«100 нақты қадамға» байланысты кеден мен салық саласында жаңа өзгерістер енгізілуде - Н.Абдолов, БҚО

Нұрболат Сағидоллаұлының айтуынша, Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Кеден және Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуде. Ұлт жоспарының 38-қадамында көрсетілгеніндей, заңнамадағы соңғы өзгерістерге сәйкес декларациялау бөлігіндегі рәсімдер жетілдірілді. Былайша айтқанда, енді кедендік органға тауардың шығуы туралы сертификат пен декларация беретін адамның өз уәкілетін, сондай-ақ төлемдер мен салықтардың төленгенін дәлелдейтін құжаттарды көрсетуі міндетті емес. Тек шот-фактура болмаған жағдайда ғана сыртқы экономикалық келісім үшін қажет. Елбасы тапсырмасына орай қызметтердің электронды форматы кеңеюде. Электронды-сандық қолтаңбаны пайдалана отырып, «Салық төлеушінің кабинеті» арқы кедендік декларацияны көрсету бағдарламасы тестілеу сатысынан өтуде. Кедендік тарифтер бойынша электронды сервис жүзеге асырылғды, онда сыртқы экономикалық байланыстың әрбір қатысушысы тарифтер бойынша ақпаратты өз бетімен және тегін ала алады. Бұрын бұл қызмет брокерлер арқылы ақылы негізде көрсетілді. Салық және кедендік рәсімдер оңтайлануда. Ұлт жоспарының 38-қадамына сәйкес, сыртқы сауда операцияларын жүзеге асырудағы құжаттардың саны қысқаруда. Алдағы уақытта экспорттық келісім жасау үшін 10 құжаттың орнына 3, импорттауда 4 құжат қажет болады. Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы негізінде халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары салықтық қызметтің 14 түрін көрсетуде. Оған қоса аталмыш орталық өз бөлімдері арқылы 10 салық қызметін көрсете бастады.
Бизнес жүргізуді жеңілдету бағытында да жұмыстар жасалуда. Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, егер кәсіпкер заңнаманы бұзбаса, бақылау органдары оған келмеуі керек. Биылғы 1 қаңтардан жоспарлы тексерістер жойылды. Енді бұл заңнаманы бұзу ықтималдылығы жоғары тұлғаларға ғана жүргізіледі. Сонымен қатар 2014 жылдың 1 шілдесінен уақытты үнемдеп, бизнес шығынын қысқартатын электрондық шот-фактуралардың жүйесі енгізілгені мәлім. Салық кешірімі жүргізілуде. Бұл төлеушілердің жеке шотына 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін түсіп, сол жылдың 1 қазанына дейін төленбеген өсімдер мен айыппұлдарды алып тастау дегенді білдіреді. Бұл шара босаған қаражатты бизнестің дамуы мен кеңеюіне жұмсауға мүмкіндік береді, сонымен қатар ішкі инвестициялардың әлеуетін арттырады. Биылғы 1 шілдеге дейін облыс бойынша 4,3 млрд теңге сомасында өсімдер алынып тасталған.
Елімізде мүлік пен қаржыны заңдастыру рәсімдері жүргізіліп жатқаны белгілі. 41-қадамға сәйкес заңдастыру рәсімі жеңілдейді, осы мақсатта тиісті заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізілуде. Оған қоса мүлікті заңдастыру науқаны 2016 жылдың аяғына дейін ұзартылды. Сонымен қатар 42-қадамға сәйкес 2017 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік қызметкерлер, ал 2020 жылдан барлық азаматтар кірістері мен шығыстары жөнінде декларацияларын тапсыратын болады. 44-қадамда жанама салық салу тетіктерін жетілдіру, қосылған құн салығының орнына сатудан салық алуды енгізу қарастырылған болатын. Бұл шара да отандық кәсіпкерлердің қызметін елеулі түрде жеңілдетеді.
«Қорыта айтқанда, елімізде бизнестің адал да ашық жұмыс жасауы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Мемлекеттік кіріс органдарының негізгі мақсат-миссиясы - тек салық және кедендік төлемдерді өндіріп алу ғана емес, бизнестің табысты жұмыс жасауына жағдай туғызып, мемлекеттік қызмет көрсету түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта алдағы уақытта да тиісті жұмыстар атқарылатын болады», - деді Н.Абдолов.