған мемлекеттік тіл саясатын іске асыру тетігі жетілдіруді қажет ететіндігі анық. Бұл бағытта бізде ғылыми негізделген, тұрақты да жүйелі істен алдын ала ұйымдастыру мен есеп беру сипатындағы науқандық шаралар басым болып отыр. Басқаны айтпағанда, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейін алсақ та жеткілікті. Қазақ тілінің қазақстандық қоғамда сұранысы мен қажеттілігінің төмендігі бұған айқын дәлел. Бұл туындаған мәселелерді енді басқа әдістермен шешу қажет.
«Мәңгілік ел» ұлттық идеясы сонымен бірге жаңа мемлекеттік идеология. Сондықтан да мәңгілік елдің мәңгілік бірегей мемлекеттік тілі - қазақ тілі де, елдегі мемлекеттік тіл саясаты да жаңа деңгейге көтерілуі тиіс.
Тілді мәжбүрлеп үйрену, үйрету мүмкін емес. Бұл абсолют ақиқат. Сонымен бірге қандай тілде болса да, халық тек ол қажеттілік пен сұранысқа ие болғанда сөйлейтіні де рас. Біздің жағдайымызда әрбір қазақстандық үшін «қазақ тілін білу борыш қана емес, сонымен бірге ұлтқа деген құрмет» (Н.Назарбаев) ұғымын қалыптастыратын саясат керек екендігі анық. Тілді мемлекеттік тіл етіп орнықтыру тетігі керек, оның ең негізгісі - сол тілге деген қажеттілік.
Ең алдымен, мемлекеттік тілдің барлық өркениетті елдердегі сияқты конституциялық мәртебесіне сай қолданылуына қол жеткізу, қуатты ұлттық идеологияның негізі болатын мемлекеттік тіл идеологиясын қалыптастыру мемлекет пен қоғамның тіл саясатына қатысты басты мақсаты екенін айтқан жөн. Әсіресе, адамдардың санасында қалыптасып қалған көзқарас пен ділді өзгерту үшін де қуатты тіл идеологиясы қажет және оның басты мақсаты - мемлекеттік тілді ұлттық идея дәрежесіне көтеру, қазақ тілін жалпы ұлттық тілге айналдыру. Әрбір Қазақстан азаматы осы «ұлт үшін деген ұлы іске» (А.Байтұрсынұлы) өз үлесін қосуға ұмтылғанда ғана бұл бағытта түбегейлі өзгерістер болатыны аян.
Бұл ретте мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлтының өзінің тарихи миссиясын толық түсінуі, мәңгілік елдің мәңгілік тілін ұлт бірлігінің басты факторына айналдыра білуі - басты шарт. Жалпы мемлекеттік тіліміз туралы айтқанда, бар мәселе қазақ қоғамының өзіне келіп тірелетіні анық. Өзің сыйламағанды өзгеге сыйлата алмайсың. Сонымен бірге осы жалпыхалықтық міндеттерді орындауда Қазақстан халқы Ассамблеясының да шешуші сөз айтатын кезі келді. 20 жылдық тарихында ел, ұлт тұтастығының символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа кезеңде жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісінде де тек алдыңғы қатарда болуы тиіс. Сондықтан да Ассамблея жылында Ассамблея мүшелері «Мемлекеттік тіл - менің тілім» акциясын, елімізде мемлекеттік тілді жаппай меңгеру, қолдану үрдісін нақты іспен қолға алып, өзге отандастарымызға үлгі болса деген тілек бар. Өйткені біз үшін жаңа қазақстандық патриотизмнің басты белгілерінің бірі - қазақ тілінің сөз жүзінде емес, іс жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілуі.
Елімізде «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау, қазақ жазуын реформалауға (ұлттық әліпби, емле) қатысты нақты кезеңдік жоспар жасау, терминология мен ономастика мәселелерін реттеу және аударылмайтын қазақ атауларының (жалқы есімдердің) орыс тілінде, ағылшын т.б. тілдерде жазылуының ортақ қағидасы мен «Транслитерация туралы» нұсқаулық қабылдау сияқты ұлт болашағы, тіл ертеңі үшін қажет маңызды істерге қатысты нақты шаралар да осы Ассамблея жылынан бастау алғаны дұрыс болар еді.
«Бірлігі жарасқан елдің алмайтын асуы жоқ. Ендеше, достық пен ынтымақты ту еткен еліміз алға баса беретіні анық. Ассамблея жылы ел дамуының жаңа кезеңіндегі оң өзгерістер мен игі істерге бастама жылы болып, «Мәңгілік елдің» басты рухани құндылығы қазақ тілі - ұлттық идеяның негізіне айналса ғана ортақ мақсатымызға жетеміз», деп түйіндеді ойын Б.Жексенғалиев.