«100 Sarbaz» – Jibek Joly арнасында жаңа жоба
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Jibek Joly телеарнасы көрермендеріне «100 Sarbaz» атты жаңа әскери- патриоттық реалити жоба ұсынбақ.


«100 Sarbaz» - қазақ телевизиясындағы әскер саласына арналған алғашқы ауқымды бірегей жоба. Бағдарлама жүргізушісі - белгілі кино және театр актері Берік Айтжанов.
«100 Sarbaz» әскери-патриоттық реалити жобаның атқарушы продюсері әрі қоюшы-режиссері Айгүл Ақсамбиеваның сөзінше, түсірілім бүгін басталды.


«Түсірілім басталды. Жобаның мақсаты – жауынгерлердің адами портретін көрсету. Әскери қызметкерлердің ең жақсы қасиеттерін – батылдығын, жігері мен ержүректілігін паш ету.100 Sarbaz - намыс жобасы. Оған әуе қорғанысы күштері, құрлық әскерлері, Ұлттық ұлан сияқты он команда қатысады. Медия нарығы үшін ерекше жоба. Ауқымды реалити жобаларға телеарналар көп бара бермейді»,- деді ол.

Жоба барысында қатысушылар өздерінің тек білек күшін ғана емес, ең қиын сынақтарға төтеп бере алатын, мақсатқа жеткізетін рухани күшін көрсете білуі керек.
«Бұл жерге өзімізді сынап көру үшін келдік. Арамызда әлем чемпионы атанған, 500 шақырым жүгірген жігіттер бар. Бізді алдымызда қандай сынақ күтіп тұрғанын білмейміз. Әскери қызметші болғандықтан, бәріне дайынбыз. Кез-келген қиындыққа төтеп береміз»,- дейді Армия орталық спорт клубы командасының капитаны Жомарт Аюпов.

Қарқынды күрес, көшбасшы болуға ұмтылыс, тән мен рухтың мүмкіндіктері – мұның бәрі әрбір көрерменге жарқын да, ұмытылмас эмоция сыйлары хақ.
Айгүл Ақсамбиеваның айтуынша, «100 Sarbaz» әскери- патриоттық реалити жоба эфирге желтоқсан айында шығады. Эфир уақытының ұзақтығы 60 минут.

