100 рет пе? 100 адамнан ба? — Мобильдік аударымның тәртібі түсіндірілді
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы мобильдік аударымдарға қойылатын шектеу мәселесін түсіндірді.
— Мобильдік аударым – бұл жеке тұлғаның өзінің қажеттілігіне арналған, кәсіпкерлік қызметке арналмаған, салық салуға жатпайтын аударым түрі.
Кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару мақсатында мобильдік аударымдарды көп пайдаланып кетті. Осы тұлғаларды анықтап, өз кірістеріне салық төлеуді міндеттеу үшін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлғаларды тіркету мақсатында мобильдік аударымдарды бақылау жүзеге асырылып жатыр. Бұның негізгі өлшемшарты — ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғалардан 3 ай қатарынан мобильдік аударым алу. Осындай жағдай анықталғанда ғана Мемлекеттік кірістер комитеті камералдық бақылауға алады. Бұл жерде атап өтетін жайт, аударым 100 рет емес, 100 тұлғадан, яғни 100 түрлі адамнан күнтізбелік 3 ай қатарынан түскен жағдайда ғана ереже бұзылған болып саналады, - деді ол.
Сондай-ақ бас сарапшы Қаржы министрлігі қолданыстағы ережені толықтыру үшін Ұлттық банкке жаңа ұсыныс бергенін атап өтті.
— Осы 100 аударым өлшемшартын сақтай отырып, осы аударымдар кезінде түскен қаржының жалпы сомасы 255 мың теңгеден асса ғана ережені бұзды деп қарайтын ұсыныс енгізілді. Бұның негізгі мақсаты — өте төмен сомаларды (мәселен 100 теңгеден жасалған аударымдар) бақылаудан алу. Себебі бізде Кәсіпкерлік туралы Кодекске сай, ең төменгі айлықтың (85 мың теңге) 12 еселенген мөлшерінен асатын табыс тапқан жеке тұлғаны ғана салық органы дара кәсіпкер ретінде танып, есепке қоя алады. Яғни әр айда 85 мыңнан, 3 айда 255 мыңнан төмен табыс тапқан адам дара кәсіп иесі болып саналмайды, - дейді Ерсайын Көптілеуұлы.
Маман қазіргі таңда бұл норма күшінде емес екенін, әлі Ұлттық банкпен келісу сатысында екенін қайыра еске салды.
Айта кетейік, кеше жеке кәсіп иесі мобильдік аударымға қатысты қандай ережені ескеру керегін жазған едік.